Бүгінде кинотеатрда Голливуд киносы азайды. Десе де, осы олқылықтың орнын Орталық Азия елдерінде түсірілген фильмдер басатын сияқты. Себебі қазір кинотеатрларда қырғыз елінің «Разбой» атты киносы көрсетіліп жатыр. Көрерменнің де бұл фильмге деген қызығушылығы ерекше. Кино залынан ине шаншар орын табу қиын. Себебі фильм өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілген. Осылайша, қырғыз кинематографтары аз қаржымен танымал туынды түсіруге болатынын дәлелдеді. Біз киноның режиссері Мақсат Жұмаевпен тілдестік. – «Разбой» фильмі қазір Қазақстанда үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Жалпы, бұл кино өмірден алынған ба? – Иә, фильмнің сюжеті өмірде болған жағдайға негізделіп түсірілді. Барлық қылмыс, жедел қызметкерлердің тағдыры да нақты оқиға. Сондықтан да, көрермендер «Разбойға» ерекше қызығушылық танытып отыр. Оқиға қылмыстық топтың шабуылдары негізінде өрбиді. Қарақшылар қаладағы ломбардтардан ірі көлемдегі қаржы ұрлайды. Қылмыстық істі ашу үшін арнайы жедел топ құрылады. Олар күні-түні ұйықтамай, қылмыскерлердің әр қадамын аңдып отырады. Алайда құқық қорғау қызметкерлерінің арасындағы Жәке есімді азамат қарақшылық топтың жетекшісі болып шығады. Жәке қарақшыларға болысып, тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп жүреді. Осылайша, көп көлемде ақша жымқырып, шетелге кетеміз деген қарақшылардың қылмысы ұлғая түседі. Олар қан төкпейміз десе де, кездейсоқ адам өлтіріп алады. Бұл жағдай қылмыскерлердің арасында келіспеушілік тудырады. Ақыры Жәке қарақшылардың қылмысы ашылып қалмас үшін өзі тәрбиелеген жас полицей Маратты пышақтап өлтіреді. Көрермендерге оқиғаның осы тұсы, шарықтау шегі ерекше әсер қалдырып жатыр. Себебі кейіпкердің ешқайсысын кінәлай алмайсың. Барлығы да бүгін қоғамнан алынған. Әрқайсысының өз қиындығы бар. Фильмде басты рөлдерді Атай Өмірбеков, Әділ Болорбекұлы, Жұлдызбек Қасейнов, Бек Бостонбаев, Ұшқын Абсаламов сомдады. Фильмді көрген халық жақсы пікір білдіріп жатыр. Әсіресе, жастар полиция қызметкері болудың оңай емес екенін түсінді. Мысалы, қазақстандық «Рэкетир» киносын алып қарайық. Эфирге осы кино шыққаннан кейін жастардың көпшілігі басты кейіпкерлерге еліктей бастады. Ал «Разбойда» басты кейіпкер – полиция қызметкелері. Кино арқылы қоғамның құқық қорғау саласына деген құрметі артты. Себебі кино халық санасына тікелей әсер етеді. – Фильм түсіру туралы идея қалай келді? – Осы оқиғаны негізге ала отырып, фильм түсіру идеясы 2013 жылы келді. Бірақ мен бұл идеяны он жылдан кейін ғана жүзеге асыра алдым. Бастапқыда халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыру үшін республикалық ауқымдағы полиция туралы сериал түсіру идеясы болды. Осылайша, 2016 жылы пилоттық серия түсіріп, халықаралық ұйымдарға ұсындым. Бірақ менің бұл идеямды ешкім қолдамады. Соңында нар тәуекел деп өз күшімізбен көркемфильм түсірдік. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Соңғы үлгідегі техникалық құралдарды, эффектілерді пайдаланбасақ та, халыққа ой салатын, құқық қорғау қызметкерлеріне дем беретін фильм жарыққа шықты. – Осы оқиғада қызметіне жаңа кіріскен полиция қызметкері Марат Жұмаев көз жұмды. Назар аударып қарасақ, екеуіңіздің фамилияларыңыз бірдей екен. Марат сіздің туысыңыз ба? – Иә, Марат менің туған ағам. Оның қазасы отбасымызға ауыр соқты. Себебі Марат кішкентайынан полиция болуды армандады. Жоғары оқу орнын енді бітіріп, қызметіне кіріскен кезде қаза тапты. Оның өз мамандығын қатты жақсы көргені соншалық, сүйген қызының айтқанына көнбей, құқық қорғау саласын таңдайды. Мен Мараттың оқиғасы басқа азаматтарға да сабақ болса екен деймін. Кино түсіретінімді ата-анамызға алдын ала айтып, оларды дайындадым. Себебі ескі жараның аузын тырнау естінің ісі емес. Дегенмен киноны көрген әр танысымыз, көршілеріміз шулап хабарласып жатты. – Салтанат Мараттың полиция қызметкері болғанын қаламайды. Керісінше, Америкаға барып, бақытты өмір сүрейік дейді. Жалпы, жастардың жаппай шетелге кетуі қазіргі қоғамда бар үрдіс қой. Сіздер осы мәселені де көрсеткілеріңіз келді ме? – Иә, Мараттың сүйген қызы Салтанат оған: «Не қызметіңді тастап, Америкаға кетеміз, не мен басқа адамға күйеуге шығамын» деп талап қояды. Марат ойлануға уақыт беруін, екеуі бірге болса бар қиындықты жеңетінін айтады. Бірақ Салтанат: «Үйленгеннен кейін қайда тұрамыз? Сен күні-түні жұмыста боласың. Тапқан табысың өмір сүруге жетпейді» деп айтқанынан қайтпайды. Ақыры Марат қайтыс болды. Ал Салтанат Америкаға баратын басқа азаматқа тұрмысқа шығады. Біз бір монетаның екі жағын көрсеткіміз келді. Себебі қазір жастар шетелге баруға құштар. Ол жаққа барса бақытты боламыз деп ойлайды. Бірақ шетелге бармай-ақ өз еліңде бақытты ғұмыр кешуге болады. [caption id="attachment_240442" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] – Фильмде полицейлердің отбасылық өмірі мен қызметіндегі қиындықтар, әлеуметтік проблемалар көрсетілген. Шынымен де, полиция қызметкерлерінің айлығы еңбегіне сай емес пе? – Қызметкерлердің жалақысы қазір жақсы. Орташа есеппен олар 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін алады. Бірақ адамдар әртүрлі. Біз адал қызметкерлерді де, полиция қызметкерлерінің беделін түсіретіндерді де көрсеткіміз келді. Қырғызда «шай қасық бал бөшкесін бұзады» деген мақал бар. Айталық, фильмде командир Шыңғыс абыройын ақшадан биік қойған. Әйелі Шыңғысқа: «Үйде болмайсың. Жұмыстан демалшы» десе де, командир қызметтегі жауапкершілігін басты орынға қояды. Ал оның әріптесі, қарақшылық топтың жетекшісі Жаке фильм соңында Шыңғысқа: «Сен алдыңа келген парадан бас тарттың. Өзіңді жоғары санайсың», – дейді. Ал Жакенің қылмысқа баруына еңбекақысының күнкөріске жетпейтіні тікелей әсер етті. – Бұл кино Қырғыз Республикасында, Өзбекстан да көрсетіліпті. Ал Қазақстанға прокатқа шығару қиынға соқпады ма? – Біз басқа елдерге прокатқа бірінші рет шықтық. Қазақстанда фильмді көрсету қиын болған жоқ. Өйткені бізді «КиноПарк» кинотеатрлар желісінен Алмас аға мен Ерлан аға қолдады. Фильмді жарнамалауға үлкен күш салмадық. Дегенмен фильмге деген қазақстандық көрермендердің ықыласы ерекше. Тik Тok және Instagram әлеуметтік желілерінде фильм үзіндісін, алған әсерін жарыса жариялап, бас кейіпкерлердің өміріне қызығушылық танытып жатыр. Осылайша, біз «Разбой» арқылы, хит туынды түсіру үшін қомақты бюджет пен мемлекеттік қолдаудың қажет емес екенін дәлелдей алдық. – Кино қанша қаржыға түсірілді? Қанша касса жинады? – Біз фильмге 50 мың доллар жұмсадық. Нақты табысы әлі есептелмеді. Себебі фильм кинотеатрларда әлі көрсетіліп жатыр. Сондықтан нақты санды айта алмаймын. – Фильм қырғыз тілінде түсіріліп, орыс тіліне дубляж жасалыпты. Бұл ТМД мемлекеттерінің нарығына шығу үшін барған қадам ба? – Иә, фильм қырғыз тілінде түсірілді. Ал дубляж Мәскеудегі «КупиГолос» студиясында жасалды. Себебі ТМД мемлекеттерінің қазіргі қоғамдағы проблемалары ұқсас. Сондықтан бұл тақырып басқа мемлекеттерде де өзекті. Сол үшін біз кәсіби дубляж жасаттық. Кино арқылы біз одан да жақындай бастаймыз, бір-бірімізге қызығушылық танытып, түсінісеміз. Кино – біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты жақсартудың тағы бір факторы. – Фильм соңында командир Шыңғыс тірі қала ма? Оқиға кейіпкерлерінің кинодан кейінгі өмірі қалай болған? – Шыңғысқа Мараттың қазасы ауыр соғады. Ол Мараттың кегін қайтарып, қылмыскерлерді тұтқындаймын деп сөз береді. Сол уәдесінде тұрып, соңғы шайқаста өліспей беріспейді. Өкінішке қарай, Шыңғыс сол жерде жан тапсырады. Жараланса да сөзінде тұрып, алдында жатқан Жакенің қолына жер бауырлап барып кісен салады. – Алдағы уақытта қандай фильм түсіруді жоспарлап отырсыздар? – Қазір мен жаңа киноның сценарийін жазуды бастап кеттім. Бұл фильмде біз отбасылық зорлық-зомбылық, сыбайлас-жемқорлық, әділеттілік, алкоголизм сияқты көптеген әлеуметтік мәселені көтереміз. Сюжет жан-жақты. Түсірілім 2023 жылдың мамыр айының басына жоспарланып отыр. – Жалпы, қазақстандық фильмдерді көресіз бе? Қандай баға бересіз? – Иә, қазақстандық киноларды көремін. Қазақ киносы жақсы дамып келе жатыр. Сюжеті қарапайым болса да, кинолардың техникалық сапасы жоғары. Бұйырса, қазақ бауырлармен де ортақ кино түсіру ойымыз бар. Мысалы, бұған дейін қазақ-қырғыз «Махаббат дастаны» атты кино түсірген. – Әңгімеңізге рақмет!