Ұйым ұпай жинау үшін керек пе?

Ұйым ұпай жинау үшін керек пе?

Бүгінде жаһандық геосаяси жағдай күрделі болып тұр. Отыз жылдан астам уақыт бұрын КСРО ыдыраған соң пайда болған өзара түсіністік, азды-көпті ынтымақтың іргесі шайқалып, қайтадан түрлі державалардың текетіресі басталатын сияқты. Оған әуе шарлары мен Тайванға қатысты Қытай мен АҚШ-тың арасының суып бара жатқаны, Украинаны қолдаған Батыс пен Ресейдің алшақтай түскені куә. Өкініштісі, мұндай «көкпарға» бейтарап елдерді де тартуға тырысатындар байқалып қалды. «Ұстанымдарыңды анықтаңдар» Аптаның басында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Беларусь пре-зиденті Александр Лукашенкомен кездесті. Әлбетте, шенділердің мұндай кездесулерін қатардағы көп оқиғаның бірі деп бағалауға болар еді. Бірақ Беларусь президентінің кей пікірі көңілге күдік ұялатқан жайы бар. Александар Лукашенко ҰҚШҰ-ға баға бере отырып, ұйымға мүше біраз елге баға беріп, «ақыл» айтып тас­таған­дай көрінді. Ол: «Егер кімде кім Украина мен Ресейдің қақ-тығысының бізге қатысы жоқ, сырттай бақылап қана құтылып кетеміз деп ойласа, бұлай болмайды. Ерте ме, кеш пе ол өзінің кімге жақ екенін анықтап, белгілі бір позиция ұстайтын уақыт келеді. Әрине, мен мұндай таңдау ұлттық мүддені ескермей бару керек деп отырған жоқпын. Алайда біздің одақтастығымыздағы кемшілік­терімізді, бағытымызды ескере отырып, саясатымызды бірге анықтауымыз керек. Бірге болсақ әрқашан оңай әрі жеңіл болады», – деді. Әлбетте, сырт көзге бұл мәлімдеменің жо­ғары лауазымды тұлғалар айтып жүретін сөздерден тым айырма­шылығы жоқ. Алайда Украина-Ресей шиеленісінде бір тарапты қолдауға шақыру, БҰҰ жарғылары немесе өзге де халықаралық құжаттарды айтпа­ғанның өзінде ҰҚШҰ жарғысында ұйым­ның БҰҰ Жарғысы бойынша өз мiндет­терiмен, БҰҰ Қауіпсiздiк Кеңесiнiң шешiм­дерiмен қатаң сәйкестiкте әрекет етiп, халықаралық құқықтың жалпы­ға танылған принциптерiн басшылыққа ала отырып жұмыс істейтіні айтылған. Ұйым жарғы­сының 3-бабында «Ұйымның мақсаттары бейбiтшіліктi, халықаралық және аймақтық қауiпсiздiк пен тұрақты­лықты нығайту, ұжымдық негiзде мүше-мемлекеттердiң тәуелсiздігiн, аймақтық тұтастығы мен егемендiгiн қорғау болып табылады, оларға жету үшiн мүше-мемле­кеттер басымдықты саяси құралдарға бере­ді» делінсе, 4-бабында «Ұйым өз қызметiнде Ұйымның мүшелерi болып табылмайтын мемлекеттермен ын­ты­мақтастық жасайды, қауіпсiздiк саласын­да әрекет ететiн халық­аралық үкiметаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнатады. Ұйым халықаралық құқықтың жалпыға танылған прин­циптерiнде негiзделген әдiл демократиялық бейбiтшiлiк тәртiптi қа-лыптастыруға көмек көрсетедi», 5-ба­бында «Ұйым тәуелсiздiктi мүлтiксiз құр­мет­теу, мүше-мемлекеттердiң қатысу еріктілігі, құқықтары мен міндет­терінің теңдігі, мүше-мемлекеттердің ұлттық юрисдикциясына жататын iстерге араласпау негiзiнде әрекет етедi» делінген. Бір сөзбен айтқанда, ҰҚШҰ белгілі бір саяси топтардың сойылын соғып, әлемдегі қандай да бір әскери-саяси блок­тарға қарсы әрекет етуге тиіс емес. Әрине, жарғының 9-бабын­дағы «Мүше-мемле­кеттер қауiпсiздiктiң халықаралық және аймақтық проблемалары бойынша, соның iшiнде Ұйымның консуль­тациялық меха­низмдерi мен рәсiмдерiн пайдалана оты­рып, өздерiнiң сыртқы саяси позицияларын келiседi және үйлестiредi» дейтін норма А.Лукашенкоға «позиция­ларыңды анық­таңдар» дейтін уәж айтуға мүмкіндік берген болуы ықтимал. Бірақ Украина-Ресей шие­ленісінде ресми Киев ҰҚШҰ мүшелеріне агрессия жасаған жоқ. Керісінше болды. Демек, ҰҚШҰ мүше­лерінде «Ресейді жақ­таңдар» дейтін мағы­надағы «кеңес» беруге оның қақысы болмаса керек. Әр мемлекеттің өз мүддесі бар Жалпы, ҰҚШҰ-ның құрылу кезеңі өткен ғасырдың 90-жылдарына сәйкес келеді. 1992 жылдың 15 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жасасқан. Ол кезде өңірде жағдай қиын еді. Ауғанстанда «Тали­бан» қозғалысы жолындағының бәрін жа­рып, солтүстікке қарай ілгерілеп келе жатты. Тәжікстанда азамат соғысы басталып кеткен еді. Ресейдің бірқатар субъектілерінде шие­леніс ошағы пайда болған-ды. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ үшін соғысып жатқан еді. Молдовада Днепрдің сол жа-ғалауында сепаратистік күштер жеке мем­лекет құруға ұмтылып, ол өңірде де соғыс басталған-ды. ҰҚШҰ ұйым ретінде жұмыс істей бастағаннан бері де көбіне сыртқы түр­лі сын-қатерге қарсы тұруды мақсат тұтқан еді. Тек 2014 жылдан бері бұл ұйым­ның негізгі ұстанымын бұрмалап, сан-саққа жүгірткісі келетін саясаткерлер жиі бой көрсетіп жүр. Беларусь президентінің талап қойғандай сипаттағы уәжі соны аңғартады. Бірақ Александар Лукашенко ұйымға мүше елдердің өз ұстанымы бар екенін ескермейтін сияқты. Айталық, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының қандай жағдайда болсын ҰҚШҰ мүшелері шақырды екен деп Әзербайжан мен Армения ара­сындағы келіспеушілікке араласпайды. Сол сияқты ондай дауға Тәжікстан да қатыспауы мүмкін. Тіпті, Беларусь бітімгерлерінің де Қарабаққа аттануы екіталай. Демек, әркім өз позициясында қала береді деген сөз. Ал Ресей-Украина шиеленісіне келсек, ресми Минскінің өзгелерге ұран тастағандай әрекетін Мәскеудегілердің көңілін аулау деп бағалаған жөн шығар. Қатардағы саясат­керлер мұндай уәж айтса, «көптің бірі» деуге болар еді. Ал Беларусь президентінің уәжі ақылға қонбады. Қазақстанға тыныштық керек Әрине, ҰҚШҰ бас хатшысына Беларусь президентінің ақыл айтқанын әркім сан саққа жүгірткені рас. Бірақ дипломаттардың өз ұстанымдары, әдіс-айласы болары да түсінікті. Ресми Астана ҰҚШҰ-ның Ресей-Украина шиеленісіне араласуына жол бермейтін шығар деп үміттенеміз. Өйткені Қазақстанға тыныштық керек. Геосаяси шиеленістер мен 2020 жылғы коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған эко­номикалық дағдарыстың салқыны бізде се­зіліп тұр. Былтыр ел ішінде болған оқиға­лардың да әсері жоқ емес. «Санкциялар со­ғы­сының» жанама әсері тағы бар. Яғни, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал көңілден шығатындай деңгейде емес. Өйткені ҰҚШҰ арқылы Ресей-Украина соғысына араласатын болса, батыс елдерінің қысымына ұшырауымыз мүмкін. Сол себепті қазақ дипломатиясы ҰҚШҰ-ның саяси ұпай жинайтын немесе өзге әскери блоктарға қарсы тұратын құралға айналуына жол бермейтін шығар деген үміт бар.

Ардақ СҰЛТАН