Төрт түлігін көбейткені үшін айыппұл төлей ме? Жамбыл облысы Байзақ ауданының шаруалары бас көтерді. Әкімдік алдына жиналған қожалық иелері «төрт түлігіміздің санын көбейтеміз деп басымыз бәлеге қалды» деп отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, орман қорындағы жайылым жерді пайдаланғаны үшін прокуратура қызметкерлері бес миллион теңгеге дейін айыппұл салыпты. Құзырлы органның келтірген дәйегі шаруалар қолындағы малының саны жайылым жер көлеміне сай келмейді. Сондықтан қожалықтарға төрт түлігінің санын азайту керек. Әйтпесе, ірі көлемде айыппұл арқалайды. Осылайша, шерулеген шаруалар аудан әкімдігінің ғимаратын жағалап, өздеріне араша түсуін сұрады.
– Маған 2 миллион теңгеден аса айыппұл салып отыр. Оған негізгі себеп – қолымдағы малым жайылым жерден көп екен. Сол үшін айыппұл төлеуіміз керек. Негізі, бір бас малға 7 гектар жер белгіленген. Алайда мұндағы шаруалардың қолында 500 қойы болса, онда оларға 3,5 мың гектар жер керек. Мұндай жер ешкімде жоқ. Күні кеше ауданға келген Президент те, облыс әкімі де «шаруаларға мал санып көбейт» деп жатыр. Біз қолдан келгенше, төрт түлігіміздің санын арттырудамыз. Енді осы еңбегіміз үшін айыппұл төлеуіміз керек пе? Ең болмаса прокуратура айыппұл салатыны туралы алдын ала ескертпей ме? – дейді ашынған шаруа Арыстанбек Найзабеков.Негізі, Байзақ ауданындағы құмды аймақта 130 шаруа төрт түлігін түлетіп отыр екен. Барлығының басындағы мәселе – осы. Айдың-күннің аманында малының санын көбейткені үшін айыппұл арқалап отыр. Мәселен, Асылбек Қыдырәлиевтің 173 бас ірі қара, 5 жылқы, 952 ұсақ малы бар болса, жер көлемімен есептегенде 964 бас малы артық екен. Дәл сондай Ален Молдадосовтың – 1243, Қалкен Молдабаевтың – 57, Тұрғынбай Тойбайдың – 240, Қайрат Тайсенгіровтың – 3138 және Мұрат Кукеевтің 2465 бас малы прокуратура қаулысында артық деп көрсетілген. Олардың алғашқысына 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынса, арасында 5 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалағандары бар. Шаруалардың жанайқайына жергілікті билік өкілдері басу айтуға тырысқанымен, түйткілдің түйінін тарқату тым қиынға түсті. Прокуратура өкілдері өз дегенінен қайтпай, қора аралап қой санағандарын алға тартса, Байзақ аудандық Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Бауыржан Желеубай құзырлы органның қаулысы негізсіз деп отыр. Оның сөзіне сүйенсек, прокуратура өкілдері ветеринария бөлімінде тіркелген мал санына қарай қожалықтардың қорасында тұрған төрт түлігінің ортақ санын шығара салған екен. Ал шын мәнінде, шаруаларда ондай мал болмауы мүмкін. Сондықтан Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің өкілдері аудандағы төрт түліктің санын түгендеп шығып, содан кейін барып бір шешімге келмек. Алайда егер жайылым жер көлемінен мал саны шын мәнінде көп болса, онда Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі шаруаларға артық жер бөліп бере алмайтынын ашып айтуда. Осы орайда орман қорынан жайылым жердің берілу тәртібі және прокуратура мен шаруалар арасында туындаған кикілжіңнен шығар жолды Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан сұраған едік. – Негізі, орман қорынан мал жайылымына ұсақ малға – 7 гектар, ірі қараға 5 гектар қаралған. Бұрын бұл меже төмен болатын. Яғни, төрт түліктің басына 3-4 гектардан белгіленген еді. Міне, Байзақтағы шаруалар мен құқық органдары арасындағы кикілжің осыдан туындап отыр. Қожалықтардың қолындағы малы жаңа өлшем бойынша бөлінген жерге сыймағандықтан прокуратура өкілдері айыппұл салуда. Бұл мәселені біз өткен жылы көтеріп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетіне хат жолдаған болатынбыз. Алайда ондағылар әлі күнге нақты жауап қайтармады.
Жалпы, Жамбыл облысында жайылым жер шектеулі. Бүкіл облыс бойынша орман қорындағы 1 миллион 700 мың гектар жер ғана жайылым жер ретінде белгіленген. Міне, осы жер шаруалардың бәріне бірдей жетпеуде. Бірақ бұл барлық ауданның басынан өтіп жатқан жағдай емес. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы орман қорының жері елді мекеннен шалғай орналасқандықтан ол маңға көп шаруалар малын жая бермейді. Оған дәлел, биыл орман қорынан белгіленген 500 мың гектар жайылым жер артылып қалды. Сондықтан Байзақ ауданындағыдай түйткіл орман қорының жері жақын орналасқан елді мекендерда ғана туындап отыр. Бұл мәселені де біржақты шешу үшін орман қоры жеріне жақын орналасқан аудандар үшін 2300-ден аса жайылым жердің қосалқы картасын дайындаған болатынбыз. Бірақ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті еліміздің орман қорын 5 пайызға ұлғайту туралы Президенттің тапсырмасын негізге алып, аталған жерді шаруалардың мал жаюына бере алмауда. Сондықтан орман қорындағы жайлым жер мәселесін шешу үшін малдың әр басына белгіленетін жердің бұрынғы мөлшерін қайтару керек, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов.Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірдегі төрт түліктің саны 4,4 миллион басқа жетіп, аймақ республика көлемінде екінші орынға көтерілгенін сүйіншілеп жеткізген болатын. Енді міне, Байзақ ауданындағы жағдай осы қуанышты хабарды су сепкендей басып отыр. Бір қырынан қарағанда, мал санын арттырғаны үшін айыппұл салу ақылға сыймайтын нәрсе. Шаруаларды мұндай ерлігі үшін жазалауды емес, мадақтауды ойлау керек. Сондықтан құзырлы орган өкілдері жергілікті билікпен бірлесе отырып, бұл мәселенің оңтайлы бір шешімін табады деп сенеміз.
Жамбыл облысы