Көкшетауда көп балалы ана өзінің жеке авторлық әдісімен жұмсақ ірімшіктің 20 түрін қайнатады. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Эльвира Мұқашева қиын болса да, кәсіптен нәсіп таппақ ниетпен ірімшіктің табиғи түрлерін шығаруға ниет етіпті. Балаларына табиғи сүт тағамдарын беруге ұмтылған ананың әрекеті оны ірімшік өнімдерін шығаратын нағыз кәсіби маманға айналдырған. Бүгінде ол өңірде ірімшіктің жұмсақ түрлерін дайындайтын жалғыз маман.
– Кішкентай балаларым үйде отырып киім тігуіме мұрша бермейтін болды. Әсіресе, ең кенже балам туғаннан жылаңқы болып өсті. Әрі жиі науқастанып қала беретін. Мен мұның бәрі біздің дұрыс тамақтанбауымыздың салдарынан екенін іштей сезіп жүрдім. Бұрынғыдай киім тігуге түскен тапсырыстарды көбірек қабылдау мүмкін болмады. Табыссыз отыру қазір өте қиын. Сондықтан құр босқа отыра да алмадым. Балаларымның ағзасы мен иммунитетін күшейту үшін таза табиғи өнімдерді пайдаланбақ болдым. Газдалған сусындар мен түрлі тәттілерден мүлдем бас тартып, дүкеннен алмайтын болдым. Отбасымның ақуызды көбірек тұтынуын қадағаладым. Табиғи ірімшік қала дүкендерінде өте қымбат. Ал көпшіліктің ірімшік өнімі болмаса табиғи ірімшікті алуға қолы жетпейді. Өзім таза қазақы ауылда өскендіктен сүт өнімдерін бала кезімнен жақсы көретінмін. Сондықтан сүт өнімдерінен үй жағдайында ірімшік қайнатуға бір жола бел будым, – дейді Эльвира Мұқашева.
– Білгенімді басқа қыз-келіншектерге үйретудің өзі өзінше бір мотивация болды. Қазір менен 30-дан артық әйел ірімшіктің бірнеше түрін қайнатуды үйренді. Өнімдерімді дүкендерге, ара-тұра ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шығардым. Жеке инстаграм парақшасын ашып, өнімдерімді ұсынамын деуші әйелдерге білгенімді үйрете бастадым. Өңірде ірімшік пісіру кәсібі аса таралмағаны да бизнесімнің өрге басуына ықпал етті. Қазір тек Бурабай ауданындағы Қатаркөлде және Жақсы ауданында кәсіпорында ірімшіктің қатты және жартылай қатты түрлерін әзірлейді. Ал мен ірімшіктің жұмсақ түрлерінен бастауды жөн көрдім. Кейінірек қатты түрлерін де үйреніп көрмекпін, – дейді кейіпкеріміз Эльвира Мұқашева.
– Облыстағы «Гормолзавод» және басқа да сүт зауыттары ірімшіктің тек 4-5 түрін ғана шығарады. Ал қалған ірімшік өнімдерінің бәрі көршілес Ресей мен Беларусьтен, Қырғыз Республикасынан жеткізілетінін анықтадым. Әрине, нарықта қиын болса да өзінің табиғи өнімін ұсынып отырғандар бар. Мәселен, Қатаркөлдегі Соколов ірімшігінің дәмі тіл үйіреді. Бірақ бағасы қымбат. Келісі 8 мың теңгеден сатылады. Ал оны алуға халықтың қалтасы көтермейді. Іштегі бір ұмтылыс мені де батыл қадам жасауға итермелеп, мемлекеттік грант алуға өтініш жасап, өз қолыммен жасаған бизнес-жоспарым өтіп кетіп, «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы 1 миллион 225 мың грант ұтып алдым. Бірақ бизнес бастаудағы бірқатар кедергілер алға басқан қадамымды кейінге шегере берді. Дегенмен мойымай ісімді одан әрі жалғастырып келемін, – дейді Эльвира Мұқашева.
– Қазір ұлттық сараптама орталығынан арнайы сертификатты алуды күтіп отырмын. Біраз уақыт іздеп жүріп талапқа сай келетін екі есігі бар орынды әзер таптым. Әзірге толықтай сол орында жұмыс істеп кетпегенмен, бұрыннан тапсырыспен өнімдерді алатын тұтынушыларыма ірімшік өнімдерін ұсынып келемін. Қазір жұмсақ ірімшіктің 12 түріне сертификатым бар. Дегенмен ірімшіктің 20-дан артық түрін істеуді білемін. Алған ғимаратыма келетін су лай болып СЭС талабынан өтпей тағы қыруар қаржы шығарып арнайы су сүзгісін алуға тура келді. Енді тағы СЭС-тің жауабын күтіп отырмын. Бәрі дұрыс болады деген үміттемін, – дейді кейіпкеріміз.Дұрыс тамақтануға назар аударып, көптің қолынан келмейтін үлкен істі бастап кеткен көп балалы ананың батыл қадамына біз де сәттілік тіледік.
Ақмола облысы