Тараз қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының «Ауыл төрге шықсын!» атты ауыл тұрғындары мен кооперативтерінің республикалық слеті өтті.
Жиынға партия төрағасы Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттар, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен ауыл тұрғындары қатысты. «Ауыл» партиясының үгіт-насихат жұмысы республика кооперативтердің слетінен басталды. Саяси доданың алғашқы жұмыстарының Жамбыл өңірінде тұсауы кесілуінің өзіндік сыры бар. Партия бағдарламасының, ұстанымының негізі ауылды қолдау, дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешу екені баршаға аян. Аталған мәселелерді шешудің бір жолы – ауыл кооперативтерін дамыту. Бұл тұрғыда Президент тапсырмасымен Жамбыл облысында іске асқан кооперативтік үлгі – Қазақстандағы ең үздік үлгілердің бірі болып есептеледі. Жамбылдық кооперативтер айналасы екі-үш жыл ішінде бұл жұмыста оң нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан екі жүзге жуық делегат бас қосқан республикалық жиын аталған облыстың әр кооперативінен мүше, әр ауылынан тұрғын шақырылып, өткізілді. Шараның және бір өзіндік ерекшелігі – оның ұлттық нақышта өтуі болды. Жиын өткен мәдениет үйінде облыс кооперативтері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.Қуатты ауыл – елдің сенімді тірегі. Азық-түлік сөрелерде өспейді, сөрелерде баға ғана өседі. Біз азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыру үшін бар күшімізді саламыз. Егістікте өсірілген және қайта өңдеу кәсіпорындарында өндірілген өнімдер тікелей сөрелерге түсуі керек. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындатамыз», - деді партия төрағасы.Слетте 2022 жылы өткен ҚР Президент сайлауында «Ауыл» партиясы атынан кандидат болған Жигули Дайрабаев, белгілі журналист Анна Данченко, Жамбыл облыстық қызылша өндірушілер ассоциациясының төрағасы Саха Манатов және облыстық мәслихатқа үміткерлер сөз сөйледі. Жиын соңында ауыл ақсақалдары қазақтың киелі қарашаңырағы – киіз үйінде кандидаттарды жинап, олардың саяси додада мәреге шашасына шаң жұқпай жетулеріне тілеулестік білдіріп, баталарын берді.