Зiлзала: үміт пен өкініш күресі

Зiлзала: үміт пен өкініш күресі

Ежелгі өркениеттер бесігі са­налатын Таяу Шығыс тыншымай тұр. Соңғы жылдардағы саяси жанжал мен әскери қақты­ғыс­тардың орда­сына айнал­ған өлке осы аптада қуатты зілзаладан зардап шекті. 6 ақпан күні болған жер сілкінісі Түркия мен Сирия үшін ауыр болған жайы бар. Әсіресе, Түркия­ның оңтүстік шы­ғыс аймақ­тарындағы апаттың ауқымы зор. Қаза тапқан­дар мен жараланғандар­дың саны әлі нақты емес. Дегенмен зілзаладан тек Түркияның өзінде 20 мыңнан астам адам­ның қаза тапқаны бел­гілі болды. Ал Сирияда апат салдарынан қайтыс болғандар саны 3 мыңнан асты. Мұның өзі соңғы дерек емес. Әрине, «Апат айтып келмейді» де­ген бар. Әсіресе, жанартау, зілзала, да­уыл, қар көшкіні, сел, топан су тәрізді табиғи апаттарды дәл болжау оңай емес әрі ал­дын алу да қиын. Сөз жоқ, түрлі зерт­теулер, бақылаулар арқылы жер бетінде болатын табиғи апаттар қаупін алдын ала болжауға болады. Кейде қар көшкінін жарылыс арқылы қолдан жасап, алдағы уақытта болуы мүмкін апаттың зардабын жою­ға, арнайы бөгеттер әзірлеп, су тасқы­нына қарсы даярлануға болады. Бірақ жер сілкінісінің қашан болатынын болжау мүмкін емес, оның зардабын азайтуға бағытталған әрекет жасау да ұзақ уақыт пен мұқият қадағалауды, мол қаржыны қажет ететін іс. Ал жер бетінде зілзала жиі болып тұратын ай­мақтар бар. Ғалымдар оны баяғыда-ақ анықтап қойған. Дегенмен осы аймақ­тарда қуатты жер сілкінісі қай уақытта болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Түркия мен Таяу Шығыстың бірқатар аймақтары да зілзала қаупі жоғары, ғылыми ұғыммен түсін­дірсек, бірнеше литосфералық тақ­та­лардың түйіскен жеріне сәйкес келеді. Демек, бұл аймақта зілзала болу қаупі қашан да жоғары болатын. Өкініштісі, күшті жер сілкінісі осы аптада тіркелді. Болжамдар ақиқатқа айналған күн Таяу Шығыстың бірқатар айма­ғында қуатты жер сілкінісі болуы мүм­кін екенін ғалымдар жиі айтатын. Дегенмен аймақ­тағы ең қауіпті аймақ Түркия жері са­на­лады. Өйткені ол жер қыртысының «Ана­долы тектоникалық тақтасы» дейтін бөлігінде орналасқан. География ғылы­мында жердің беткі қабаты әдетте түрлі литосфералық тақ­таға бөлінетіні айты­лады. Ал Анадолы тектоникалық тақ­тасына солтүстіктен Еуразия, оңтүстіктен Африка және Арабия тақтасы қысым түсіретіндіктен, жер қыртысының осынау бөлігі батысқа қарай жылына 2-2,5 см жыл­житын көрінеді. Ал мұндай аймақ­тарда жер сілкінісі жиі болады. Ғалымдар мұны біледі және білгендіктен, осы аймақтарда жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан Түркияның 10 провинциясындағы көптеген қала мен елді мекенді қиратқан, эпицентрі Қаһра­манмараш қаласына сәйкес келген зіл­заланы алдын ала болжаған­дарды бұқара әулиедей көрді. Мәселен, голландиялық ғалым Франк Хугербитс 3 ақпан күні Тwitter-де Түркия мен Сирия, Иордания мен Ливан жерінде қуаты 7,5 балл бо­латын жер сілкінісі бо­луы мүмкін екенін жазған. Сол се­бепті медиа мен әлеуметтік желілер аталған ғалымды сейсмологияның «әулиесіне» теңеді. Бірақ оның Тwitter-дегі жазбасында «ерте ме, кеш пе» деген сөз бар. Оған назар аударған ешкім бол­ған жоқ. Іс жүзінде өңірдегі сейсми­калық ахуалды көптеген ғалымы бақы­лап отыр. Дәл Қаһраманмарашта қуат­ты зілзала болуы мүмкін екенін түрік ғалымы Өвгүн Ахмет Ержан бірнеше рет айтқан. Мәселен, 2020 жылы ол Қаһраманмараш өте қауіпті аймаққа айналғанын, ондағы ғимараттар толық тексеріліп, зілзала кезінде қирауы мүмкін нысандар ертерек анықталуы тиіс екенін ескерткен еді. Тіпті, ол өңірде қуаты 7 балдан асатын жер сіл­кінісі жақын уақытта болуы мүмкін екенін атап өткен-ді. Ал про­фессор Алижан Коп 2022 жылдың шіл­десінде Қаһраманмараш провинциясында тіркелген бірнеше жер сілкінісінен кейін, өңірде кез келген сәтте қуаты 7 балдан асатын зілзала болуы мүмкін екенін айт­қан. Яғни, ғалымдар жер қыртысындағы геологиялық құбы­лыстарды ұдайы бақы­лап отыратынын, оған бейжай қарамау керек екенін айтумен келеді. Ғалымдар­дың көбі Анадолы мен Арабия текто­никалық тақталары түйісетін Шығыс Анадолы жарықшағы жуық арада опы­рылып түсуі мүмкін екенін болжаған. 2020 жылы 20 қаңтарда Түркияның Ела­зыг аймағында болған қуаты 6,7 балға жет­кен зілзала біз сөз еткен жарықшаққа қатты әсер еткенін айтумен болды. Ендігі зілзаланың зардабы зор екенін ескертіп жатты. Бірақ бұқара мен билік өкілдері ғалымдардың ескертулерін жүрдім-бардым тыңдайтын кездері болады. Әрі сейсмикалық белсенді ай­мақтардағы құрылыстарды жер сілкі­нісінің әсеріне төтеп беретіндей етіп жөндеу немесе қайта салуға уақыт та, қаржы да жоқ еді. Жердің терең қаба­тында жиналған қуатты энергия ақыры Түркияға соққы болып тиді. Әрі афтер­шоктар әлі жалға­сып жатыр. 6 ақпаннан 10 ақпанның ке­шінде дейін аймақта 1604 рет жер сіл­кінді. Қуаты төмен дегенімізбен осынау афтершоктардың өзі Түркиядағы зілза­ланың аса қуатты болғанын көрсетеді. Тіпті Италияның геофизика және вул­канология ұлттық институтының ди­ректоры Карло До­льони Түркиядағы жер сілкінісінен соң Арабия тақтасы Анадолы тектоникалық тақтасына қарай 3 метр жылжығанын мәлімдеп жіберді. Жылына 2-3 см жылжиды деп есептелетін литосфе­ралық тақталардың бұл қозғалысы өңір­дегі жағдайдың әлі де қауіпті екенін көрсетеді. Дегенмен дәл 3 метрге жыл­жыды ма, жоқ па, ол жағы әзір белгісіз. Оны ғалымдар ұзақ зерт­теулерден соң анықтайды. Ал осы аймақта біздің дәуірі­міздің 115 жылы 260 мың адамның өліміне себеп болған 7,5 балдық, 525 жылы 250 мың адам қайтыс болған 8 балдық зілзала тір­келіпті. Мамандар аймақтың сейсмика­лық қаупін бағалау кезінде осы мәліметтерді де ескеретіні сөзсіз. Оның үстіне, Қаһраманмараштағы зілзала Түркияда 1999 жылы болған апаттан да ауыр болды. Сол жылы Қожаелі деген жердегі апаттан 17 мыңнан астам адам мерт болып еді. Табиғи апат адамзатты біріктіреді Түркия мен Сириядағы апат күллі адамзатты елең еткізді. Адамзат баласы қазақтың «өзіңнен зор шықса...» дейтін тәмсілінің мәнін табиғи апатпен бетпе-бет келгенде ғана түсінетін сыңайлы. Әйтпесе, тыныш күнде бір-біріне қыр көрсетіп, қару кезеніп, атысып-шабысып жататын жұртпыз негізі. Шамасы, таби­ғаттың алдында әлсіздігімізді апаттардан соң ұғатын тәріздіміз. Оған Түркия мен Сириядағы апаттан соң көзіміз тағы жетті. Мәселен, Түркияға Армения мен Грекия тәрізді «дос емес» мемлекеттер де көмек көрсетіп жатыр. Сирияға Еуропа одағынан да, АҚШ-тан да көмек жөнел­тілді. Тіпті, ресми Уашингтон Сирияға салынған санкцияларды 2023 жылдың 8 тамызына дейін тоқтата тұруға шешім қабылдады. Әдетте батыс елдері Башар Асад режимін құлатуға мүдделі екенін байқататын. Бірақ зілзаладан соң Сирия билігінің апатпен күресуіне көмектесіп жатыр. Дегенмен ең ауыр зардапты Түр­кия тартып жатқандықтан ба, Анадолы жұртына көмек қолын созғандардың қарасы қалың. Зілзаладан соң Түркияға көмектесуге ниет танытқан мемлекет­тер­дің саны 95-ке жетсе, 38 мемлекет із­дестіру-құтқару топтарын жіберді. Дүние­жүзілік банк әзірге 780 млн доллар бөлуді қарастырып жатыр. Кейін тағы 1 млрд доллар бөлуі мүмкін. БҰҰ 7 ақпан күні зілзаладан зардап шеккен елдерге 25 млн доллар бөлді. Түрлі мемлекет пен ұйым, жеке адамдар Түркияға да, Сирияға да қаржылай, материалдық қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Иран елі Сирияға да, Түркияға да құтқарушы жіберсе, мұндай қадамға Армения да барды. Қазақстан Түркияға құтқарушылардың 2 тобын аттандырып, Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтетін болды. Катар, Иор­дания тәрізді мұсылман мемлекеттері Сирияға қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Ал Қырғыз Республикасы мен Қазақстан азаматтары киіз үй жіберу үшін қаржы жинады. Адамзаттың табиғаттың алдында әлсіздігін мойындағанының белгісіндей болған оқиғалар құтқару жұмыстарында байқалып жатыр. Мәселен, бітіспес жау­дай көрінетін Иран мен Израиль құт­қарушылары мінген ұшақтардың Га­зиантеп әуежайында қатар тұрғанын көрді адамдар. Армениялық құтқарушы­лар әдетте ата жау санайтын түріктерді үйінді астынан шығарып жүр. Украинаға соғыс ашқаны үшін жаһан жұртының жартысына жексұрын болып көрінген Ресей елінен келген құтқарушылар Түр­кияда да, Сирияда да белсенді қимылдап жатыр. Яғни, адамзаттың бірлігіне ақыл емес, апат себеп болған сыңайлы. Құтқарушылар барын салып жатыр Қуатты зілзаланың өткеніне де 5 күн болды. Түркия мен Сирияға ағылған құт­қарушылар осы 5 күнде барынша көп адамды үйінді астынан шығарып алуға тырысқан. Қазір бір ғана Түркияның өзінде құтқару жұмыстарына 140 мың адам, 12 мыңнан астам арнайы техника, 150-ден астам ұшақ, тікұшақ және дрон­дар, 22 кеме жұмылдырылды. Өкі­нішке қарай, енді үміт оты бірте-бірте өше бастайды. Түркиялық сейсмолог ғалым Өвгүн Ахмет Ержан жер сілкінісінің сал­дарынан қираған ғимараттардың қуы­сында, үйінді астында қалған адамдардың аман құтқарылуының өзіндік мерзімі бар екенін айтады. Мамандардың айтуынша, зілзаладан соң адамдарды тірі құтқарудың бірнеше кезеңі болады. Айталық, зілзаладан кейін үйінді ас­тында қалған 100 адамды құтқару үлесі алғашқы жарты сағатта 17 пайыз болса, бұл көрсеткіш бір сағатта – 44, екі сағат­та – 53, үш сағатта – 58, төрт сағатта – 66, бес сағатта – 74, алты сағатта – 80, жеті са­ғатта – 82, сегіз сағатта – 86, тоғыз сағатта – 88, он сағатта – 89, он бір сағатта 90 пайызға жетеді екен. Бір тәулік ішінде үйінді астында қалған адамдарды құтқару ықтималдығы 100 адамға шаққанда 90 пайыз күйі сақталатын көрінеді. Одан бөлек, құтқарушылар негізге алатын уа­қыт өлшемдері де маңызды. Қазақ­станда немесе ТМД елдерінде қалай бағала­натыны қайдам, Түркияда оның алғашқы 72 сағаты «алтын күн» деп аталады. Содан соң үшінші тәуліктің соңы мен 4 тәулік «күміс күн», 5 және 6-шы тәуліктер «қола күн», 7 және 8 тәулік «қалайы күн» деп аталатын көрінеді. 9-тәуліктен кейінгі күндерде таңғажайып оқиға болып, бірен-саран адам аман қалатыны болмаса, «қара күн» деп атайды екен. Яғни, үйінді астынан адамның тірі шығу мүмкіндігі жоққа тән кезең. Дегенмен Түркияда үйінді астында 120 сағат немесе 5 күн жатқан бірнеше адам құтқарылды. Сондықтан зілзаладан кейінгі 9 тәулікке дейін үміт толық үзілмейді. Үйінді астында қалған адамдардың тірі қалу ықтималдығы алғашқы тәулік­те – 5 пайыз, екінші тәулікте – 2,5 пайыз, төртінші күнде – 1 пайыз, 6 күнде – 0,2 пайыз, тоғызыншы тәулікте 0,01 пайыз ғана болады деседі. Ал үйінді астында, ауа жетпейтін жерде қалып қойған адам 1 сағат қана өмір сүре алады. Денесіндегі жарақаттан қан ағып жатса, 2 сағат қана тірі болуы мүмкін. Басына қатты соққы тисе, әдетте 3 сағат өмір сүреді. Су ішу мүмкіндігі болмаса, үйінді астында қалғандардың 10 пайызы екі тәуліктен соң, 90 пайызы тоғызыншы тәулікте өмірден озады. Мамандар осындай есеп-қисап негізінде құтқару жұмыстарын ұйымдастырады. Оған ауа райының да белгілі мөлшерде әсер етуі мүмкін. Күн суық болса үйінді астында қалғандардың қаза болу ықтималдығы да артады. Сол себепті 9-тәуліктен кейін үйінділерді күреу басталады. Құтқару жұмыстарының сапасы мен адамдардың аман қалу-қалмау ықтимал­дығы Түркия мен Таяу Шығыс елдеріндегі климат, құрылыс жүргізу тәсілдері, ғима­ратты салуға пайдаланатын материалдарға барып тіреледі. Түркиялық мамандар өз елдерінде қолданылатын құрылыс мате­риалдарына байланысты зілзала салда­рынан ғимараттар қираса адамдар қалай жараланатынын да зерттеген. Сол зерт­теулерге қарағанда, зілзала кезінде адам­дардың шамамен 57 пайызының қол-аяғы сынады екен. 17 пайызының бас­сүйе­гіне зақым келсе, 8 пайызының кеуде сүйегі, 5 пайызының иығы, 4 пайызының белі, 3 пайызының арқа сүйегі, 2 пайы­зының жамбасы, 1 пайызының сегізкөзі, 0,6 пайызының мойны, 0,6 пайызының омыртқасы сынады екен. Денесіндегі барлық сүйегі сынатындар үлесі жара­ланғандардың 2 пайызына жуықтайды. Ал қандай жарақат түрі жиі кездеседі де­генге келсек, зілзалада адамдардың 47 пайызы жаншылып, 26 пайызының денесін өткір заттар тіліп немесе кесіп кетеді. Жарақаттанғандардың 15 пайы­зында түрлі сынық кездессе, жарақаттың 12 пайызы шыны кіруге байланысты болады екен. Міне, сондықтан да іздес­тіру-құтқару жұмыстарының алғашқы сәттері маңызды саналады. Өкінішке қарай, тек Түркияның өзінде зілзала болған аймақта 13,5 млн адам өмір сүр­генін, өңірде 4 млн-ға жуық ғимарат бол­ғанын ескерсек, үйінді астында қалып, мерт болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Одан бөлек, құтқа­рылған адамдарға ем-дом жасау, үйсіз-күйсіз адамдарды орналастыру, хаосты пайдаланып қылмыс жасайтындармен күресу дегендей түрлі іс-шара ұйымдас­тыру қажет. Бұл оңай шаруа емес. Құтқару жұмыстарының техникалық һәм мораль­дық тұрғыда қиын болатыны да содан. Әрі уақыт өткен сайын адамдардың тірі қалу ықтималдығы секунд сайын азайып келе жатыр. Өкініштісі де сол.