Бүгінде алаяқтық қылмыстар көбейгені жасырын емес. Әйтеуір, «жұмыртқадан жүн қырқып, екі жеп биге шықсам» дейтіндер көп. Құқық саласының қызметкерлері оларды қанша құрықтап жатса да, алаяқтарға алданып, сан соққандар азаймай тұр. Енді міне, Жамбыл облысы Тараз қаласында құжаты болғанымен, қызметі күмәнді жаңа серіктестіктер пайда болған. Олардың қызметі жайлы тұрғындар былай тұрсын, газ саласына жауапты мекемелердің өздері бірінші рет естіген. Тараз қаласында өздерін «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің өкіліміз деп таныстырып, үйдегі газ құрылғысын тексеріп беруді ұсынатындар көп. Олар үй-үйлерді аралап, өз қызметін ұсынып жатады. Алайда мамандары көрсеткен қызметтік куәліктерінде басшысының не қолы, мекеменің не мөрі жоқ. Оған қоса, қолдарында қажетті құрылғысы жоқ мамандар тұрғындарды «егер газ құрылғысын тексерту ақысын төлемесе, айыппұл саламыз» деп қорқытады екен.
– Үйімнің есігін қаққан адамдар алғашқыда газ қондырғымды міндетті түрде тексертуім қажеттігін айтты. Алайда екі жігіттің қолында бір жапырақ қағаздан басқа газды тексеретіндей бірде-бір құрылғысы болмады. Өз қызметтері үшін 1 000 теңге төлеуім қажеттігін, ал егер қарсы болсам, 3 900 теңге көлемінде айыппұл салынатындығын айтты. Сондай-ақ олар «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесімен бірлесе жұмыс істейтіндігін жеткізді. Алайда қолдарында түбіртек шығарып беретін құрылғылары болмағандықтан үйге кіргізбедім. Оған қоса, үйге кіріп алғаннан кейін зейнеткерлерді соққыға жығып, тонап кететіндер туралы естіп біліп отырған соң олардың қызметіне үзілді-кесілді қарсы болдым, – дейді облыс орталығындағы «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны София Лесин.Зейнеткер үйге кіргізуге қарсы болғаннан кейін әлгілер өздерінің «Жасыл Газ Аймақ» мекемесінде жұмыс істейтінін растайтын қызметтік куәлікті көрсетіпті. Алайда куәлікте мекеме басшысының қолы да, мекеме мөрі де болмаған. Сананы саққа жүгіртетін оқиғаны қала тұрғынынан естігеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалына хабарластық. Ондағылар «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігі олармен әріптестік байланыс орнатылмағанын айтты.
«ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі Жамбыл облысы бойынша тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етумен айналысады. Ал «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігімен ешқашан, ешқандай әріптестестік байланысымыз болған емес. Аталған мекеменің қандай қызмет ұсынатынан хабарсызбыз», – дейді филиал өкілдері.Осы орайда «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің директоры Данебек Коштаевқа хабарласып, ол басқаратын мекеменің негізгі жұмысын сұрадық.
– Біздің серіктестік «ҚазТрансГаз Аймақ» пен әкімдіктің тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Мамандарымыз тұрғындарға газ құрылғыларын тексеріп беру туралы ұсыныс жасайды. Бірақ ешқашан қинау болған емес. Егер тұрғындар келісіп жатса, газ құрылғыларын тексеріп беріп, тексерістен өткендігін растайтын құжат береміз. Екі маманымыз алдымен пәтерлерді аралап шығады. Тұрғындар келіскен жағдайда үшінші маманымыз қажетті құрылғылармен газды тексерістен өткізеді. Қазір барлық іс-қағаздар электронды жүргізілетіндіктен түбіртекті де электронды түрде жібереміз. Ал қол қойылмаған, мөрі басылмаған қызметтік куәлігін көрсеткен маман тағылымдамадан өтіп жатқан қызметкер болатын. Кеше оның құжаттарын ресми түрде заңдастырып бердік, – дейді серіктестік директоры.«ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі аталған серіктестікпен ешқандай жұмыс жүргізбейтінін айтқаннан кейін, ендігі кезекте Тараз қаласы әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Алайда ондағылар да «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігі туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтты. Демек, серіктестік «ҚазТрансГаз Аймақ» және әкімдік атын жамылып жүр деген болжам жасауға болатындай. Бұдан соң күдікті серіктестік жұмысына қатысты Жамбыл облыстық Полиция департаментіне де хабарластық. Алайда мұндағы мамандар жеке кәсіпкерге қатысты қандай да болмасын тексеріс жүргізу үшін тұрғындар тарапынан арыз түсуі қажеттігін айтты. Қалай дегенде де, «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің жұмысы күмән тудырады. Серіктестік басшылығы әріптесіміз деп көрсеткен «ҚазТрансГаз Аймақ» пен қала әкімдігі бұл мекеменің жұмысы туралы мүлде хабарсыз екені былай тұрсын, серіктестік тіркелгенде кеңсесі ретінде көрсеткен Қойгелді көшесінің бойындағы ғимарат иесіз, қирап жатқан бос нысан болып шықты. Ал бұл жағдайды серіктестік директоры Данебек Коштаевтан сұрағанымызда, ол бастапқыда мекеме кеңсесі мүлде басқа көшеде орналасқанын айтса, одан кейін тіпті Шымкентте тіркелгенін алға тартты. Осылайша, мекеме басшысы ресми тіркелді делінген серіктестіктің мекенжайын да анық айта алмады. Сенімді дереккөздерге сүйенсек, қазір Тараз қаласында мұндай бірнеше серіктестік жұмыс істейді екен. Олар кез келген үйге бас сұқпай, жалғызбасты немесе зейнеткерлерді аңдитын көрінеді. Көрсеткен құжатқа сене беретін егде тартқан жасқа келген адамдардың газ құрылғыларын тексергендей болып, оңай олжаға кенеліп жатады. Қаржысын төлеп, алайда кейін тексерген маманды таппай қалған тұрғындар да аз емес. Егер серіктестіктің көрсеткен мекенжайында қираған бос нысан тұрса, ол мамандарды қайдан тапсын? Шынында, аталған серіктестіктің жұмысын құзырлы органдар бір тексерістен өткізуі қажет секілді. Егер тәртіп сақшылары ықшамаудандардағы тұрғындармен кездесіп, сауалнама жүргізсе, жұмысы күмәнді серіктестердің қызметіне жүгініп, кейіннен сан соққандардан көптеген арыз түсуі мүмкін. Бұл мәселені құқық қорғау органдары назарға алып, ақ-қарасын ажыратып береді деп сенеміз.
Жамбыл облысы