Стамбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жолдап жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. Қазақстанның Стамбұлдағы Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек көрсету үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ доллар болатын көмек жиналып, жөнелтілді. Атап айтқанда, балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпелер және т.б. жиналды. Гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жинақталды. Бас консул Әлім Байел бүкіл Қазақстан жұмылып бауырлас Түркияға қолдау көрсетіп жатқан сәтте бұл көмекке өз үлесін қосып жатқан Стамбұлдағы қазақтарға алғыс айтты.