«Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп кезінде Фариза ақын жырлағандай, адам баласы қашанда өзіне серік іздейді. Сондай-ақ ол қалаларға да қажет. «Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп кезінде Фариза ақын жырлағандай, адам баласы қашанда өзіне серік іздейді. Сондай-ақ ол қалаларға да қажет. Серігі ірі мегаполиске түскен ауыртпалықты қоса арқалайды, жүгін жеңілдетеді. Лондонның 34 серік қаласы бар, Нью-Йорк агломерациясы 23 округтен құралған. Токайдо мегаполисі Токиодан Осакаға дейін 700 шақырымға құлаш созып жатыр. Қазақтың ең ірі мегаполисінің әзірге серігі жоқ. Оған 4 спутник қала ерту идеясы ХХІ ғасыр басында «тұтанып», қып-қызыл шоқтай қызып, артынша сөнді. Қазір жобаға қайта жан бітті. Не істемек? Құла түздегі қиял қала «G4 City» деген ортақ атаумен Алматының 4 серіктес қаласын тұрғызу туралы идея алғаш рет Қазақстанның сол кездегі Президентіне 2007 жылы ұсынылды. Бұл жаһандық нарықта мұнай бағасы тарихи рекордқа дейін шарықтаған, елге валюталық табыс тасқындаған кезең еді. Содан билік ірі жобаларға үйір болды. Еліміздің беделді архитекторларының қарсылық білдіріп, сыни мақалалар жазғанына қарамастан, Мемлекет басшысы мега-жобаны бекітіп жіберді. Үкімет жүзеге асыруға едел-жедел кірісті, белгіленген аумақта жеке қолға өтіп кеткен жерлерді мемлекетке кері сатып ала бастады. Арада он жыл өткенде, Gate спутник-қаласы бой көтеруі тиіс аумаққа, яғни қу медиен далаға су құбырлары, электр сымдары, көлік жолдары, коммуникация желілері тартылды. Оны айтасыз, халқы тығыз қала-кенттер де зарыға күтіп, қолы жете алмай жүрген газ құбыры әлі тұрғызылмаған серік қалаларға жеткізіп қойылды. Ресми мәліметке жүгінсек, G4 City серіктес қалаларын газбен қамтамасыз ету мақсатында, тиісті жобаның 2-ші кезегінің 1-кезеңі бойынша 2015 жылы «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралды газ құбырынан ұзындығы 10,2 шақырым бөлігінің құрылысы аяқталды. «Алатау» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 2-ші және 3-ші іске қосу кешенінің құрылысына 713,8 млн теңге бөлінді. Бертінде жоба тоқырап қалды. Инвесторлар бұл жобаға қызыға қоймаған. Серік қалалардың инфрақұрылымы болса, дайын тұр. Содан бұл ірі жоба да астаналық ЛРТ-ның тағдырын қайталады: аста-төк ел қаржысы шығындалғаны сонша, Үкімет енді одан толық бас тарта алмайды, жандандырып, іске қосуға мәжбүр. Сондықтан А.Мамин Үкіметі жобаны дамытуға шетелдік қымбат кеңесшілерді жұмылдырды. 2021 жылғы 30 қыркүйекте, «Астана» қаржы орталығында сингапурлық компания Премьер Асқар Маминге Алматы облысындағы G4 City жаңа қалаларын дамытудың жаңартылған Бас-жоспарын ұсынды. Шетелдік «ақылшылар» ескі жобаның «конструкциясын» бұзбапты. Атап айтқанда, Алматының серіктері Қапшағай трассасының бойында орналасады және төрт ауданнан тұрады: Gate District – іскерлік және қаржы орталығы, Golden District – білім беру және медициналық хаб, Growing District – өнеркәсіптік және логистикалық хаб, Green District – туризм және ойын-сауық. G4 City-ді дамытумен сингапурлық Surbana Jurong Group мемлекеттік компаниясы айналысады. Ол G4 City-де жаңа халықаралық әуежай салып, Сингапурмен тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды. G4 Cityді Орталық Азияның жаңа экономикалық хабы ретінде өркендетуге кеңес берген. Олардың болжамынша, 2050 жылға қарай бұл спутниктерде 2,2 млн адам тұрып, 1 миллионнан астам жұмыс орны ашылады. Тұрғын үй тұр қалқайып... Бірақ 2022 жылдың басында қаңтар оқиғалары Үкіметтің жоспар, жоба, жұмыстарына көп өзгеріс әкелді. Мамин Үкіметі отставкаға кетті. Шенеуніктер жаңа қала салудан бұрын қолданыстағы қалалардың тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, шетқақпай қалып, кедейленген бұқараның тұрмысын көтеруге қаражат бағыттаған жөн екенін түсінді. Жаңадан үш облыс ашылды, Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеріп, облыс орталығы ретінде дамудың жаңа даңғылына шықты. Кейінгі орынға сырғып, қайтадан «сүрлене» бастаған серік қалалар жобасын енді Смайылов Үкіметі өз қолына алды. Шаңын сүртіп, сілкіп-сілкіп, контентін өзектілендіруге кірісті. 2022 жылғы 8 тамызда Үкіметтің баспасөз қызметі Премьер Әлихан Смайыловтың Алматы облысында G4 City жобасын іске асыру туралы тапсырма бергенін жариялады. Ол осы жобаға арнап, жабық кеңес өткізді. Бір белгілісі, кеңеске қатысушылар серік шаһар аумағында арнайы экономикалық аймақты құру, қала құрылысы құжаттарын әзірлеу шараларын, сондай-ақ оған қаржы салған шетелдіктерге инвестициялық резидент мәртебесін беріп, виза алудан босату мәселесін қарапты. G4 City қаласын дамыту жөніндегі бас жоспар тұжырымдамасының жобасы былтырғы 6 қыркүйекте қоғамдық талқылауға шығарылды. Ал Үкімет G4 City жаңартылған жобасын 2022 жылғы 19 қазанда Алматы облысына жұмыс сапары барысында Президент Қ.Тоқаевтың назарына ұсынды. Мемлекет басшысының бірқатар сын-ескертпелері ескеріліп, түзету енгізілген осы жобаны бүгінде билік іске асырып жатыр. Кеңесшілер серік қалаларды дамыту, халықты соған тарту үшін олардың орнында алдымен баспана жабдықтауды ұсыныпты. Яғни, Gate City қаласында бірінші тұрғын үйлер салынуы қажет. Ал Қазақстанның бергі тарихында, ХІХ ғасырдан бері қалалар басқа принциппен пайда болғаны мәлім: алдымен ірі кенорны ашылып, игеріле бастайды. Соған ағылған жұмысшыларға үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады. Содан соң отбасын қасына алғызып, мамандар сонда орнығады. Мында бәрі керісінше. Сарапшылардың сынауы да содан: жаңа тұрғын үйлерге көшіп келген адамдар серік қалада жұмыс таба алмаса, бәрібір Алматыға ағылады. Ал спутниктердің басты міндеті – құмырсқаның илеуіндей құжынаған халықты өзіне тартып, алып кету, сөйтіп, мегаполистің жүктемесін азайту болса керек. Қалай болғанда, тұрғын үйлер құрылысы қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Gate ауданында магистралдық инженерлік желілер жүргізілген, «Қоянқұс» тұрғын ауданы бой көтеруде. Үкімет 3,5 жыл ішінде кемінде 300 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап қойды.
2023 жылғы 13 қаңтарда, Алматы облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі G4 City құрылысына инспекция жасап, өз көзімен көріп қайтты. «G4 City жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық және туристік орталыққа айналады. Облыс әкімдігі жобаның әлеуметтік бағытына, ең алдымен қаладағы тұрмыс сапасына барынша көңіл бөлуі қажет», – деп қысқаша пікір білдірді Ә.Смайылов.Премьер-Министр Gate City серік қаладағы «Қоянқұс» тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңын аралады. Тұрғын үй кешендері 2024 жылдың соңына қарай іске қосылады деп жоспарланған. Бүгінде он қабатты бірқатар тұрғын үйлер есік-терезелеріне дейін салынып, дайын тұр. Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, ғалым, Халықаралық архитектура академиясының профессоры Аманжол Чиканаевтың пікірінше, жоба жете ойластырылмаса, онда «маятник миграциясын» тудыруы мүмкін. Қазірдің өзінде Алматыға облыстан таңертең ондаған мың адам кіреді, ал кешке, жұмыс аяқталған соң олардың бәрі үйлеріне, кері жөңкіледі. Яғни, көші-қон маятник сияқты тербеледі. Бұған енді серік қала қосылса, қиын болмақ. Егер «Джи Фо Сити» тұрғындарын сол жерде жұмыспен қамтитын өндіріс орындары құрылмаса, онда серік қала «халық ұйықтауға ғана баратын ауданға» (спальный район) айналып шыға келмек. Онда Алматының жолдарына өзге қалалардан келген көліктердің жүктемесі артады, кептелістер проблемасы өрши түседі, ауаның улы газдармен қанығуы шекті шамалардан еселеп асып түседі. Бұл жағдайда Алматының ушыққан түйткілдерінің түйінін тарқатуға қосымша миллиардтарды шығындауға тура келмек. Сондықтан А.Чиканаев бастаған сарапшылар Үкіметке «контрмагнит қала» салуды ұсынған. Мұның «спутник қаладан» айырмашылығы не?
«Серік қалада ірі кәсіпорын, жұмыс орындары қарастырылмайды. Оған жұртшылық өз баспанасында түнеп шығуға барады. Ал таң атысымен жұмысына, орталық қалаға ағылады. Нәтижесінде, Алматыға апаратын трасса көлік кептелісінен арылмайды. Мен еңбек мобильдігіне қарсы емеспін, қолдаймын. Бірақ ол үшін басқаша жағдай жасау қажет болады. Мысалы, Токио мен Осака арасын 400 шақырымды бір сағатта еңсеретін ұшқыр пойыздар жалғайды. Яғни, көлік инфрақұрылымы дамыған болуы шарт. Бізде әзірге ол жоқ. Ал серік қаладан айырмашылығы сол, «контрмагнит қала» «орталық қалаға» бәсеке болып келеді, одан жұмыс күшін, кадрларды өзіне тартады. Сөйтіп, мегаполистегі халықтың тығыздығын шешуге ықпал етеді. Әрі соған бет қойған көші-қон легін өзіне тартады», – деді ғалым.Ол Алматыдағы жүзден астам жоғарғы оқу орнын, ғылыми-зерттеу институттарын Джи Фо Ситиге көшіруді ұсынды. Дамыған елдер осы жолмен жүрді. Мысалы, Кембридждің өзі тұтас «ғылым қалашығы».
«Біздің ұсынымымыз мынадай болды: ол ауданда жаңа технополистің бой көтеруіне жол ашу керек! Оның ұстыны Алматыдағы ірі жоғарғы оқу орындарының филиалдары болуы тиіс. Осы жерде университет қалашықтары, зерттеу жүргізуге қажетті лабораториялар, орталықтар орналасуы қажет. Білікті, инноватор ғалымдар, ғылым қуған жастар энергетика, айти, ауыл шаруашылығы, машина жасау, робот техника және басқа салаларда жаңа өндірістерді құруға мүмкіндік алады. Сол жерлерде индустриялық парктер ашу қажет. Оларда әлемдік нарықта сұранысқа ие, инновациялы өнімдер шығарылуы тиіс. Сонда «контрмагнит қала» өзін өзі асырайды», – деді А.Чиканаев.Айтқандай, G4 City жаңа тұжырымдамасында бұл сын-ескертпелер ішінара ескерілген. Алматыны кім асырайды? Бұрын мега-жоба аясында Үкімет Алматының 4 серік-қаласын салу туралы майын тамыза баяндайтын. Қазіргі кезде жаңа тұжырымдама бойынша бір қала аясындағы 4 аудан жайында ғана әңгіме болып отыр.
«Сарапшылар «Джи Фо» атауы сәтсіз таңдалғанын айтып жүр. Қала атына лайық емес. Оны мысалы, Джи Форспен (GeForce видеокарталар бренді) шатастыруы мүмкін. «Джи севен» (G7) ұйымы да бар. «Қазақша атауы табылмады ма?» деген ескерту болды. Мысалы, Алаш деп атап, құндылығымызды ұлықтауға болар еді. Бірақ Үкімет мамандары ағылшынша осы қысқа атау инвесторларды қызықтыру үшін қажет деп табандады. Қызығып отырған ірі инвесторлар қайда? Қала салмас бұрын сол жердің ресурстық базасына жан-жақты зерттеу жүргізген жөн. Гейт Ситиде «BI Group» бұрқыратып биік үйлерді салып жатыр. Ертең онда тұратын адамдар немен айналысады? Соны ойластыру керек. Әйтпесе, серік қала тұрғындарының әл-ауқаты төмен, жұмыссыздық пен криминал жайлаған «трущобаға» айналып кетпеуі керек. Ол жерде «Береке» индустриялық аймағы дамытылады деген, бірақ оның да қарыштап дамығаны шамалы», – деді экономист Марат Ерғозин.Серік қала бой көтеретін Алматы облысында мұнай, газ, алтын және басқа аса құнды ресурстар жоқ. Бірақ ол жердің топырағы түгін тартса майы шығатындай, таяқ қадаса, ағашқа айналатындай құнарлы. Шөбі шүйгін. Сарапшының дерегінше, Алматы қаласының өзі жыл сайын миллион тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынады. Соның ішінде алматылықтар тек көкөністің 320 мың тоннаға жуығын жейді. Мұның сыртында 300 мың тоннаға жуық сүт ішеді. 40 мың тоннадан астам ет жейді. Нан және ұннан жасалатын тәтті өнімдерді жыл сайын 200 мың тоннаға жуығын сатып алады. Осы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тек 260 мың тоннадан астамын ғана мегаполис өзі өндіреді. Қалғанын өзге өңірлерден тасымалдайды. Демек, Джи Төрт серік қаласы Алматының осы қажеттіліктерін қанағаттандырып, күреп табыс таба алар еді. Мұның сыртында Қапшағай туристік аймағының да тұтынысын өзі өтесе, кірісі шаш етектен болмақ. Экономист мұның жақсы үлгісі бауырлас Түркияда барына назар аудартты: Анталия, Ыстамбұл сияқты туристік тартымды қалалардың айналасы толған жылыжай. Олар құлпынай, қауын, қарбыздан бастап, лимон, бананға дейін өсіреді. Халық еңбекпен қамтылған, жерді «еміп», Жер-Анадан ырзық-несібесін айырып, адал кәсіптен байып жатыр. Жұмыссыз тентіреген жан жоқ. Олардың органикалық таза өнімдері әр қонақүйде қымбат туристің алдына тартылады, базаларда сатылады. Түркиялық ірі мегаполистердің маңында интенсивті егін шаруашылығы жақсы дамыған, олар әр қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде шаһар өзін асырап отырған серігіне көмекке келеді, арзан кредитке, басқа да ресурстарға қарық қылады. Мұның жақсы үлгісі өзімізде бар. Оңтүстік өңірлерде, мысалы, Түркістан облысында кәсіпкерлер бірнеше гектарда өнеркәсіптік жылыжайлар ашып алған. Соның ішінде өңдеу цехын ұйымдастырған, балғын өнімді бірден банкіге салып, консервілеп, супермаркеттерге дейін жеткізеді. Шағын отбасылық жылыжайлар дизель қондырғысымен жылытылса, ал ауқаты артқандары газ желісін тартып алған. Ақмола облысында мал өсіретін фермерлік шаруашылықтар өркен жаюда. Жылқы мен ірі қара малды бордақылайды. Жылына екі рет малын ауыстырып тұрады: бордақылағанын ет комбинатына өткізіп, орнына малдың жаңа партияларын сатып алады. Төл егістік жері бар ауыл кәсіпкерлерінің бір бөлігі оларға жемазық, шөп жеткізуге маманданған. Малды фермаларға, ет комбинаттарына жеткізумен, логистика мәселелерімен айналысатын компаниялар құрып жатыр. Ендеше Growing ауданы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі жолға қойылса, оның тұрғындары Алматыға шабылмайды, жұмыс іздеп, сенделмейді. Сонда G4 City болашақта елге игілік әкеліп, Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлесін үлес қосады. Астана қаржы орталығы көшуі мүмкін G4 City Бас жоспары жобасында көрсетілгендей, оның Gate District ауданы «Жаһандық қаржы-іскерлік кластер» ретінде дамытылмақ. Онда Халықаралық қаржы орталығы орналасады (АХҚО-ны сол жаққа көшіру ұсынылды). Оның аумағында кеңселер, банктер және басқа қаржы мекемелері шоғырланады деген жоспар бар. Gate ауданының негізгі ғимараттарының бірі – Бас жоспар мен халықаралық кездесулер орталығының ғимараты (G4 City қаласының демонстрациялық қалалық галереясы) болады. Орталықтың негізгі міндеті – Қазақстаннан жергілікті атқарушы органдарды және АХҚО-ны, ал Сингапурден ESG (Сауда және өнеркәсіп министрлігі), Сингапур бизнес-федерациясын жұмылдырып, Қазақстан, Сингапур, басқа елдердің кәсіпорындары арасында халықаралық екі жақты ынтымақтастықты жолға қою болады. Ол инвесторлар мен халықаралық компанияларға қызмет көрсету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Golden ауданында академиялық қалашық, инновациялық орталық және тұрғындар мен туристерге қызмет көрсететін көп бейінді ауруханалар кіретін болады. Әлемдік деңгейдегі білім инфрақұрылымын түзу арқылы бүкіл Қазақстаннан және көршілес елдерден студенттерді осы аумаққа тарту көзделген. Жоғары сапалы медициналық қызметтерді қолжетімді бағамен ұсынатын медициналық кластер құру жоспарланған. Growing ауданы өңірдегі өнеркәсіптің өсуін ынталандыру үшін «Экспортқа бағытталған сауда және логистикалық орталыққа» айналады. Оның өнеркәсіптік бағыттарына Азық-түлік кластері, Химиялық кластер, Құрылыс материалдарының кластері, Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кластері жатады. 758 гектар аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар, сондай-ақ логистикалық қоймалар орналаспақ. Green ауданын қазақстандық Лас-Вегасқа айналдыру ойы бар: казинолар соған көшпек. Үкіметтің дерегінше, Green халықтың барлық тобы үшін ойын-сауық ұсынатын «интеграцияланған мәдениет және демалыс орталығы» қызметін атқарады. Зәкірлі жобалары Курорттық кешенді дамытуға бағытталған. Думанды іс-шаралары мен концерттер, құмар ойындар индустриясы, қонақжайлылық пен сауықтырудың әртүрлі компоненттері қолдау табады. Тіпті заманауи ипподром салып, онда қазақтың ат спорты өнерін дамыту жоспарланған. Үкімет G4 City арнайы экономикалық аймағын құруға шешім қабылдады. Бұл да инвесторларды қызықтыру үшін жасалып отыр. Осыған орай биылғы 9 ақпанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкіметтің тиісті қаулысының жобасын әзірледі. Құжат мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінен өтуде. ИИДМ Индустриялық даму комитетінің хабарлауынша, 80 шақырымдық Алматы–Қонаев тасжолының бойында, Алматының солтүстігінде орналасатын G4 City АЭА аумағы 30 мың гектарды алып жатады. Оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Ведомствоның есептеуінше, G4 City АЭА құру арқасында оның аумағына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 2025 жылы 265 миллиард теңгеден бастап, 2035 жылы 4 триллион 440 млрд теңгеге (қазіргі бағаммен шамамен 9 млрд долларға) жетуі шарт. Тағы бір нысаналы көрсеткіш – АЭА аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру көлемі 2025 жылы 34 млрд теңгеден басталып, он жыл ішінде 1 трлн 719 млрд теңгеден асуы міндет. Жаңа АЭА қатысушыларының саны 2024 жылы 9 компаниядан басталып, 2035 жылы 84-ті құрауы тиіс. 2024 жылы 242 жұмыс орны ашылмақ, он жылдан соң осы аумақ 32 636 адамды жұмыс орнымен қамтуы керек. Арнайы экономикалық аймақ 2047 жылға дейін жұмыс істейді деп белгіленген. Сол жылы инвестиция көлемі 6 трлн 845 млрд теңге, оның аумағында өндірілетін өнімдердің жылдық көлемі 2 трлн 521 млрд теңге, қатысушы компаниялар саны 88, ал құрылған жұмыс орындарының көрсеткіші 61 109 межесіне жетуі қажет. Үкімет G4 City-дің 1 кезегінде Gate ауданына 2023–2027 жылдары 114,5 миллиард теңге жұмсау, яғни 5 жыл бойы жыл сайын 22 млрд 909 млн теңгеден бөліп тұру мәселесін пысықтап жатыр. Gate City 1-кезегін сумен жабдықтау жүйелерін, су қабылдағыштарды, кәріз-тазарту құрылыстарын және серік қаланың 4 ауданына су бұру жүйелерін салу үшін бес жылда жыл сайын 1,8 миллиард теңгеден шығындау қарастырылған. Осы кезеңде, биылдан бастап Гейт ауданын электр қуатымен қамту үшін жарты млрд, ал жылумен жабдықтау үшін 1,3 миллиард теңгеден жыл сайын шығындап тұру жоспарланды. Негізі, ұтымды әрекет етіп, ресурстарын ұқсатып жұмсап, іске ұқыпты қараса, Алматының серік қаласын жаңа даму ошағына, болашақтың қаласына айналдыруға әбден болады. Басқаны айтпағанда, арабтар тапшылығы мен таршылығы зор шөл далада заманауи қалалар тұрғызып жатыр. Үкімет жаңа жобада G4 City-дің – 4 заманауи тақырыптық ауданнан тұратын ақылды қала болатынын көрсетіпті. Мамандар оның Алматы–Қонаев автомагистралінің бойында орналасуын бәсекелестік артықшылығы санайды. Себебі, бұл автомагистраль «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» континентаралық дәліздің, Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығының, Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің және Жібек жолы стратегиялық бастамасының тірек нүктесі болып есептеледі.