Петропавл қаласының әкімдігі заңды белден басып, жетім балаларға арналған пәтерлерді өз қызметкерлеріне беріп келген. Баспанаға мұқтаж 1360 адам еш себебі түсіндірілместен кезектен шығып қалған. Кезекте мүлдем тұрмаған 70 адамға пәтер берілген. Өңірдің тұрғын үй саласында бұдан басқа да бірқатар былық-шылықтың беті ашылды. Ол жайында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті облыстық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Қызметтік пәтерлерді жалға берген Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында 2 889 пәтер болса, соның тек 747-сінің ғана тиісті құжаттары бар. Олар мұқтаж жандарға жалға берілген. Қалған 1 445 пәтердің пайдалануын растайтын ешқандай құжаты не жалға беру келісімшарты жоқ. Мұндай деректерді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин жария етті.
«Мұндай пәтерлерде кім тұрып жатқанын анықтау үшін тұрғындармен мониторинг ұйымдастырдық. Тексерілген 70 пәтердің 54-інде бөгде біреулер тұрып жатқаны анықталды. Олардың баспана жалдауын растайтын құжаттары жоқ. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген 20 пәтерге полицейлермен бірлесіп мониторинг жүргіздік. 14 пәтерде бөгде адамдардың тұрып жатқаны анықталды», – деді Дамир Хабибулин.Оның айтуынша, мұқтаж адамдарға пәтер бөлу үрдісі заң талаптарына сай келмейді. Заң бойынша, мемлекеттік қордағы баспананың 20 пайызы жетім балаларға берілуі тиіс. Ал Петропавлда бұл санаттағыларға пәтерлердің 11 пайызы ғана беріліпті. Келтірілген деректерге қарағанда, тұрғын үйге деген қажеттілік болмаса да, баю мақсатымен пәтер алып алғандар бар. Пәтерді жекешелендірген соң қысқа мерзім ішінде сатып жіберудің 45 дерегі анықталған. Мәселен, бір пысықай пәтерді өз атына аударған соң 19 күннен кейін сатып, нәпақаға кенелген. Әкімдік осындай «саудагерлерден» баспананы өз бағасынан үш есе қымбатқа сатып алған жайттар кезігеді. Мәселен, ипотекалық несиелеу бағдарламасы аясында 5,7 миллион теңгеге берілген пәтерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі он күннен кейін нарық бағасымен, яғни 22,2 млн теңгеге қайтадан сатып алған.
«Кезек ескерілмей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлеріне пәтер берілген. Яғни, қызметін жеке мақсатына пайдалану белгілері бар. Мемлекеттік тұрғын үй қорын бақылаусыз пайдалануды жалғастыруға жол бермеу мақсатында қысқа мерзім ішінде барлық 1 445 нысанды мұқтаждар арасында бөліп, мұндай пәтерлерде тұру жағдайларын бұзған адамдарға шара қабылдау талап етіледі», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі.Ол ең алдымен, баспана қорына түгендеу жүргізу керек деген ұсыныс жасады. Сондай-ақ жалдау ақысын есептеу және тұрғын үй қатынастарына қатысушыларды хабардар ету бойынша процестерді автоматтандыру қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар ескі жер үйлерді бұзып тастап, оның орнына пәтер беруде де бармақ басты көз қысты жайттар жетерлік. Мәселен, бұзылатын үйдің алаңын қасақана ұлғайтудың он дерегі тіркелген. Бұл жайт шамадан тыс өтемақы немесе аумағы үлкенірек пәтер алу ниетінен туындаған. Жалпы, мұндай үйлердің ауданы 189 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, бюджет шығыны 62 млн теңгеге артқан. Қазына қаржысына қол салды Жалпы, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдау көрсеткеніндей, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бюджеттің қаржысын оңды-солды шашқан сыңайлы. Анықталғанындай, 2019-2022 жылдар аралығында бөлім мемлекеттік тапсырыстың тек үштен бірін ғана портал арқылы өткізген. Келісімшарттардың 70 пайызы бір көзден қаржыландыру әдісімен жасалған. Әсіресе, «Коммунхоз» кәсіпорнымен жасалған келісімшарттартқа сай, оларға үш жылда 14 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда бұл ұйым жарияланған жұмыстардың бірін де өзі орындай алмайтыны әу бастан соқырға таяқ ұстатқандай белгілі-тін. Сондықтан бірден қосалқы мердігерге берген. Бұл аз болғандай, Дамир Хабибуллиннің айтуынша, бұл ұйым жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік кәсіпорынға 7,8 млрд теңге заңсыз бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алу бойынша 365 рет қосымша келісім жасасып, жұмыс құнын негізсіз көтерген.
«Кей жағдайларда жұмыстардың құнын арттыруда олардың көлемін ұлғайтуға негіздеме жоқ. Бюджет қаржысын оңтайлы және тиімді жұмсау принципі мүлдем еленбеген. Жеткізуші кейіннен соманы ұлғайта отырып, қосымша келісім жасасатынын алдын ала біле отырып, бағаны экономикалық тиімсіз ең төменгі деңгейге дейін түсіре салған», – деп түсіндірді Дамир Хабибулин.Сыртқы талдау жүргізілген кезеңде бөлім басшысының міндетін атқарушы бас-аяғы сегіз рет жауапқа тартылып, жылдық 4,5 миллион теңге жалақысымен жалпы үш миллион теңгедей айыппұл төлепті. Осыдан төрт жыл бұрын дәл осы бөлімнің лауазымды тұлғалары жер телімдері мен тұрғын үйлерге қатысты заңға қайшы әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Бірақ бұл жайт кейінгілерге сабақ болмағандай.
Солтүстікқазақстандықтар бұл бөлім сыбайластықтан көз ашпайтынын айтып жүр. Жария етілген жайттар бойынша кімге қандай жаза қолданылғанын хабарлауды, заңсыз иеленген мүлікті тәркілеуді талап етушілер бар. «Әйтпесе, мұндай жаңалықтардың барлығы – құр көзбояушылық. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, бұл іске қатысы барлар шуылдайды да басылады. Нәтижесінде, ешкім жазаланбай, осы әрекетін жалғастыра бермек. 8 рет жауапқа тартылса да, орнында жайбарақат отыра берген. Мемлекеттік тұрғын үй қорының барлық баспанасы шынымен мұқтаж адамдарға, 10-15 жылдап кезекте тұрғандарға берілсін. Жетімді жылатқандардың мемлекеттік қызметтен аластатылуы тиіс», – дейді петропавлдық Олег Никифоров.Кері кеткен кезек
12 жылдан бері жетім ретінде кезекте тұрған Арман Қайыржанова кезегі жылжудың орнына кері кетіп жатқанын айтады. «Мұның себебін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезектен шығарылғандар қайта тұрды деп түсіндірді. Қайда шағымданарымды білмеймін. Мен сияқты шынымен мұқтаж жандар далада қаңғып жүргенде, тойымсыз бәзбіреулер тегін алған пәтерін сатып, кезекке қайта тұрады», – дейді ол. Мұндай мысалдар жеткілікті. Кезегін күте-күте, о дүниелік болып кеткендері бар. Тіпті, өлдіге саналып, кезектен шығарылып тасталғандар да жетіп жатыр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Диас Уахит тұрып жатқан жер үйі өртеніп кеткен соң қалалық әкімдікке уақытша болса да баспана сұрап, талай барғанын айтады. Ондағылардан аузын қу шөппен сүрткеннен басқа қайыр болмапты. «Қиын жағдайға тап болғандарға мемлекеттік қордан пәтер берілмейді екен. Қыстың көзі қырауда есік-терезесі үңірейген, пеші атымен жоқ, қабырғасы шұрқ-тесік жер үйлерді ұсынғаны мазақ қылғандары ма? Қазір асыраушымнан айырылғаныма байланысты алатын жәрдемақыма пәтер жалдап тұрып жатырмын. Күнкөріс үшін колледждегі күндізгі оқуымнан сырттай бөлімге ауысып, жұмысқа орналасуыма тура келді», – дейді ол.Қалалық әкімдіктегі бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеуі үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірқатар ұсыныс жасап отыр.
«Қала әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшесі үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратын жеке бөлімше құру сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонда құрылымдық бөлімшелердің басшылары жұмыстарды жоспарлау және қабылдау функцияларын сақтай отырып, қаржының бөлінуіне ықпал ете алмайды», – деді Дамир Хабибулин.Жалпы, қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы саласында 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою туралы 80-нен астам ұсыныс жасалды. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын тұрғын үй инспекциясымен біріктіріп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын жеке құрылымдық бөлімше етіп құру жұмыс тиімділігін арттырар еді деген ұсыныс ақылға қонымды.
Солтүстік Қазақстан облысы