Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер коммуналдық тарифтердің шарықтап кеткеніне наразы. Қыс басталғалы олар жылу қуаты үшін бұрынғыдан екі-үш есе артық төлеп жүр. Әрі мұның себебін түсіне алар емес. Энергетиктер мұны осы жылыту маусымынан бастап мұндай нысандар бойынша тұтынатын жылу энергиясының көлемін есептеу кезінде белгілі бір қатынас коэффициентін қолдана бастады деп түсіндіреді. Көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан кішігірім дүкен, салон не кеңселердің иелері бірнеше айдан бері коммуналдық шығындардың неліктен шарықтап кеткенін түсіне алмай дал. Бұл үйлердің барлығына кезінде жалпы жылу есептегіш құралдары орнатылған болатын. Жылыту маусымы басталғалы тариф өзгермегенімен, түбіртектегі сома әлдеқайда ұлғайып шыға келді. Кәсіпкерлер онсыз да бұған дейін тұрғындарға қарағанда, үш есе артық төлейтін. Енді мынандай жағдайда оларға бизнеспен айналысу мүлдем қиындап кетті. Ең алғаш олар желтоқсан айында коммуналдық қызметтер үшін түбіртек келген кезде, едәуір ұлғайған соманы көріп, қате кеткен шығар деп аса мән бермепті. Бірақ келесі айында осы жағдай қайталана берген. Мәселен, әсемдік салонының иесі Наталья Абраменко бұған дейін жылу үшін 25 000 теңге төлесе, желтоқсаннан бері 50 000 теңгесін шығындауға мәжбүр екенін айтады. Шағын дүкен иесі де бір шаршы метр үшін тұрғындармен салыстырғанда бес есе артық төлейтінін айтады.
«Риск» кәсіпкерлер одағының төрағасы Игорь Бухонин жылу беруші бір Гкал үшін екі есе көп ақша алып отырғанына тоқталды. «Ашығын айтқанда, олар бізді тонап отыр. Жылудың бір Гкал-ын аспандаған бағамен сатады. Бұл жерде ашық коммерциялық қызығушылықтан басқа ештеңе жоқ», – дейді ол.Адвокат Елена Игнатенконың кеңсесі де көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.
«Тұтыну көлемі биылғы желтоқсан айында – 7 Гкал, ал былтыр желтоқсанда – 3 Гкал болған-тын. Мен түсінбейтінім, тұрғын үйдің жылу жүйесі, құбыры, есептегіші, батареялары – бәрі-бәрі бұрынғы, ештеңе өзгерген жоқ. Ендеше менің кеңсем қалайша екі есе көп жылу тұтынуы мүмкін? Бұл мүмкін емес екені анық. Біз нақты тұтынбаған жылу үшін ақша төлейміз. Бірінші қабаттағы пәтердің тұрғыны жылу үшін 3 500 теңге төлесе, дәл сондай пәтерде жұмыс істеп жатқан кәсіпкер 9 500 теңге, яғни 3-4 есе артық шығындауы тиіс», – дейді адвокат.Кәсіпкерлерді облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де қолдап отыр. Қоғам белсендісі Александр Казанцев «СевКазЭнергосбыт» ойлап тапқан «жаңалық» бизнес өкілдерін дүрліктіргенін, өз кезегінде олар өз тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеруге мәжбүр екенін айтады. ЭНЕРГЕТИКТЕР НЕ ДЕЙДІ? Энергетиктер 1,9 коэффициенті қолданылатынын алға тартып, мұның себебін өздерінше түсіндірмек болды.
«Біз №90 тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 280-тармағын басшылыққа аламыз. Мұның барлығы кіріктірілген нысандардың сағаттық жүктемелеріне байланысты. Тұрмыстық тұтынушылар бойынша сағаттық жүктемені жергілікті атқарушы орган бекітсе және ол айына 0,03 Гкал құраса, кіріктірілген нысандар үшін жүктемені тәуелсіз ұйымдар есептейді. Кейін бұл есептеулер техникалық шарттарды ұсынатын жылу желілеріне беріледі. Әрине, мұның бәрі шартқа қосымша болып табылады. Бұл ережелер 2019 жылдың қараша айында күшіне енді, бірақ біз оларды 2022 жылдың желтоқсанынан бастап қана қолдана бастадық», – деп түсіндірді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры Мағауия Сағындықов. Оның түсіндіруінше, қазір тариф қолданылған нормаға байланыстырылуда. Яғни, тұрғындардың шығыны 0,03 ГКалға, ал кәсіпкерлердікі сағаттық жүктемеге байланыстырылған. Бас директор сондай-ақ бұл есептеулермен келіспеген тұтынушыларға сағаттық жүктемесін қайта қарауға кеңес берді.«ЕКІ ЖЕП, БИГЕ ШЫҒУ» Жаңа есептеулерге үзілді-кесілді қарсы кәсіпкерлер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Шағын бизнес өкілдері мен энергиямен жабдықтаушы арасындағы кикілжіңді қарастырған палата сарапшылары бұл ережені және басқа да материалдарды, сонымен қатар көршілес өңірлердің тәжірибесін зерделей келе, «Севказэнергосбыт» ЖШС есептеулерінің дұрыстығына күмән келтірді.
«Қосалқы тұтынушы» ұғымын бизнестің барлық субъектілеріне негізсіз қолдану күмән туғызады. Коэффициентті анықтаудың ғана емес, оны қолданудың да әдісі дұрыс емес екендігі байқалады. Сағаттық жүктемені анықтаған кезде «Севказэнергосбыт» ЖШС облыстық әкімдіктің №56 қаулысына сілтеме жасап отыр. Онда «есептеу аспабы жоқ тұтынушылар үшін тұтыну нормасы 0,03 Гкал құрайды» делінген. Алайда олар мұндай есептеуді құралы бар тұтынушылар үшін қолданып отыр. Бұдан әрі қызмет беруші коэффициентті екі рет есептеп отыр, ал ережелерге сәйкес ол бір рет қолданылуы тиіс», – деп түйіндеді Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.Мұны заңгер, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев те құптады.
«СевКазЭнергосбыт»-тың пікірінше, пәтер иелері кооперативі, мүлік иелерінің бірлестігі сияқты құрылымдар ғана тұтынушы болып саналады. Ал бірінші қабаттағы жеке кәсіпкерлер – «қосалқы тұтынушылар» және олардың жылу жүйесі тұтынушынікіне қосылған. Ендеше көппәтерлі үй тұрғындары неліктен қосалқы тұтынушы емес? Олардың да пәтерлеріндегі өз жылу жүйелері ПИК-тікіне қосылған ғой. Ал егер жылу беруші тұрғындарды да қосалқы тұтынушы деп санаса, оларға неліктен басқа коэффициент қолданылады? Мүмкін былтыр желтоқсан айында жылу үшін бұрынғыдай әлдеқайда көп есеп келгені осыған байланысты шығар. Осының бәрінен шығатын қорытынды біреу-ақ: біздің монополистер өтірікті әбден сапырып, заңнама нормаларын әр нақты жағдайда өздеріне ғана тиімді болатындай етіп бұрмалайды!», – деді заңгер Павел Афанасьев. Оның пікірінше, бірінші қабаттағы пәтерлердің иелері – қосалқы тұтынушы болып табылмайды. Сондықтан оларға тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 280-тармағын қолдану заңсыз. Ол бұл ретте Азаматтық кодексті негізге алған дұрыс деп санайды. Шынында да, үйге қызмет көрсететін құрылымдар үшінші тұлғаға жылу беру туралы шарт жасаспаған. Әр кәсіпкердің, әр тұрғынның жылу берушімен тікелей жасасқан келісімшарты бар, әрі төлемақыны да тікелей төлейді. Құжатта тұтынушы не абонент деп көрсетілген. «Тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар деп көрінеу, жалған бөлу заңсыз әрі негізсіз. Петропавл қаласындағы жылу тұтынушыларын негізгі тұтынушылар мен қосалқы тұтынушыларға бөлу толығымен жасанды және ойдан шығарылған. Бұл парасаттылық, адалдық, адалдық және әділдік қағидаттарына сәйкес келмейді», – деп заңгер тоқетерін айтты.Бұған қоса, Ұлттық экономика министрінің № 58 бұйрығымен бекітілген жылу энергиясымен жабдықтау қызметтерін көрсетуге арналған шарттың 24- тармағында: «Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша өнім берушінің қызметтеріне ақы төлеуді тұтынушы Қазақстан Республикасы табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген тарифтер бойынша жүргізеді» делінген. Тарифтердің мөлшері тұтынушылардың әр тобы үшін нақты анықталған әрі не осы шартта да, не «Табиғи монополиялар туралы» Заңда «қосалқы тұтынушылар (субабоненттер)» үшін коэффициенттер не арнайы тарифтер көзделмеген. Заңгер Павел Афанасьев өз тәжірибесінде «СевКазЭнерго» тарапынан біздің өңірде тұтынушыларды алдаудың жосықсыз схемалары арнайы таңдалып, ойдан шығарылғанына талай кезіккенін айтады. Қоғам белсендісі бұл сөзін нақты мысалдармен дәлелдеді. Мәселен, техникалық шарттар тегін болуы тиіс екеніне қарамастан сатылады. Тұтынушыға пломбалау, есептегіштерді тексеру және т.б. сияқты қосымша қызмет таңылады. Біресе жылу шығындары үшін төлем талап етіледі, біресе жылу есептегішке модем орнату туралы талап ойлап табады.
«Тұтынушыларды алдау мысалдарын жалғастыра беруге болады. Ұры-қарылар ғана осылай әрекет етеді! Шын мәнінде, монополист тұтынушылардың есебінен пайда тауып, заңсыз жолмен баюда. Біз ойын барысында ереже өзгертетін алаяқтарға кезіккен сияқтымыз», – дейді қоғам белсендісі.Кәсіпкерлер облыстық прокуратураға да жүгінген болатын. Қоғам белсенділері мен шағын бизнес өкілдері монополистің тұтынушыларды жаппай алдауының жолын кесуді және тиісті қайта есептеулер жүргізілгенін талап етуде. Қадағалаушы орган Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментімен бірлесіп, «Севказэнергосбыт» АҚ әрекетінің заңдылығын тексеруде. Заңбұзушылық анықталған жағдайда сотқа талап-арыз беріледі. Осыған байланысты әзірге кәсіпкерлердің алдыңғы кезеңдер үшін жылу үшін қарызын қайта есептемеу, әрі жарықты кесу туралы хабарлама бермеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Солтүстік Қазақстан облысы