Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, көрнекті өнертанушы ғалым, шертпе күй шебері Базаралы Мүптекеевтың «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты ғылыми монографиясы мен күй жинағының тұсаукесері өтті. «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты ғылыми монография күйшілік өнердің аймақтық сипаттарын айқындаумен, сонымен қатар, Жетісу күйлерінің шығу тегі мен осы өңірге ғана тән домбырашылық - күйшілік өнер ерекшеліктерінің теориялық таным тұжырымдарының негізделуімен маңызды. Бұл кітапта жарияланып отырған зерттеу нәтижелерін әдебиеттану, өнертану, тарих, этнография, эстетика, педагогика және басқа да арнаулы салаларында пайдалануға, сонымен қатар, арнаулы орта, жоғары музыка оқу орындарында көмекші құрал ретінде қолдануға болады. Ал «Күй шақыртқы» атты екі нұсқадағы күй жинақта Базаралы Мүптекеевтің орындаған күйлері жинақталған. Базаралы Мүптекеев – орындаушылық өнерде артына жарқын із қалдырған күйші әрі көреген зерттеуші. Ол – Жетісу күйшілік мектебін қайта жаңғыртқан тұңғыш фольклортанушы, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған ғалым. Саналы ғұмырында Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасын жинақтаумен айналысты, оларды жүйеледі, кәсіби мектеп түзіп ғылыми айналымға енуіне тер төкті. Жинақтың тұсауын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов, өнертану ғылымдарының докторы Пернебек Шегебаев, өнертану ғылымдарының докторы Раушан Малдыбаева және PhD докторы Ардаби Мәулет кесті. Ал кітаптың құрастырушы авторлары Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбет. Жоба жетекшісі – профессор Әлия Сабырова. Алғысөз, пікір жазғандар – Жанғали Жүзбай мен Сағатбек Медеубек.
– Осы шараның өтуіне мұрындық болған Дәстүрлі музыка өнері факультеті мен домбыра кафедрасы. Бүгін екі кітап пен бір күйтабақтың тұсауы кесілді. «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты ғылыми монография қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. «Күй шақыртқы» атты күй жинағында Базаралы Мүптекеевтің орындаған күйлерін топтастырдық. Осыдан бөлек 25 күй енгізілген аудио нұсқасын шығардық. Бұл шертпе күй шебері Базаралы Мүптекеев еңбектерінің жастарға берері мол, құнды жинақ,– дейді белгілі күйші Жанғали Жүзбай.