– Сейітжан Мелдебекұлы, Кеңес Одағының, кейіннен тәуелсіз Қазақстанның арнаулы органында түрлі лауазымдарда қызмет еттіңіз. Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылу сәтінің куәсі болдыңыз. Сіз куә болған Қазақстанның төл құпия қызметінің тарихы қалай басталды? – Кеңес Одағы тұсында біздің орган Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті деп аталды. 1981 жылдан лейтенант шенінде қызметімді осы органнан бастадым. Ал тәуелсіздік алған соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Кеңес Одағы тараған соң салада еңбек еткен білікті кадрлар да атамекеніне қоныс аударды. Ол кезде мен комитеттің Қарсы барлау басқармасын басқарып тұрдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де оңай соқпады. Кәдімгі ақ парақтың өзі тапшы. Материалдық-техникалық база да мәз емес. Автокөліктің өзі жетіспейді. Барының маркасы ескі. Біздің барлаушылар әрекеті күдікті адамның ізіне түседі. Барлаушылар әлгіні қарапайым автокөлікпен аңдыса, нысан шетелдік маркадағы көлікке жайғасқан. Жылдам жүріп, бізді адастырып кететін жағдайлар болды. Осылайша, бұрын Мәскеуге иек артып келген органға ендігі кезекте өз қотырын өзі қасуға тура келді. Кадр мәселесін шешу үшін Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын аштық. Тәуелсіздігімізді алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық байланыс жолға қойылды. КСРО сияқты емес тәуелсіз Қазақстан халықаралық қатынаста ашықтық саясатын ұстанды. Сондықтан Кеңес Одағы жау көрген Еуропа елдері мен АҚШ енді бізге серіктес елдерге айналды. Олардың құпия қызметтерімен халықаралық терроризм, есірткі тасымалы, діни экстремизге қарсы күресте бірлесіп жұмыс істеуге тура келді. Еуразия құрлығының қақ ортасында жайғасқан соң Азиядан Еуропаға тасымалданатын тыйым салынған тауарлар біздің ел аумағынан өтеді. Оның үстіне, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни экстремизм пайда болды. Көрші Өзбекстанда Ислам қозғалысы қарқын алды. 1990 жылдардың аяғында бұл қозғалыстар әрекетке көшіп, Ташкент қаласында теракт жасады. Ұйым мүшелері кейіннен Қазақстанға, Қырғыз Республикасына өтті. Десе де, комитет олардың арам ойын жүзеге асыруға кедергі болды. Өкінішке қарай, мұндай діни ағымдар бірінші кезекте жастардың санасын улауға тырысып жатады. Олардың арасында түрлі лауазымда жүрген мемлекеттік қызметкерлердің де болғаны анықталып жатты. Өз тарапымыздан Үкіметке, заң шығарушы органдарға ел аумағында теріс діни ағым өкілдеріне тыйым салу туралы ұсыныс жасадық. Қысқасы, тәуелсіздік алған сәттен жаңадан құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысатын мәселе көп болды. Аз уақыттың ішінде мемлекеттің сыртқы мәселелерімен айналысатын Сыртқы барлау қызметі, ал ішкі саясат сын-қатерлердің алдын алу үшін Қарсы барлау қызметі іске кірісті. Ұлттық қауіпсіздік – қай мемлекетке болмасын ең өзекті мәселе. Қауіпсіздік органдарының жүктелген міндетті мүлтіксіз жүзеге асыруы елдегі басқа салалардың өз деңгейінде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. – Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған 30 жыл ішінде шын мәнінде елдің тұтастығы мен тыныштығын қас қақпай күзететін органға айнала алды ма? – Айналды деп сеніммен айта аламын. Осы 30 жылда елдің қоғамдық саяси өмірінде түрлі өзгеріс болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзінде көп мәселе шешілді. Мамандарды даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылды. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын шешуге баса назар аударылды. Құрмет демалысына шыққан қызметкерлерге лайықты зейнетақы төлеу, қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болғандардың отбасына, туған-туыстарына мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсету тетігі реттелді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ендігі кезекте халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін күндіз-түні қызмет ету керек. Рас, біздің қызметкерлерге өз міндеттерін мүлтіксіз орындауы үшін тәулікпен санаспай еңбек етеді. Әрине, олардың да отбасы, бала-шағасы, туған-туысы бар. Соған қарамастан, комитетке қызмет ету кезінде демалысты, мерекені ұмытуға тура келді. Өйткені қандай да болмасын жолмен жұмысқы ойын жүзеге асырғысы келетіндердің қай кезде іске көшетіні бәймәлім. – Комитет құрылғаннан кейінгі жылдары әуелі Шығыс Қазақстан облысында кейіннен Маңғыстау облысында құпия қызметтің жергілікті департаменттерін, басқармаларын басқардыңыз. Шекараға таяу орналасқан екі өңірдің де стратегиялық мәні зор. Мұндағы қызметте неге айрықша мән бердіңіз? Сіз басқарған жылдары комитеттің жергіліктің басқармасы, департаменті өз міндетін қаншалықты өз деңгейінде атқарды? – Рас, комитет құрылғаннан кейінгі бірер жылдан соң Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаментінің бастығы болып тағайындалдым. Сол тұста еліміздің шығыс аймағын Ресейдің Алтайына қосуды көксеген «Пугачев» аталатын қылмыстық топ бас көтерді. Әрине, бізге олардың ойға алған жоспарын жүзеге асыруға жол бермеу міндеті жүктелді. Кейіннен қылмыстық топ мүшелері сотталды. Олар Президентке рақымшылық жасау туралы өтінішпен шықты. Біз де өз тарапымыздан қылмыстық топ мүшелеріне кешірім берілмеуі керектігін айттық. Қайткен күнде де территориялық тұтастығымызға қол сұққысы келгендердің әрекетіне кешіріммен қарауға болмайды. Басқа өңірлердегідей емес Шығыс Қазақстан облысындағы Қытаймен мемлекеттік шекара Кеңес Одағы кезінде болған. Тәуелсіздігін жаңадан алған мемлекет ретінде алпауыт көршілеріміз бізді өз мүддесі үшін пайдалануға тырысып бақты. Сондықтан бізге Қытайдың барлаушыларын әшкерелеу жұмыстарын жүргізуге тура келді. Бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижелі аяқталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері үшін осы мәселе әлі күнге өзекті. Ал Маңғыстаудағы жағдай басқаша. Мұнда теңіз жағалауына қатысты түрлі мәселелер болды. Ол кезде Каспийдің мәртебесін анықтау мәселесі шешілмеген-ді. Оның үстіне, сол жылдары өңірге қандастар көптеп көшіп келіп жатты. Олардың арасында қандас атын жамылған шетел тыңшылары да болды. Тыңшыларды анықтау жұмыстарын ұйымдастырып, Иран тыңшыларын ұстадық. Қазақстанмен Каспий арқылы шектесетін Иран Ислам Республикасы әлі күнге атом қаруына қол жеткізе алмай жүр. Ал Маңғыстауда атомдық энергия комбинаты бар. Атом қаруын иемдену үшін ирандықтар қандастарымызды да пайдаланғысы келді. Әрине, өңірлерде осы секілді көптеген операцияларды жүзеге асырып жаттық. Бірақ оларға қатысты көптеген мәліметті ашық айтуға болмайды. – Кейінгі жылдары «Арыстан» арнайы қызметіне жетекшілік жасағаныңызды білеміз. Элиталы жасақ ретінде «арыстандықтардың» мойнына артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Демек, мұндай қызметті басқару да оңай емес шығар... – Бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жанында арнайы операцияларды жүргізуге маманданған «Альфа» қызметі болатын. Тәуелсіз еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті іске кіріскен соң бізге де осындай қызметті құру қажеттілігі туындады. Комитеттің сол кездегі төрағасы генерал Жеңісбек Жұманбековпен ақылдаса келе «Арыстан» қызметін құрдық. Төрағамен жаңадан құрылған құраманы атау мәселесін талқылау барысында түрлі ұсыныстар болды. Соның ішінде «Арыстан» деген атау көңілге қонды. Құрылған сәттен бұл құрама өзіне жүктелген барлық міндетті мүлтіксіз орындап келеді. Әрине, істің соңғы нүктесін арнайы операциямен қою да жақсы нәрсе емес. Бірақ елдің қауіпсіздігі үшін «Арыстанның» көмегіне жүгінуге тура келеді. «Арыстандықтар» Атырауда, Алматыда, Таразда операция жүргізіп, лаңкестерге тосқауыл болды. Өкінішке қарай, арнайы операциялар кезінде «Арыстан» сапындағы офицерлерден айырылып қалып жатамыз. Бірақ оларға әрдайым құрмет көрсетіледі. Ел тыныштығын бұзғысы келетіндермен күресте мерт болған әріптестеріміздің есімі мәңгі жадымызда. Олардың отбасымен, артында қалған ұл-қыздарымен кездесіп, құрмет көрсетіп тұрамыз. Ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің батыл әрекетін кейінгі жастарға үлгі етеміз. Әрине, бізге де операциялардың сәтті өткені керек. Бірақ қарсы тарап та мүмкіндігінше мұздай қаруланып, іске кіріседі. Сондықтан ұрыс кезінде қызметкерлердің оққа ұшуы, жарақат алуы мүмкін. Дегенмен «Арыстанның» қатарына сайдың тасындай іріктелген, жүрегінің түгі бар жігіттер алынады. Әрі олар осы жасаққа қызметке тұрған сәтінен өзінің қандай тәуекелге бел буғанын өте жақсы біледі. – Біздің арнайы жасақ қызметкерлерінің «Набат» операциясын мінсіз жүзеге асырғаны күні бүгінге дейін аңыз болып айтылады. Сіз басқарған жылдары «Арыстан» қызметі осындай айтулы операцияларға тартылды ма? Тартылса, олардың нәтижесі қалай болды? – Рас, «Набат» операциясы – біздің қызметтің тарихындағы ең айтулы операция. Пойызда келе жатқан бірнеше сотталушы күзетшілерді ұрып-соғып, қаруын алып, түсіп қалады. Автожолға шығып автобусты тоқтатып, ішіндегі жолаушыларды кепілдікке алады. Олар кепілдегілерді босату үшін шетелге ұшатын ұшақ сұрады. Лаңкестермен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, ақыр соңында олардың талабын орындауға келістік. Бұл кезде біз арнайы операцияны өткізуге дайын болған едік. Негізгі операция Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайда жүргізілді. Абырой болғанда «Арыстанның» қызметкерлері де, кепілдегілер де дін аман. Қазірге дейін алыс-жақын шетелдің арнайы қызметі «арыстандықтардың» сол кездегі тәжірибесін жан-жақты зерттеп жатады. Осы қызметте басқарған жылдары арнайы операцияларды өткізудегі озық тәжірибемен танысу үшін алыс-жақын шетелге шығып, бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Біздің қызмет құрылғанға дейін әлемнің әр түкпірінде қауіпті операцияларды мінсіз орындаған шетелдік арнайы жасақтардың тәжірибесінің де берері мол. Әсіресе, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте шетелдік әріптестермен тығыз байланыста болғаннан ұтарымыз көп. Өйткені халықаралық терроризм баршаға ортақ мәселе. Бір сөзбен айтқанда, өз уақытында «Арыстан» қызметін құруға сұраныс болды. Бұл қызмет қазір де өз міндетін мүлтіксіз атқарып, атына заты сай элиталық әскер екенін дәлелдеп жүр. «Арыстан» қызметкерлері бірінші кезекте елдің амандығы, тыныштығы жолында өз өмірін қиюға дайын тұрады. Сол үшін күнделікті дайындалады. Тәжірибесін жетілдіреді. Қысқасы, «Арыстан» бүгінде тәжірибесі толған құрылымға айналады. – Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы сөз болғанда былтырғы Қаңтар оқиғалары еске түседі. Сол сәттегі комитет басшылығының, қызметкерлерінің әрекетін қалай бағалайсыз? – Әрине, бірінші кезекте елімізде мұндай жағдайдың қайталанбағаны маңызды екенін айтқым келеді. Қаңтар оқиғасы діни экстремистерді, террористерді басқарып жүрген мемлекеттік лауазым иелері бар екенін көрсетті. Ол оқиғаның бағасын уақыт береді. Тергеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Ұсталғандардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары да бар. Қазір іс құпия жүргізіліп жатқандықтан бәрі соттың шешімі шыққан соң белгілі болады. Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты әскери құрылымдарды кәсіби біліктілігі жоғары сол саланың ұңғыл-шұңғыл білетін, сол ұжымда сатылап өскен азаматтардың басқарғаны жөн деп санаймын. Иә, комитет төрағасын тағайындау біздің құзыретімізге кірмейді. Сонда да болса органға дәл осы қызметтен хабарсыз адамды қоя салу дұрыс емес. Қаңтар оқиғасы бізге дінге сақтықпен қараған жөн екенін көрсетіп берді. Бізге керегі ата-баба ұстанған дәстүрлі ислам. Ал сырттан келген теріс діни ағымдардың қоғамға ықпалы қалай боларына көзіміз жетті. Рас, Қаңтар оқиғасы бәрімізді үрейлендірді. Абырой болғанда билікті күшпен басып алуға тырысқандардың дегені болмады. Мемлекет басшысы да соңына дейін күресіп, қиын сәттерде халықпен бірге болды. Қазақстанды әлем елдері қай кезде де бейбітшілікті ту еткен ел ретінде таниды. Әскери доктринамызда да әскеріміздің өзгенің жерін басып алуға тырыспай, жердің біртұтастығын қорғайтыны айтылған. Бізге халықтың амандығы, заманның тыныштығы керек. Ал мың өліп, мың тіріліп жектен Қазақстанның тәуелсіздігіне қол салғысы келетіндерге қарсы күресу – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің борышы. – Құпия қызметке кім көрінген алынбайтыны мәлім. Осы орайда болашағын Ұлттық қауіпсіздік комитетімен байланыстырған жастарға қандай кеңес бересіз? – Иә, бізде қызмет етуге көптеген жас ниет білдіріп жатады. Олар қатаң іріктеуден өтеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясын түсу кезінде 10 талапкер 1 орынға таласады. Кандидаттардың денсаулық жағдайы, психологиялық ахуалы, ақпараттық-коммуникация құралдарын меңгеруі де жан-жақты тексеріледі. Қазір барлық әскери құрамаға мықты жігіттер қажет. Бүгінде жастардың әскери борышын өтеуі төңірегінде дау-дамай көп. Меніңше, қазақтың әр жігіті әскери борышын міндетті түрде өтеуі керек. Орыстар: «Есть такая профессия – Родину защищать!» деп айтады. Демек, отанды қорғау да мәртебелі мамандық. Оның үстіне, қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан кезеңде жастардың әскери даярлығының жоғары болғаны керек. Алысқа бармай-ақ Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай көз алдыларыңызда. Сол оқиғадан кейін Ресейдің саясатта, мәдениетте жүрген тұлғалары қазақстанға қатысты түрлі арандатушылық пікір айта бастады. Соны естіген әр қазақтың баласы Отанды қорғауға дайын болуы керек деп ойлаймын. – Батыр Бауыржан туған, талай генералдар шыққан Жуалы жерінде өмірге келіпсіз. Мамандықты сол даңқты жерлестеріңіздің жолын қуу мақсатымен таңдадыңыз ба? – 1974 жылы әскери борышымды өтеуге аттанбас бұрын әкем Мелдебектің айтуымен Бауыржан Момышұлынан бата алдым. Ол кісі: «Халыққа адал қызметіңді жаса. Әскери борышыңды орында. Халық үшін жан пида. Мен сондай жауынгер болдым. Менің ізімді жалғайтын өздерің» деп батасын берді. Әрине, кейінгі таңдауыма Бауыржандай алыптың берген батасының ықпалы болды. Сол кісіге еліктедім. Қазіргідей генерал боламыз деген мақсат болмады. Білгенім қай салада болмасын елге, жерге адал қызмет еткендер қалмайды. Олардың еңбегі қашан да ескеріледі. Бауыржан атамыз талай замандасыма үлгі бола білді. Қазір де жастарға үлгі болатын осындай атпал азаматтардың көп болғаны керек-ақ. – Әскери салаға келмей тұрып партияда жауапты қызметте болғаныңызды білеміз. Комсомолдың екінші хатшылығына дейін көтерілген екенсіз. Тіпті, сізге киноға түсу туралы да ұсыныс жасалған екен. Бірақ сіз екеуіне де мойын бұрмай, әскери саланы таңдадыңыз. Сол таңдауыңызға өкінбейсіз бе? – Ешқандай өкініш жоқ. Қазір де сол кезді қайтарып қайта таңдау жасау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан әскери саланы таңдар едім. Жасыратыны жоқ, сол кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз қаласы) қалалық жастар комсомол комитетінде екінші хатшы болып жүргенімде алдымда үлкен партиялық мансап күтіп тұрғандай көрінетін. Сөйтіп жүргенде, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен ұсыныс түсті. Комитет қызметкерлері мені екі жыл бойы сырттай бақылап, лайықты деген ұйғарым жасаған екен. Актерлікке де ұсыныс күтпеген жерде жасалды. Ол кезде жаңадан үйленгенбіз. киноға түсуге шақырту алғанымда келіншегім оң шырай таныта қоймады. Өзімнің де ниетім болмады. Әрине, ұсыныс жасағандар ренішін білдірді. Комсомол комитеті де органға жібергісі келмеді. Тіпті, іске облыстық партия комитеті араласып, мені комсомолда қалдыруға тырысып бақты. Оларға жағдайды түсіндіріп, таңдауым Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті екенін айттым. Комсомол комитетіндегі жолдастарым ара-тұра жолыққанда әзіл-шыны аралас «партиялық қызметпен кеткенде облыс әкімі, министр лауазымына дейін көтерілер едіңіз» деп жатады. Бірақ менде басшы боламын деген мақсат болмады. Ең бастысы, ата-анам айтқандай, қай қызметте, қай лауазымда болсам да адал қызмет етуді ғана ойладым.