Балалар үйінен шыққан әрбір жасөспірім болашағынан қорқады, өйткені олар интернаттан тыс жерде не күтіп тұрғанын білмейді. Олардың көбі жалғыздық сезімін бастан өткеріп, жиі күйзеліске ұшырайды. Қазақстандық қоғамдық даму институты балалар үйі тәрбиеленушілерінің қоғамға әлеуметтік бейімделуі тақырыбында ұсынған талдамалық баяндамасында осылай делінген. Сондай-ақ, құжатта интернаттағы балалардың психоэмоционалдық даму ерекшеліктері мен әлеуметтік бейімделудегі қиындықтары, қылмыстық құқықбұзушылықтары мен суицид жасау әрекеттері зерттелген. Жалпы, балалар үйі түлектерінің түйткілді проблемалары мен олардың әлеуметтік интеграциясы туралы Қоғамдық даму институты Отбасы институтын зерттеу орталығының сарапшысы Ғалия Байболатовамен сұхбаттасқан едік. – Ғалия Қизатқызы, интернаттағы балалардың әлеуметтік бейімделуінде қандай қиындықтар бар? Зерттеу нендей нәтиже көрсетті? – Жыл сайын елімізде мыңға жуық жасөспірім балалар үйінен шығып, өз бетінше өмір сүре бастайды. Сол сәттен бастап олардың әлеуметтік бейімделуі, қоғамда қабылданған тәртіп ережелері мен нормаларына белсенді икемделу процесі басталады. Жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар өміріндегі түрлі жағдайға байланысты (ата-анасының бас тартуы, бас бостандығынан айырылуы, ата-анасы мен жақын туыстарының азғындық өмір салты) халықтың әлеуметтік осал санатына айналуда. Толық отбасында тәрбие мен жылу көрмеген, интернатта ұжымдық өмір сүру дағдысымен өскен балалардың қоғамға бейімделу процесі қиын жүреді. Бұл жағдай олардың қоғамға өздігінен икемделе алмауына, оқуға және жұмыс істеуге ықыласының төмендеуіне, сондай-ақ коммуникативті байланысының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Көбіне әлеуметтік бейімделу кезінде олар жұмысқа орналасуда, орта және жоғары кәсіптік білім беру мекемелеріне түсу кезінде, өз құқын қорғауда, сондай-ақ тұрғын үй алу мен үй тұрмысын ұйымдастыруда айтарлықтай проблемаларға ұшырасады. Балалар үйіне түскендердің құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-II заңында айқындалған, онда баланың денсаулығын қорғауға, даралыққа және оны сақтауға; өмірге, жеке бостандыққа, қадір-қасиеті мен жеке өміріне қол сұғылмауға; қажетті өмір сүру деңгейіне кепілдік берілген. Өкінішке қарай, зерттеу барысында интернат балаларының әлеуметке бейімделу кезіндегі көптеген мәселесіне куә болдық. – Олардың психологиялық жағдайына байланысты зерттеу не дейді? – Көптеген ғалым жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың психоэмоционалды даму ерекшелігін зерттеп келеді. Мамандар интернатқа түскен баланың психологиялық даму қарқыны баяулайды және ол бірқатар қиындық тудыратынын айтады, яғни интеллектуалды және эмоционалды даму деңгейінің төмендігін, қиял өрісінің жұтаңдығын, тәртібі мен мінез-құлқының нашарлауын байқай аламыз. Мұндай қиындық адамның тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Бала интернатқа қаншалықты ерте жастан түссе, салдары соншалық қиын болмақ. Интернатта баланың жеке қажеттілігі мен қабілетін дамытуға мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда баланың бойында өзгеге тәуелділік дамиды және өзінің «мені» аз көрінеді. Мәселен, балалар үйінде жеткіншектің жеке ерекшелігін ескеруге мүмкіндік бермейтін өмір сүру режимі бар: ұйқыдан тұру, тамақ ішу, ойнау, оқу, ұйықтау және тағы басқа қатаң тәртіпке бағынады. Зерттеу барысында көп бала өзін-өзі тану кезінде қойылатын «Мен не істегім келеді?», «Кім боламын?» деген сұрақтарға жауап беруге қиналды. Интернатта қалыптасқан тәртіптен тәуелсіз болу үшін бала жылауық, ашуланшақ болуы мүмкін. Бұл проблеманы шешу үшін ол режимге қарсы тұру, қашып кету, ауыру, өзін-өзі жарақаттау, бүлік шығару және т.б. әрекетке барады. Өкінішке қарай, біз интернаттан шыққан балалардың психоэмоционалды дамуының себебі туралы көп айта бермейміз, көбіне оның салдарымен күресеміз. – Яғни, көбіне олардың қоғамдағы құқық бұзу фактілерін жіпке тізіп, қылмысын әшкерелеуге шеберміз дейсіз бе? – Қазір Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тәртіп бұзушыны тіркеу кезінде балалар үйінің түлектерін сәйкестендіретін жеке баған жоқ. Осыған байланысты комитет балалар үйі тәрбиеленушілерінің қылмыстық құқықбұзушылықтары туралы деректерді ғана ұсынады, ал әкімшілік құқықбұзушылықтары туралы мәлімет жасамайды. Соңғы 5 жылда балалар үйі тәрбиеленушілерінің суицид жасау және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері болған, 2019, 2020 жылдары мұндай жағдайлар артқан. Балалар үйінің тәрбиеленушілері жасаған ең көп құқықбұзушылық 188-бап – ұрлық, 191-бап – тонау, 190-бап – алаяқтық, 200-бап автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау, заңсыз иелену және тағы басқа. Өкінішке қарай, зерттеу кезінде балалар криминалды ортамен байланысқан достарының бар екенін, олардың көбі түрмеде отырғанын атап өтті. Мұның себебін қарапайым ортада оларға жалған достық, бауырластық және өтірік қолдау көрсететініне байланысты көбіне қылмыстық топтардың құрамына кіретінімен түсіндірді. Интернаттан шыққаннан кейін өзімен-өзі қалған бала өзін түсінетін және барлық жағынан қолдайтын «өз» ортасын тапқысы келеді, басқа жайлы орта жасаудың жолдары мен мүмкіндіктерін көрмейді. Бүгінде өмірде өз орнын тапқан балалар үйінің түлегі өзінің сұхбатында көп қыздар – оның құрдастары, сырт келбеті сұлу қыздар интернаттан шыққаннан кейін жезөкшелікпен айналыса бастайтынын айтты. Респонденттердің біреуі қыздардың құлдыққа сатылу фактілерін атап өтті. Оларды оқыған колледждің директоры сатып жіберген. Қыздардың бірі «қожайындардан» үш рет қашып кетіп, құқық қорғаушыларынан көмек сұраған, сөйтіп зорлық-зомбылықтан құтылған. Қалған қыздардың тағдыры белгісіз. Респонденттер интернатта таныс түлектердің арасындағы суицид жағдайларын да атап өтті. Мұның себебін тағдырластарының сынақтан өтпей, қиындықты жеңе алмауымен түсіндірді. Жетімдіктің ең маңызды салдары – қоғамға сенімнің жоғалуы. Бұл интернатта кадрлардың жиі ауысуынан, бала асырап алғаннан кейін оны кері қайтарылуынан, олардың басқа мекемеге ауысуынан болады. Мәселен, бала ерте жастан мемлекет қамқорлығына алынса, ол кемінде 3 интернат ауыстырады. Айналаға сенімнің болмауы жеке тұлғаның тәуелсіз, бастамашыл болу, еңбек ету сияқты маңызды өзін-өзі дамыту қабілетін тежейді. Есейген шақта алкогольге, есірткіге немесе токсикологиялық заттарға тәуелді болуы мүмкін. Осылайша, балалар ата-анасының қамқорлығынан неғұрлым ерте қалса, баланың жасына, ақыл-ойы мен физикалық дамуына сәйкес келетін қалыпты жағдай аз болады. Олар белгіленген ережелерге сәйкес өмір сүруге мәжбүр болғандықтан, өз қалауын түсіну, сондай-ақ тәуелді көңіл күй мен бейқамдықты тудыратын шешім қабылдау қабілетінен айырылады. Балалардың ерте жастан бастан кешкен осы шектеулерінің барлығы қоғамға бейімделу кезінде оларға кедергі тудырады, бұл өз кезегінде әлеуметтік жауапкершіліксіз жүре алатын жұмыссыз, күрделі жастардың пайда болу қаупін тудырады. Ал негізінен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің өзін-өзі дамытуына толық қабілеті бар. – Балалар үйінің түлектері көбіне-көп жұмыссыз жүреді. Неліктен? – Интернатқа көбіне өз жасына сай білім алмаған, физикалық кеш дамыған және созылмалы ауруы бар балалар түседі. Сәйкесінше, олардың көпшілігі арнаулы орта білім алумен ғана шектеледі. Оған қоса, балалар колледжге көбіне көп тәрбиеленушілер таңдап берген мамандыққа түседі. Түлектердің жұмысқа орналасудағы қиындықтарының бірі ретінде сапалы білім алмауын айтсақ болады. Қалаған мамандыққа түспеген түлектер көп жағдайда орта жолдан оқуын тастап кетеді немесе мамандығымен жұмыс істемейді. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2016-2021 жылдарғы интернат түлектерінің 16-31 пайызы ғана ЖОО-ға түскен. Яғни, олардың аз ғана бөлігі жұмыс берушілерді қызықтыратындай жоғары білім алады. Зерттеу кезінде жұмыс берушілер арасында балалар үйінің түлектері ұрлыққа жақын болуы мүмкін деген ой бар екенін байқадық. Мұндай күмәнді болдырмас үшін балалар өзінің интернат түлегі екенін жиі жасырады. Сондай-ақ тәжірибенің жоғынан да жұмысқа орналасу қиын. Жеке жұмыс берушілер де, жергілікті атқарушы органдар да интернат түлектеріне көбіне жалақысы төмен және ауыр жұмыс түрлерін ұсынады. – Әңгімеңізге рақмет!