Заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасы көтерілген сайын әлеумет күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын күнге жетіп отыр. Шын мәнінде, Үкіметтің қолға алған кез келген жүйесі халықтың тұрмысын жақсартуға жұмыс істеп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталуы тиіс. Бірақ бізде барлығы керісінше. Тіпті, осы күні «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтіре ме деген күдікпен жүргендер көп. Енді, міне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың ақшасын тағы есептеуге шықты. Айтуларынша, көлеңкелі бизнестің жолын жабудың амалын қарастырмақ. Мемлекет бюджетін толықтыру үшін халықтың қалтасына қол салатын шешімдерді қабылдаудан алдына жан салмайтындардың бұл жолғы ұсынысы да жұрттың жанды жеріне тиіп отыр. Себебі, Үкіметтің үйдей уәдесіне қарамай, өз бетінше нәпақа тауып жүргендерді салық төлеуге мәжбүрлеп, азын-аулақ ақшасын кәсіпкерлік ретінде тіркетуге қарсылық білдіріп жатқандардың айтары бөлек. Асабалар құтылып, жүргізушілер тұтылды Осыдан біраз жыл бұрын табысын жасырып жүрген әртістер мен асабаларды салық төлеуге міндеттейтін өзгерістер шыққанда, өнер адамдары жаппай қарсылық білдірген. Өйткені табысын жасырғандарға айыппұл арқалату нормасы қарастырылатын болды. Сөйтіп, салық мамандары өнер адамдарының арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, өз еріктерімен кәсіпкерлік ашуға шақырды. Тіпті, табысын жасырған әншілер мен асабалардың артынан аңдып, кімнің қанша пайда тапқанын дәлелдеу үшін тойлар мен кештерге рейд жүргізетіні туралы да айтылған. Алайда ән салып, той жүргізетіндер табан ақы маңдай терін бөліске түсіру әділетсіз екендігін айтып «шығынымыз шаш етектен, айлық жалақымыз миллион түгілі, жартысына да жетпейді» деп шуылдасты. Дегенмен салық төлету нормасы қолданысқа енгізілді. Қазір тиісті норманы миллиондап табыс табатын әншілер мен асабалардың қалай орындап жатқаны және айлық табыстары қалай есептеліп жатқаны белгісіз. Себебі сол кездің өзінде айыппұл салудың өзі қисынсыз екенін айтқан асабалар алдымен миллион табыс тапқандарын дәлелдейтін тетікті қарастыру қажет екенін айтып еді. Соған қарағанда, миллиондап табыс табады деген өнер адамдарына табыс салығын төлету қиынға соққан сыңайлы. Мәселен, үш жыл бұрын Мемлекеттік кірістер комитеті әншілер мен асабаларға табыс салығын салмаудың себебін түсіндіргенде: «Біз сол тіркеуге тұрғызу бойынша жұмыс жүргіземіз. Хаттамаларды береміз, сөйтіп, тіркеуге қоямыз. Ал бүгінде олар микробизнес болған соң табыс салығынан толық босатылған» деген уәж айтқан болатын. Оның үстіне, сол жылдан бастап биыл 1 қаңтарға дейін микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылған еді. Салық органы асабаларға сөзін өткізе алмаған соң өз күнін өзі көріп жүрген такси жүргізушілеріне көз тіге бастады. Сөйтіп, былтыр елімізде такси жүргізушілер мен курьерлер ресми жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылды. Осы мақсатта тәуелсіз жұмыскер, яғни табыс әкелетін, еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда «ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға» ұғымы енгізілді. Ол бойынша егер тәуелсіз жұмыскерлер өз қызметін онлайн платформаларға қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылған болып есептеледі. «Көлеңкеден» шығарудың қамы Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ұлттық экономика министрліктері мен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бас қосып, жалдамалы жұмысшылардың жай-күйін талқылады. Басқосуда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов түрлі интернет-алаңдарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны өскенін жеткізген. Оның сөзінше, елімізде әртүрлі интернет-платформаларда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Мәселен, интернет-платформалар арқылы көрсетілетін ең көп таралған қызметтердің қатарына такси және курьерлік жеткізу қызметтері жатады. Сондықтан вице-министр мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамтуды дамыту үшін кедергілер мен шектеулер жасамай, интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдарды қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне ресімдеу және тарту бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін алға тартыпты. «Біріншіден, салықтық әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды бастау қажет, оның шеңберінде интернет-платформалар операторының орындаушылар үшін салық міндеттемелерін орындауы сынақтан өткізілетін болады. Екіншіден, жақын арада әлеуметтік кодекс пен бірқатар ілеспе заңнамалық актіге түзетулер қабылданады деп күтілуде. Бұл интернет-платформаларда жұмысқа орналасу кезінде: жалдамалы қызметкер немесе жеке тұлға/тәуелсіз қызметкер ретінде таңдау құқығын беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, интернет – платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынас нақты реттелетін болады», – дейді Ақмәди Сарбасов. Жүйенің жұмысын жандандыру мақсатында Салық кодексінде жаңа жеңілдетілген салық режимін және платформалық жұмыспен қамтылғандар үшін қарапайым тіркеу рәсімін енгізу белгіленеді. Осылайша, шағын бизнестің жалдамалы жұмысшылары үшін бірыңғай міндетті төлем енгізіледі. Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін енгізілген бірыңғай міндетті төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салықтық жүктеме келесі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Екіншіден, онлайн платформалардың көмегімен (Яндекс Такси, Яндекс GO және тағы басқа) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі іске қосылды. [caption id="attachment_241368" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Қысқасы бұл шаралар дара кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігінсіз осындай сервистерде орындаушы ретінде тіркелген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыспен қамтылған халықтың едәуір бөлігін «көлеңкеден шығаруға» және олардың табысын заңдастыруға ықпал етпек. Таксистің табысы қай жыртығын жамайды? Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, асабалар мен такси жүргізушілері, курьерлер кәсіпкерлікпен айналысатын болса, кәсіпкер ретінде тіркелу міндеттеледі. Және оларға арналған тиісті салық жүйесі де қарастырылады. Сондай-ақ өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар үшін оңайлатылған жүйе де жұмыс істейді. Егер кәсіпкер ретінде тіркелсе, 1 пайыздық мөлшерлеме бар. Бірақ арнаулы салық жүйесін қолданатындар шығындарын шегере алмайды. Ал жалпыға бірдей салық жүйесін таңдаса, 10 пайыздық мөлшерлемені төлейді және бұл жерде шығындарын шегеріп отыруға мүмкіндік қарастырылады. «Мысалы, кәсіпкерлікпен мақсатты түрде айналысып, ақша тауып отырғаны белгілі болып, бірақ ешқандай салық төлемейтіні белгілі болған жағдайда жауапкершілік көзделеді. Үйін жалға беріп отырса кәсіпкер ретінде тіркелмесе болады. Бірақ ол жағдайда 10 пайыздық мөлшерлемемен жыл сайын салығын төлеу керек және жылына бір рет салық декларациясын тапсыруға міндеттеледі», – дейді ол. Бәрібір айналып келгенде, Үкімет кәсіпкерлікпен айналысатын жалдамалы жұмысшылардың жағдайынан бұрын, өз мақсаттарын тиімді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін алдымен қарастырғанды құп көретіндей. Бұл орайда экономист Асылбек Күздеубаев жүйе жақсы жұмыс істесе, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға арналған бірыңғай міндетті төлемнің тиімді болатынын айтады. Бұл елдегі белгілі бір бақылауды жолға қояды. Мемлекеттік бюджеттің түсімін арттырады. Алайда жалдамалы жұмысшылар істейтін интернет платформалардың талап ететін пайыздық мөлшерлемесін 20 пайызға дейін азайтып қана қоймай, соның ішінен таксилер мен курьерлер үшін бірыңғай міндетті төлемдерді өздеріне төлетуді қолға алу қажет. Себебі қазір такси немесе курьер болып істейтіндер табысының 22-25 пайызын таксопаркке немесе интернет платформаларға береді. Өздеріне қалатыны 80 пайыз. Сондықтан тапқан табысын күнкөріске жұмсай ма, әлде жанар-жағармайын, көліктің жөндеу жұмыстарына бере ме деген сұрақ туындайды. Такси жүргізушісі ретінде өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген Ринат Сатанов Астанада таксиде істеп жүргенде салығы және автобус жолын пайдаланғаны үшін бастапқыда 30 мың, артынан 15 мың теңге төлегенін айтады. Күнделікті маңдай терімен тапқан табысы жеткіліксіз болғандықтан, қазір таксопарктен бөлек шығып, интернет платформа арқылы өз-өзіне жұмыс істей бастапты. «Бірақ мұнда да әрбір клиенттің ақшасынан қосымшаға пайыздық төлем береміз. Мысалы, 1340 теңгеге келіссек, соның 314 теңгесін ұстап қалады. Меніңше, Үкімет жалдамалы жұмысшылардың табысын түгендегенше, түскен салықты қадағалағаны дұрыс. Ол болмаса белгілі бір мөлшердегі табысқа дейін салық алынбайтындай жүйені қолға алу керек», – дейді ол. Сөзінің жаны бар. Айтса, айтқандай, Үкіметтің тізесі өз күнін өзі көріп жүргендерге қатты батып-ақ бара жатыр. Ай сайын алатын тұрақты жалақысы жоқ жалдамалы жұмысшылардың құқығы қорғалмаған, сырқаттанса да жұмысқа жарамсыздығы да қарастырылмаған. Мемлекеттік қызметкер секілді сыйақы мен бонустардан да бейхабар. Мүмкін еститін Үкіметіміз табыс салығын бәріне бірдей міндеттемес бұрын, өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың әлеуметтік жағдайын зерделеп алғаны дұрыс болар ма еді.