Фердинан Шевальдің мінсіз сарайы – 2018 жылы көрермен назарына ұсынылған көркем шығарма. Режиссері – француз қайраткері Нильс Тавернье.
Фильмнің басты кейіпкері – Фердинан есімді қарапайым пошташы. ХІХ ғасырда кішкентай француз ауылында өмір сүрген қырық шамасындағы азамат ауылдастарынан біршама ерекше: ешкіммен шаруасы жоқ, әңгіме-өсектен ада, көп сөйлемейді, ынжық, бастысы, ісіне адал. Фердинан біздің уақытымызда ғұмыр кешсе, бәлкім қоғам оның іс-әрекетін бағамдап, бірден «аутист» дейтін бе еді. Қош, ол 13 жасынан жұмысқа араласып, наубайханашы болады, ауыл шаруашылығымен айналысады, кейін Отрив коммунасында пошташы қызметін атқарады. Күн ұзаққа 25-30 шақырым жүріп өтіп, хат-хабар тасиды, кешқұрым отбасымен кешкі ас ішеді – күнделікті тәртібі осы. Бір-бірінен аумайтын ұқсас күндердің бірінде Фердинанның жұбайы белгісіз аурудан көз жұмады, ал жалғыз ұлын оның туыстары «баға алмайсың» деп әкесінен жыраққа алып кетеді. Жасықтау кейіпкеріміз туыс ағасының шешіміне еш уәж айта алмай, жалғыз қалады.
Араға бес жыл салып, Фердинан Феломена есімді арумен танысып, бойжеткеннің «бастамасымен» тағы үйленеді де, қыз сүйеді, есімін Алиса қояды. Әдетте ешкіммен шаруасы жоқ Фердинан бұл жолы да болып жатқан оқиғадан бойын тысқары ұстаймын деп ойласа керек, екінші рет әке атанса да, ештеңе болмағандай кейіп танытып, кәдуілгі жұмысымен айналысып жүре береді. Бірақ Феломена оның бұл әрекетін құп көрмей, қызын әкесіне жақындатуға тырысады, олардың бірге уақыт өткізуіне көп жағдай жасайды. Фердинан Алисаның қылығын қызықтап, оған бауыр басады, ал қызы бойжеткен сайын оған әкелік махаббаты күшейе түседі. Сөйтіп, кішкентай ханшайымына қолдан мінсіз сарай соғып беруді армандайды. Ал ең қызығы, Фердинан – тек фильм кейіпкері емес, 1836-1924 жылдары өмір сүрген француз азаматы. 1879 жылдан бастап 33 жыл бойы жұмыстан бос уақытында түрлі пішінді тастардан сарай тұрғызып, тарихта есімі қалған. Ал бұл туынды – шынайы оқиғаға негізделген биография. Фильм желісінде Фердинандың асқан құштарлықпен қызына арнап, түрлі пішіндегі тастардан ғимарат қалау барысына куә боласыз. Шығарма қарқынды кадрлерге «сараң» десе де, кейіпкердің ғұмырбаяны әрі оны сомдаған актердің асқан шеберлігі (басты рөлде – Жак Гамблен) еш жалықтырмайды.
P.S. 1930 жылдары Шеваль сарайын атақты суретші Пабло Пикасо мен сюрреализм негізін салушы Андре Бретон өнер туындысы деп бағалайды. Кейін де бірқатар француз қайраткерінен қолдау тапқан ескерткіш 1969 жылы тарихи жәдігер ретінде қорғауға алынған. Біздіңше, бұл нысан ХІХ ғасырдың сюрреалистік шығармашылығын сипаттайтын өнер туындысы ғана емес, Фердинанның адал махаббатының куәгері.
NooNa