Бүгін Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Министр ең алдымен облыс орталығының, жалпы алғанда өңірдің даму жоспарымен танысты. Кемел жердің келешегін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев айтып, бас жоспарға кіріктірілген жобаларды талдап берді. Артынша, министр мен әкімдік өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – Қонаев қаласынан академиялық қалашықты құруға арналды.
Кездесу барысында Алматы облысы Білім басқармасының башысы Салтанат Беспаева алғашқы болып сөз алып, таяу болашақта атқарылар келелі істер турасында баяндама жасады.
Өңірдің бас ұстазының айтуынша, осыған дейін Алматы облыстық Білім басқармасы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне академиялық қалашықта 1 200 орындық Политехникалық колледж салу туралы ұсыныс беріп, ол министрліктен қолдау тауып, облыс әкімі Марат Елеусізұлының атынан Үкіметке сұраныс хат жолданған. Бұл бастаманы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі де қолдайтынын айтқан еді. Өңірде академиялық қалашақты құрудағы мақсат – облыс аумағында орналасқан кәсіпорындар мен шаруашылықтарға қажетті білікті мамандарды шет мемлекеттен алдырмай, өз жерімізде даярлау.
«Алдағы уақытта өздеріңіз айтқандай, экономикалық қолайлы аймақ құрылып, инфрақұрылым жолға қойылады. Шетелден келетін ұстаздар қауымын тұрғын үймен қамту мәселесінде қарасытармыз»,– деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.Жиын барысында министр Саясат Нұрбек облыс билігіне аймақтағы тапшы мамандар тізімін беруді тапсырып, Алматы облысы әкімдігімен бірлесе отырып, екіжақты Жол картасын дайындауды ұсынды. Бас құжат алдағы бір аптаның ішінде рәсімделуі тиіс екенін қадап айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласынан академиялық қалашық салу жоспарланған. Ол үшін облыс әкімдігімен келісе отырып, 100 гектар жер бөлінген. Біз келешекте шетелдің дамыған университеттерімен келіссөз жүргізу арқылы осы маңда ЖОО ашуды көздеудеміз. Жоспар бойынша, G4 City-де үлкен индустриялық, өнеркәсіптік кластер орналаспақ. Сол үшін арнайы мамандарды дайындауымыз қажет. Жаңадан қалыптасып жатқан өндірістік аймаққа қажетті мамандардың тізімін жасақтап, кадрлық тапшылықты айқындау керек»,– деді министр Саясат Нұрбек.
«Ендігі кезекте бұл білім ордаларын осындай арнайы академиялық қалашықтарға әкелу жоспарланған. Министрлік пен Алматы облысы әкімдігінің ресурстарын біріктіріп, біз Қонаев қаласын үлкен академиялық ұтқырлық хабына айналдыруға жоспар құрып отырмыз», – деді министр Саясат Нұрбек.