Бауырлас Түркия еліндегі қайғылы жағдай күллі әлемнің назарында. Зілзаладан құрбан болғандар мен жарақат алғандар саны да уақыт өткен сайын өсіп жатыр. Осындай да қазіргідей технология қарыштап дамыған заманда «Анадолыдағы ағайынның басына түскен жағдайды алдын ала болжауға болмас па еді?» деген де ой келеді. Оған қоса кей өңірі сейсмикалық белдеуде тұрған біздің елде де жер сілкінісі жиі тіркеліп жатады. Демек, «Қамданғанның қапы қалмайтынын» қайта еске түсіретін сәт бұл. Сеймолог ғалымдарының айтуынша, жер сілкінісінің уақыты мен қуатын нақты болжау мүмкін емес.
«Мұндай апатты тек Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде болжау өте қиын. Әсіресе, қысқамерзімді нақты болжам жасау мүмкін емес. Тұтастай алғанда, бұл – бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған мәселе. Қазір әлем ғалымдары «Түркияда жер сілкінісі жақын күндері қайталануы мүмкін бе?» деген сауалды талқылап жатыр», – дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.Маманның айтуынша, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40 пайызы оңтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан. Сондықтан бұл аймақтар сейсмикалық белсенді саналады. Сәйкесінше, қауіп басым. Қазақстандық сейсмологтар еліміздегі сейсмикалық қауіптілік бойынша тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазір бұл бағытта арнайы карталар әзірленіп жатыр. Аталған картада сейсмикалық қауіпті, аймақтардың сейсмикалық әлеуетінің көрсеткіші көрсетіледі. Сейсмология институты берген мәлімет бойынша, соңғы бес жылда Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген екен. Тек өткен жылдың өзінде 6900 түрлі деңгейдегі жерасты дүмпуі болған. Институт мамандары өз тілінде бұл оқиғаларды геологиялық аймақтың сейсмикалық фоны немесе сейсмикалық өмірі деп айтады. Осы 5 жыл ішіндегі жерасты дүмпулерінің 66-сін тұрғындар кәдімгідей сезген. Оның ішіндегі соңғысы Алматыда 2022 жылдың 28 желтоқсанында болды. Эпицентрі Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғыз Републикасы мен Қытаймен шекаралас жерде тіркелді. Магнитудасы шамамен 3-4 балл болды. Жойқын жер сілкінісі болмайды Елдегі сейсмологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыру мақсатында Сейсмология институты қызметкерлері әртүрлі өзектілік бойынша болжамды бағалаулар жасайды. Олар жағдайға қатысты орта және қысқамерзімді болжамдар болып бөлінеді.
«Бірер күн бұрын біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында 7 балдық күшті жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-зерттеулер бойынша, еліміз бойынша апта сайынғы қысқамерзімді қорытынды жасалады. Аталған қорытынды 200-ден астам болжамдық параметрді талдау негізінде құрастырылады. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленді. Тарихқа үңілсек, бұрын бұл аймақта күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мәселен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады», – дейді сейсмолог ғалым Нұрсәрсен Болатайұлы.Қаупі жоғары нысандар бар Шындап келгенде, Алматы қаласының сейсмикалық қауіптілігі жоғары. Бұл мәселе бойынша құрылыс нормаларын қатаңдату әрдайым айтылып келе жатқанымен оны жауаптылар ескере бермейтіндей. Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстарына рұқсат беруде дәл осы фактордың көзден таса қалып жатқаны өкінішті-ақ. Бұл жайлы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты берген соңғы мәлімет үрейімізді үдете түседі. Институт басшысының сөзінше, оңтүстік астанадағы әлеуметтік нысандардың биіктігіне қатысты біршама өзгерістер енгізілген көрінеді.
«Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық қауіпте орналасқан. Соңғы өзгерістерге келетін болсақ, әлемдегі жаңа технологияларды ескере отырып, қаладағы бірқатар нормативтік құжатқа өзгерістер енгіздік. Осыған дейін қаланың әлеуметтік нысандары бойынша 2-3 қабаттан артық ғимарат салуға рұқсат берілмейтін. Қайта талдау, ғылыми жұмыстарынан кейін біз оны 5 қабатқа дейін салуға болады деген шешім шығардық. Бұл тек 9 балдық сейсмикалық аймақтарға қатысты. Ал 10 балдық жер сілкінісі болатын аймақ деп болжанатын жерлерде әлеуметтік нысандарды 3 қабаттан асыруға болмайды», – дейді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры Бегман Құлбаев.Расында, қаладағы 70 жылдай бұрын қаланған ескі үйлер алматылықтардың бас ауруына айналғалы қашан?!. Мамандар кешегі Түркиядағы жағдайдан кейін жергілікті халық «хрушевка» атап кеткен сарғыш үйлерді сүру мәселесі бірінші кезекке шығуы керектігін айтады. Себебі бұл ескі ғимараттар 7-8 балл түгілі 2-3 балдық сілкіністеріне де шыдамайтын көрінеді. Сондай-ақ қаладағы құрылысқа түпкілікті мониторинг жүргізу мәселесі де шешілмеген.
«Қаладағы құрылыс нысандарына түпкілікті мониторинг жүргізіліп жатқан жоқ. Оны меншік иелері, ұйымдар жүргізуі тиіс. Біздің институт соңғы екі жылда 11 мыңға жуық нысанның сейсмикалық жағдайын тексерді. Арнайы дербес нормативтік құжаттар қабылданаған. Солар қатаң сақталуы тиіс. Өкінішке қарай, тексерістен өткен 11 мыңнан астам үйдің 35 пайызы сейсмикалық тұрғыдан жарамсыз деп танылды. Олардың барлығы іргетасын қатайту сияқты қайта жөндеу жұмыстарын талап етеді. Алдағы уақытта осындай тексеріп зерттеу шараларын қолға алып жалғастыру керек деп санаймын. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуы тиіс», – деді Бегман Құлбаев.Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2021 жылы сейсмикалық микроаудандастырудың жаңа картасы бекітілгенін айтты. Онда қала құрылысындағы барлық кемшілік ескерілді.
«Қаладағы біздің басымдылығымыз – қажетті ғимараттарды сейсмикалық күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады. Бұл шешімдер қазір емес, ондаған жыл бұрын қабылданған. Осы жылдың екінші жартысы мен келесі жылы біз қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық бұзылыстар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар ескерілген. Қаланың сейсмикалық зондтауы есепке алынбайтын бірде-бір жер жоқ, – деп мәлімдеді Ерболат Досаев.P.S
Қорыта келгенде, сақтанғанды сақтайтынын ұмытпауымыз керек. Мамандар апаттың ауылы алыс екеніне сендіреді. Сонда да болса қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, алдын алу мен сақтық шараларын күшейткеніміз жөн секілді.
Алматы қаласы