Үміткерлер зауыт қызметкерлерімен кездесті

Үміткерлер зауыт қызметкерлерімен кездесті

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаралар негізге алынған. «Казфосфат» ЖШС-на қарасты Жаңа Жамбыл фосфор зауытының қызметкерлерімен өткен кездесуде облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттар осылай деді. Облыстық сайлауалды штабының мүшелері Махметғали Сарыбеков, Абдалы Нұралиев, Қасымхан Төлендиев пен Оксана Борисюк партияның сайлауалды бағдарламасының барлық тармақтарына кеңінен тоқталды. – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы халықтың барлық топтарын қолдауға бағытталған. Әсіресе, жұмыс істейтін азаматтарға айрықша қолдау көрсетілмек. Осылайша, әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және жалақыны арттыру мәселелері айрықша назарға алынады. «Казфосфат» ЖШС – өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірегейі. Сіздер облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып келесіздер, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Бұдан кейін, сөз алған Оксана Валериевна партияның атсалысуымен жер-жерлерде бұқаралық спортпен шұғылдануға лайықты жағдай жасалатынын атап өтті. – Партия алдағы 5 жылда өз жемісін беретін көптеген бағытты ұсынуда. Мәселен, 58 елді мекенде спорт нысаны мен қандай да бір спорт секциясы жоқ. Тиісінше, мұның салдары балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ ересек тұрғындарды спортпен шұғылдануға, денсаулықты нығайтуға және бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік бермей келеді. Сондықтан бұл жағдайды өзгертіп, халық үшін спорт нысандары мен секцияларының қолжетімділігін арттыру қажет, – деді ол. Ал облыстық сайлауалды штабының мүшелері Абдалы Нұралиев пен Қасымхан Төлендиев 1 миллион астам халық мекендейтін қасиетті Әулие ата өңірінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көптеп көңіл бөлінетіне тоқталды. Кездесу соңында штаб мүшелері зауыт қызметкерлерінің өтініш-тілектерін тыңдап, оларды шешу жолында жәрдем беруге уәде берді. Атап өтерлігі, Жамбыл облысында республика көлеміндегі сары фосфор мен натрий триполифосфатының 100, фосфорлы минералды тыңайтқыштардың 94,3 және қанттың 62 пайызы өндіріледі. Мұнда «Қазфосфат», «Еврохим-Қаратау», «Тараз металлургия зауыты»,  Talas Investment Company, «Алтыналмас», «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» мен «ЖЗМК Имсталькон» секілді ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істеуде.

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.