Біршама уақыттан кейін қыс қаһары қайтып, айнала көктемнің шуақты кезеңіне өтеді. Бұл уақыт ең бірінші су тасқынымен қауіпті екені белгілі. Сондықтан жауапты мамандар бүгіннен су тасқындарының алдын алу жұмыстарына қамдануда. Қазір Жамбыл облысындағы су айдындарының деңгейі тұрақты болғанымен, көктем айларында 42 елді мекенді су басу қаупі туындайды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, таудағы қар қорының көрсеткіші 25-36 пайызға жеткен. Ал өзендердің мұз құбылыстары орташа өлшеммен 15-32 сантиметр. Су басу қаупі бар елді мекендердің дені Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу, Т. Рысқұлов, Меркі, Қордай және Шу аудандарында орналасқан.
Елді мекендерді су тасқынынан қорғау және алдын алу мақсатында «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2017-2020 жылдары бұл бағытқа республикалық қазынадан 1 миллиард 895 миллион 496 мың теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 834 миллион 775 мың теңге қаралған. Ал 2023 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аумағында каналдарды, дренаж каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар биыл облыс аумағында су тасқыны кезеңін апатсыз режимде өткізу үшін Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ сынды ірі су қоймалары жіті бақылауға алынып отыр. Тексеріс анықтағандай Теріс-Ащыбұлақ – 40 пайыз, Тасөткел – 29 пайыз, Киров (Шоң Қақпа) – 40 пайыз, Ынталы – 14 пайыз, Ақкөл – 17 пайыз, Қарақоңыз – 56 пайыз және Бүркітті су қоймасы 26 пайыз суға толуды көрсеткен.
Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын тексеру және нақтылау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп, Ақермен 1, Ақермен 2, Маханды 1, Аспара 1, Байтелі, Войнская, Шапаваловка 1, Жәдік, Ойық, Бөлекқызыл, Шұқырәуіт, Қайыңды су қоймалары мен Қақпатас, Тасөткел платинасына күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттілігі анықталған. Қазір бұл жұмыстар «Жамбыл су қоймалары» мен «Казсушар» РМК мекемелерінің бақылауында тұр. Жөндеу жұмыстары биылға жоспарланған.
Жамбыл облысы