Қызылжарлық құрылысшылар тығырыққа тіреліп отыр. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс бойынша, соның ішінде бюджеттік үйлерді салу мүлдем тиімсіз. Құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кеткенімен, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған пәтерлердің шаршы метрінің құны өзгеріссіз қалды. Бұған қоса дайын үйлерге инженерлік желілер уақытылы тартылмайды. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үй салу және оған инженерлік коммуникациялар тарту жұмысы – екеуі екі түрлі жоба аясында жүргізіледі. Құрылысшылардың айтуынша, бұл екеуі бір жоба аясында іске асатын жұмыс болуы тиіс. Жаңа нысандарға инженерлік коммуникациялар өткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты негізінен басқа қалалардың компаниялары жеңіп алады. Осы тұста қиындық туындап отыр.
«Іс жүзінде жергілікті компаниялар тұрғызған үйлердің инженерлік желілері жоқ, маңайы абаттандырылмаған. Өйткені бұл жұмыспен басқа біреулер айналысады. Сондықтан жұмысымызды аяқтасақ та, өз нысандарымызды күзетуге мәжбүрміз. Ал көктем келгенде қосымша жөндеу жасауға тура келеді. Себебі пәтерлерде жылу болмағандықтан, қабырғалары мен еденінде ақаулар пайда болуы ғажап емес. Осындай жағдай жылдан-жылға қайталана бермес үшін бұл мәселенің шешімін ойластырған абзал», – деген пікірін айтты Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы, «Основание» ЖШС-ы директоры, Солтүстік Қазақстан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Сергей Тимофеев.БЮДЖЕТКЕ ҚОСЫМША САЛМАҚ Бұл жайт жергілікті биліктің де көңілінен шығып отырғаны шамалы. Бұл туралы өңірлік кеңестің отырысына қатысқан қала әкімі Руслан Аңбаев айтты. Петропавл басшысы түсіндіргеніндей, коммуналдық қызмет қосылмағандықтан, қалалық әкімдік бұл пәтерлерді не сата алмайды, не баспана кезегінде тұрғандарды орналастыра алмайды. Соған байланысты неше түрлі теріс пікір туындайды. Бұл нысандар республикалық бюджеттен қаржыландырылатынына қарамастан, қосымша шығын салдарынан жергілікті бюджетке түсетін салмақ аз емес.
«Әрине, шаршы метрдің бағасын арзандату мақсатында осындай шара қолданылғаны түсінікті. Дегенмен бәрібір жергілікті бюджет есебінен жұмыс жүргізіп, қосымша шығындарға тап болдық. Қалада жаңа үйлерге коммуникация тарту жағынан біршама қиындық бар. Конкурстарды жеңіп алған компаниялардың атаулары мен мекенжайы белгілі. Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан, олар міндеттемесін уақытылы орындай алмай отыр. Оның үстіне, осы уақыт ішінде бағалар бойынша түзетулер енгізілді. Біз олармен келісімшартты бұзуға бірнеше рет оқталдық», – деп ағынан жарылды қала әкімі Руслан Аңбаев.Қала басшысының айтуынша, Петропавлда бюджеттік үйлерге инженерлік желі тартумен үш компания айналысады. Өкінішке қарай, олардың барлығы өздерін жосықсыз жеткізіп беруші ретінде танытыпты. Қаланың Горький, Порфирьев-Парк, Уәлиханов көшелеріндегі және Береке шағын ауданындағы барлық құрылыс алаңдарында олардың кінәсінен қиындық туындаған.
«Әрине, біз коммуникация тарту жұмысы үй құрылысынан бөлек жүргізілгеніне қарсымыз. Олар бір жоба аясында жасалуы тиіс. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмаймыз деп ойлаймын», – деді Руслан Аңбаев. Оның мәліметінше, осы жобаларды жергілікті бюджет есебінен қосымша қаржыландыру мәселесі шешіліп, бұл мақсатқа 5 млрд теңге бөлінген. Болжам бойынша, ақпанның соңында есеп айырысып, сәуір айынан бастап бұл үйлер Отбасы банк арқылы сатыла бастамақ. Алайда олардың маңайында әлі көркейту жұмыстары аяқталмаған.ҚЫМБАТ МАТЕРИАЛ, ТИІМСІЗ БАҒА Құрылысшылардың қанын қарайтып отырған тағы бір мәселе – қазіргі бағалармен шаршы метрі 160 мың теңге тұратын бюджеттік үйлерді салу мүмкін емес. Мемлекеттік бағдарламаға қатысатын көптеген құрылыс компаниялары былтырғы қымбатшылық салдарынан абдырап қалды. Баға ішінара түзетілген болатын, алайда оған барлық құрылыс нысандары енгізілген жоқ.
«Қалыптасқан жағдай құрылыспен айналысудың мүлдем тиімсіздігіне әкеліп соқтырды. Әсіресе, бір жарым-екі жыл бойы салынатын ірі нысандарды тұрғызудан еш пайда жоқ. Бұл уақыт ішінде бағалар өзгереді, сөйтіп біз пайдадан қағыламыз. Нәтижесінде, бюджеттік үйлер салудың еш мән-маңызы қалмайды. Сондықтан, біріншіден, республикалық деңгейде осындай жобалар бойынша бір шаршы метрдің құны қайта қаралғанын қалаймыз. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар бағаны түзетуге мұқият және сапалы қараса екен дейміз. Әйтпесе, құрылыс компаниялары шығынға шаш етектен батып, жабылып тынуы мүмкін», – деді Сергей Тимофеев.Soltustik rubber recycling ЖШС директоры Талғатбек Ғалеев Петропавлда үйлердің аулалары мен балалардың ойын алаңдарын абаттандырған кезде жарақаттан сақтайтын плиткалар қолданылмайтынына назар аударды.
«Былтырға дейін мұндай плитканы біз ғана өндірдік. Өніміміздің 1-2 пайызын ғана өз қаламыз сатып алды, қалғанының бәрі облыстан тыс өңірлерге, соның ішінде Астанаға сатылды. Жыл сайын Петропавлда 90-95 аула мен спорт алаңы жөнделетінін естиміз. Соның бір де біреуінде біздің қауіпсіз өнім қолданылмайды», – деді Талғатбек Ғалеев.Қала әкімі Руслан Аңбаев жиын барысында тиісті бөлімге жергілікті жерде өндірілген қауіпсіз өрнектасты алдағы уақытта көркейту жұмыстарына қолдану туралы тапсырма берді. Сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері қала басшысынан өздерін облыс орталығының 8 шағын ауданын егжей-тегжейлі жоспарлау жөніндегі жұмыс тобына қосуды сұрады. Қала әкімі мұнымен де келісіп, ақпан айында осы мәселе бойынша барлық мүдделі және жауапты тұлғаларды тарта отырып, бірлескен отырыс өткізуге уәде берді.
Солтүстік Қазақстан облысы