Бұрынғы балалар аға-әпкесінен қалған киімді киіп өсті. Ол заманда ақша да, киім де тапшы еді. Ал қазір «не кием» деп бас ауыртатын уақыт емес. Қалтаңа қарай киінуге болады. Бірақ ескі киімге деген сұраныс ерекше. Туысының емес, танымайтын жат адамның брендтік киімін арзан бағаға сатып алудан ешкім арланбайды. Шетелде бұл үрдісті Second hand сегменті деп атайды. Қазақстанда да Еуропа, Америкадан әкелінген Second hand киімдерін сататын дүңгіршектер көбейіп кетті. Жалпы Second hand қайдан шыққан? Ескі киім адамдар арасында ауру тасымалдай ма? Бастапқыда Ұлыбритания монархиялық әулеті киіп тастаған киімдерін «үшінші сортты» елдерге өткізу мақсатында бір орталыққа жинап, экспорттапты. Содан бастап дамушы мемлекеттер мен үшінші деңгейдегі елдерге Еуропа мен Америка тұрғындарының ескі киімдерін жіберу белең алып, Second hand ауқымды сауда саласына айналған. Айталық, The Boston Consulting Group (BCG) компаниясының 2021 жылы жүргізген зерттеуі бойынша Second hand сегменті сән индустриясының айналымын 24,8 миллиард долларға байытыпты. Көптеген брендтер мен сатушылар соңғы жылдарға дейін нарықтың бұл сегментіне назар аудармады. Қазір ескі киімге деген сұраныстың артуына байланысты жағдай күрт өзгерген. Сарапшылардың айтуынша, Second hand-тің жылдам таралуына интернет сауданың артуы мен тұтынушылардың құндылығының өзгергені әсер еткен. BCG жүргізген сауалнама бұрын пайдаланылған сәнді заттарды инвестициялау қауіпсіз, әрі олардың өз құнын тез жоғалтпайтынын дәлелдеген. Bain & Co консалтингтік компаниясының қызметкері Ирина Куликованың айтуынша, Еуропа мен Американың сән индустриясы Азия елдерінен әлдеқайда алда.
– Second hand-тің көп бөлігі (75 пайызы) бутиктерден және дүкендерден сатып алынады. Бірақ онлайн сатылымдар да қарқынды дамып келеді. Сәнді және қолданылған киімдерді сатуға арналған онлайн-канал жастар арасында танымал. Тұтынушылар түпнұсқадағы санаулы брендтерді өте арзан бағада алады. Қазір клиенттерге сатып алынған тауарлардың түпнұсқалығын тексеруге көмектесу үшін арнайы сервистер де пайда болған. Бұрын нарықтың бұл сегменті елеусіз, тіпті кейбіреулер үшін жиіркенішті болатын, – дейді Ирина Куликова.Экологиялық тұрғыдан тиімді Елімізде де Second hand дүкендер кең таралған. Солардың бірі Астанадағы LikeKomek дүкені. Жоба жетекшісі Әсемгүл Керейбаеваның айтуынша, дүкен 2020 жылы ашылған.
– Басында 3-4 айдай киім жинадық. Кейін әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын аудандардан дүкен аштық. Киімнің бағалары 100 теңгеден басталып, 5000 теңгеге дейін жетеді. Ескі киімдерді тегін қабылдаймыз. Басында киімдерді өзіміз жуып, тазалап, үтіктейтінбіз. Кейін қоймадағы киім саны көбейген соң оларды өзіміз жумайтын болдық. Киім тапсыруға келген адамдарға алдын-ала тазалап тапсыруларын сұраймыз. Бірақ көп адам ескі киімдерін қалай болса солай өткізеді. Қазір қысқы киімдерге 50 пайыздық жеңілдік науқаны жүріп жатыр. Көпшілік біздің дүкеннен тек жағдайы төмен адамдар киім алады деп ойлайды. Бірақ олай емес. Дүкенімізде брендтік киімдер де бар. Мысалы, кезінде 500-800 мың теңгеге алынған қымбат киімдерді біздің дүкеннен 5000 теңгеге алуға болады. Сондықтан сұраныс жоғары. Second hand-тен біздің артықшылығымыз біз киімдерді сатып қана қоймай, тегін де береміз. Басында мұқтаж жандар, көпбалалы аналар 5 мың теңгеге дейін тегін киім алатын. Ал қазір арнайы қайырымдылық қорларымен келісім жасап, айына 3-5 тонна киімді тегін береміз. Олар киімді Астана қаласы бойынша және солтүстіктегі ауылдарға апарып таратады. Біздің дүкеннің кәдімгі киім сататын бутиктерден ешқандай айырмашылығы жоқ, – дейді кәсіпкер Әсемгүл Керейбаева.Оның пікірінше, дүкенде әр киім ілініп, штрих кодпен нөмірленіп тұрады. Кейбір адамдар киілген киімде біреудің энергиясы бар деп ойлайды. Бірақ жуып, тазаласаңыз ол киімде энергия болмайды. Сондықтан Second hand-ты әр адам әртүрлі қабылдайды. Кейбіреулер: «Жай киім қалдыруға келдік», – дейді де, дүкендегі киімдерге қызығып, міндетті түрде бір киім сатып алып кетеді.
– Біздің басты мақсатымыз киімді қоқысқа тастатпау. Өйткені біреуге пайдасыз киім, екінші адамның кәдесіне жарауы мүмкін. Осы істі ең алғаш бастағанда ешқандай табыс таппадық. Ал қазір біздің қарамағымызда 17 адам бар. Оларға біз еңбекақы төлеп, сыйақы да беріп тұрамыз. Қазір Астанада 5 дүкеніміз, екі үлкен қоймамыз бар, – дейді Second hand дүкеннің жетекшісі Әсемгүл Керейбаева.
– Жеңіл өнеркәсіптің экологияға зияны көп. Мысалы, қарапайым киім шығару үшін оған мақта керек. Ал мақтаны өсіру үшін көп су пайдаланады. Сондықтан адамдар қажет емес киімді сатып алмауы керек. Бірақ біздің қоғамда бір киімді бірнеше рет қана киетіндер бар. Экологтар жаһандық жылынуға көмектесудің бірнеше жолын айтады. Соның ішінде киімді аз сатып алу мен Second hand яғни екінші қолдан киім алу бар. Бұл бір жағынан арзан, екіншіден климатқа әсер етесіз, үшіншіден масс маркеттегідей қайталанатын киімдер емес. Брендтік киімдердің стилі ерекше болады, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.Киім ауру тасымалдайды Сауданың мұндай түрінен түсетін пайда да әжептәуір. Бірақ Second hand сатушысына ақшалай пайда түсіргенімен тұтынушыға тигізер зияны көп екенін медицина мамандары айтып та, жазып та жүр. Айталық, Ұлыбританиядағы Биллингсхерст тұрғыны ескі туфли киемін деп, сепсис ауруын жұқтырған. 23 жастағы модель Джемма Дауни жергілікті Second hand дүкенінің бірінен туфли алған. Оны бірнеше рет киіпті. Бірақ бір күні бойжеткен аяғына шыққан жараны байқаған. Ол аяғын ауыртып, шыдатпай қойған. Ақыры ауруханаға барып тексерілген. Алайда, қыздың аяғы ауруын тоқтатпаған соң, басқа емханаға баруды жөн көріпті. Ол жердегі дәрігер қыздың қан қысымы төмендеп, дене температурасы жоғарылап кеткенін айтқан. Сөйтіп тексеруден кейін оның сепсис ауруын жұқтырғаны белгілі болған. Джемма дәрігерлерге қайта дер кезінде келген. Егер жүре берсе, ауруы асқынып, аяғын кесуге тура келеді екен. Екі күн ауруханада жатып емделгеннен кейін бойжеткенді үйіне жіберген. Қазіргі уақытта Джемма тек ыңғайлы жайтабан аяқ киімдер киетін болған. Ал биік өкшелі туфли тек арман болып қалыпты.
– Second hand қазаққа керек емес, жат үрдіс. Шетелде киілген киімді арзанға сатып, ақша табу бұрыннан бар. Осыны кейбір кәсіпкерлер Қазақстанға әкеліп алды. Оны жағдайы жоқ, ақшалары аз азаматтар амалсыздан алып киеді. Бірақ дәрігер ретінде киілген киімді сатып алуға қарсымын. Себебі бөтен адамның денесіндегі жаралар, қолтығындағы иісі келесі адамға киім арқылы жұғады. Ал аяқ киімдер арқылы иіс, бас киімдер арқылы қайызғақ жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мұндай киімдерді алуға мүлдем болмайды, – дейді Жұпар Нақанова.Дәрігерлер Second hand киімдері денсаулыққа зиянды формальдегидпен өңделетінін айтады. Ал бұл химиялық зат ағзаға түскенде тыныс алу мүшесіне, жүйке жүйесіне, жалпы іш құрылысына оңдырмастан зиян тигізеді. Бүгінде сыртына бадырайтып Second hand деп жазып қоймаса киім дүкендеріндегі тауардың қайсысы ескі, қайсысы жаңа киім екенін ажырата алмастай күнге жеттік. Өйткені еуропалық ескі киімдердің химиялық жолмен жақсылап өңделетіні сонша, фабрикадан жаңа шыққан су жаңа киім тәрізді көрінеді кейде. Зерттеушілер кез-келген адамның Second hand дүкеніне кіріп, тыныс алғанның өзінде астма ауруына ұшырауы қауіп жоғары екенін айтуда. Ал бәрінен сұмдығы сол, шет елден әкелінген, біреудің киіп тастаған киімін үстіне ілген адам қатерлі ісіктің бірнеше түріне ұшырайды. Өйткені Second hand өңдеуде пайдаланылатын формальдегид – қатерлі ісікті тудыратын қауіпті канцерогендік зат болып табылады. Жалпы киімнің қандай түрі болса да, мейлі ол жүннен тоқылған жемпір, мейлі жұқа блузка немесе көйлек болсын, алғаш киген адамның бактерияларын «сіңіріп», келесі пайдаланған кісіге тасымалдайтыны айтпаса да түсінікті.
– Басқа адамның киімін арнайы қабылдау орындары арқылы қабылдап, тазартып, залалсыздандыру міндетті болып табылады. Өйткені пайдаланылған киімдер жылылық пен бірге иесінің ауру қоздырғыштарын да белгілі бір уақытқа дейін бере алады. Сондықтан арнайы залалсыздандырудан өткізу міндетті. Сондай-ақ мұндай екінші сатылымдағы киімдерді жиі пайдаланбау керек, – дейді эпидемиолог Жұмабек Бекенов.Ендеше Second hand дүкендерден киім алу әр адамның өз еркінде. Ал сән индустриясында Second hand сегментінің тоқтап қалмасы анық. Өйткені бренд дүкендерден киінуге көптің жағдайы келе бермейді.