Бүгінде «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығының екі бірдей өңіріндегі пансионаттарға қатысты тергеу жүріп жатқаны мәлім. Осыған байланысты біз елордада орналасқан қайырымдылық қордың өкілдерімен кездесіп, мәселенің мәнісін білу үшін балалардың тұрмыс-жайымен танысып қайттық. Қауымдастықтың Астана қаласындағы бөлімшесі «Отырар» қайырымдылық қоры деп аталады. Мекеме Есілдің оң жағалауында орналасқан бес қабатты ғимарат екен. Дегенмен оның сыртына қарап, бұл жердің пансионат екенін ажырату қиын. Оның үстіне, біз барған күні қайнаған қызу тіршілік те байқалмады. Адасып барған бізге жол көрсеткендер тек Егемен Қазақстан көшесі 15 мекен жайында орналасқан ғимаратқа ғана бағыттап жібергені болмаса, шағын көшенің бір қуысындағы орталықты тұрғындар қайырымдылық қор екенін, балаларды тәрбиелеумен айналысып жатқанынан да бейхабар сыңайлы. Мекеменің домофоны арқылы кім екенімді таныстырып ішке кіруге рұқсат алдым. Себебі, бұл жерге бейтаныс адамдар кіріп-шығуына рұқсат жоқ. Елдегі кейбір ақпараттарға қатысты алып-қашпа әңгімелердің өздеріне түк қатысы жоқтығын түсіндіріп болған соң ғана мекеме заңгерімен бірге төраға орынбасары Шалқар Бостандықұлы әңгімесін бастады. Сөзінен ұққанымыз, қайырымдылық қор жұмысына талай жылдың жүзі болыпты. Балалардың жатын орны, сабақ оқитын кітапханасы, акт залы мен асханасын таныстырып шыққанда қор төрағасы Григорий Штрак та қасымызда жүрді. Ұлты неміс болса да қазақшаға судай басшының мұсылман дінін қабылдап, мешітке де жиі бас сұғатынын білдік. Түркияның қолдауын күткен хат
Қайырымдылық мекемелерінің жұмысы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Анығын айтсақ, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін сол кездегі Ақмола облысының әкімі Аманжол Бөлекбаев Түркияға арнайы хат жазып, ұстаз сұратады. Тіпті мешіттің ақсақалдар алқасы ретінде Хамидолла Ысқақ хатты өз қолымен апарған. Сол хаттың негізінде 1992 жылы Түркиядан Абдулла Кезер атты ұстаз келеді. Аты түрікше естілгенімен, ұлты қазақ ол қиын-қыстау кезде сол елге кеткен. Кейін ұстаз ретінде туған еліне оралып, жастардың бойындағы діни тәрбиені беруге атсалысуды азаматтығы деп ұққанын айтқан Шалқар Бостандықұлы: «Қазір ол кісі елордада тұрады. Осылайша, алғаш сол ақсақалымызды хат жазып, аттай қалай алғыздық. Сөйтіп, Ақмолада мешіттің қасында осындай медресе ашылып, мекеме жұмысын бастайды. Кейін 1993 жылы Светлана Жалмағамбетова Түркияға қайтадан хат жазып, ұстаз сұратады. Қысқаша мекеме жұмысы осылай басталды. Қазір қордың бөлімдері барлық облыста және мегаполисте бар. Кейбір орталықтарда қыз балалар да тәрбиеленіп жатыр. Бірақ қыздардың пансионаты бөлек. Қауымдастықтың мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынның бойына тәрбиені сіңіру. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жастарымызды дінге баулу мақсаты қойылды», – дейді ол.Бүгінге дейін қайырымдылық мекеме ретінде тұрақты жұмыс істейтін қордың пансионатында 3500-ге жуық тәрбиеленуші бар. Осы жылдарда жатар орны мен үш уақыт тамағына дейін беріп, қамқорлығына алынған мектеп жасындағы балалардан бастап студенттерге дейін имандылық сабағын оқып, тәлім-тәрбие алып жатқан көрінеді. Мекеменің мейірімін көрген 10 мыңға жуық шәкірт әртүрлі салаларда қызмет етіп кетсе, оның сыртында бір апта, бірнеше ай бойы тәрбие алған жастар жетерлік. Осылай деген мекеме басшылығы қор 2011 жылға дейін ашық түрде медресе түрінде жұмыс істегенін айтып отыр. Ол уақытта қор жұмысын бағыттап отыратын ешқандай заң болмаған. Алайда 2011 жылдың аяғы мен 2012 жылдың басында елде «Дін туралы» заң қабылданып, Дін істері агенттігі құрылды. Сол кезден бастап қайырымдылық мекемелерін бір ізге түсіру жұмысы қолға алынып, діни сабақтарды діни бірлестіктер ғана бере алатын норма қарастырылған. Оған сәйкес, медресе ретінде жұмыс істеген қауымдастықтың пансионаттары ҚМДБ-мен меморандумға жасалады. Сөйтіп, агенттік, қайырымдылық мекемелері және ҚМДБ арасында келісімшарт бойынша, қор жұмысы жалғасын табады. Жат ағымдарға қарсы иммунитет
«Біз мұнда ешқандай ағымның сойылын соқпаймыз. Керісінше, балаларды отансүйгіштікке баулып, біреудің ала жібін аттамау, әртүрлі деструктивті жат ағымдарға қарсы жастардың бойындағы иммунитетті қалыптастыруға күш саламыз», – дейді Шалқар Бостандықұлы. Оның айтуынша, жақсы маман болу үшін, өз мамандығына адал, халқымызға әділ қызмет істейтін жастарды тәрбиелеу үшін имандылық қажет. «Осы қор жұмыс істеп келе жатқан 30 жылға жуық уақытта өз мақсатымыздан мүлт кетіп, бағытымыздан айныған күніміз жоқ. Өзіміз де осы жерде тәлім-тәрбие алдық. Күні бүгінге дейін өзіміз алған тәрбие мен білімді өзімізден кейінгілерге үйретіп келеміз», – дейді ол.
Қазір елорданың оң жағалауындағы пансионатта 100 бала тәрбиеленеді. Мұндағы балалардың имандылық сабақтан бөлек, орта білімді қалай алатыны қызықтырғаны рас. «Әрине, балалар мектеп білімін алу міндетті. Сол үшін пансионатымызға жақын мектептерде орта білімді қатар алуға бүкіл жағдай жасалған. Бізде тек оқушылар ғана емес, студенттер де бар. Өйткені қалаға арман қуып келген жастар жатақханадан орын іздейді. Жатын орын таппаған студенттер де бізге келеді. Қазір қор 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін, колледж бен университет оқитын студенттерге де қайырымдылық көрсетіп жатыр. Күндіз олар орта мектеп пен университеттеріне барады. Түске дейін сабағында, түстен кейін біздің қармағымызда. Қандай балалармен араласып жатыр, жатқан жері жайлы ма, тамағын уақытылы жеп жүр ме, ортасы қалай екен деген уайым болмайды. Балалардың жүріс-тұрысын, мектеп бағдарламасын қадағалайтын тәрбиешілеріміз бар. Арнайы пән мұғалімдерін де жалдап жатырмыз. Қосымша сабақ ұйымдастырып, балалардың тоқсандық қорытындыларын жақсы нәтиже көрсету үшін қаражат бөлеміз. Өзіміздің де тәрбие жұмыстарымыз бар. Қаланы қыдырту, саябаққа шығару секілді әртүрлі тәрбие жұмыстарынан бөлек, көңілді демалыстар да тұрақты ұйымдастырылады», – дейді Шалқар Бостандықұлы.Оның айтуынша, қор «Зербала» жекеменшік оқу орталығымен келісімшартқа отырып, балалардың ой-өрісін дамытуды қолға алыпты. Одан бөлек, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін жекеменшік тіл курстарымен келісімге келген көрінеді. Мәселен, мұндағы балалар араб грамматикасы, ағылшын тілі, үшінші тіл баланың таңдауы бойынша оқытылады екен. Тіл курстары да, оқу орталығы да балаларға дәрісті пансионатқа келіп оқытады. Одан бөлек, балаларға математика және физика пәндерінен рэпетитор жалданады. Мұғалімдер балалардың өздері білім алатын мектептің өзінен алынады. Тіпті мектепке де балаларды тасымалдауды қор өкілдері өз мойнына алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндерін жеткізді. Сонда мұндағы тәрбиеленушілер аптаның бес күні пансионатта, сенбі-жексенбі үйлеріне қайтады. Діни дәрісті кім өткізеді?
Балаларға білім мен тәрбие беруге атсалысып отырғанын елдегі Оқу-ағарту министрлігі біле ме? Сөйтсек, қор жұмысына бұл министрліктің арнайы рұқсаты қажет емес екен. Өйткені бұл жердің негізгі бағыты – тәлім-тәрбие беру. Сондықтан қайырымдылық мекемесі өз жарғысы негізінде жұмыс істейді. Алайда Білім басқармасы қор тәрбиеленушілерін қаладағы қандай мектептің қабылдайтыны жөнінде тығыз байланыс орнатылған. «Мәселен, қаладағы мектепке балаларды қабылдаған кезде де тәрбиеленушілер қор атынан барады. Бірақ рұқсат ата-ананың өтінішімен сенімхат аясында жүзеге асады. Егер ата-аналар тарапынан сенім болмаса, бауыр еті баласын білмеген, сенбеген мекемеге немесе күмәнданған пасионатқа бермейді деп ойлаймын. Осы жылы Астанада көптеген студентті жатақханадан шығарып тастады. Міне, былтыр осындай 70-ге жуық бала кезекте тұрды. Бірақ олардың барлығын қабылдай алмаймыз. Орын саны шектеулі», – дейді қор өкілі. Дін істері агенттігі, ҚМДБ арасындағы үшжақты келісімде көрсетілгендей, пансионаттағы балаларды ата-аналардың өтініші бойынша мешіттен бекітілген ұстаз оқытады. Және иман сабағы тек мешітте оқытылатын көрінеді. Оған сәйкес, әрбір мекемеге өзіне жақын орналасқан бекітілген мешіт бар. 2021 жылға дейін имамдар пансионатқа келіп өздері сабақ оқытса, қазір балаларды мешітке қор өкілдері өздері әкеледі. Балаларға арналған кітаптар арнайы сараптамадан өткізілетінін айтқан Шалқар Бостандықұлы: «Өкінішке қарай, БАҚ бетінде қайырымдылық қорының пансионаттағы балаларға жат ағымды дәріптеп, айтқанға көнбегендерді зәбір көрсеткені туралы ақпаратына байланысты ҚМДБ біржақты келісімді бұзып отыр. Бізге жабылған жала үшін 30 жылдық тарихы бар қордың жұмысына күйе жағылғаны құп болмады. Бізді қадағалап отырған құзырлы орындар бар. Тіпті ҚМДБ, дін істеріне жауап беретін агенттік қызметкерлерінің балаларына дейін осында тәрбие алып кетті. Саяси мақсатымыз болса, мемлекетке қарсы қандай да бір қитұрқы әрекеттер жасасақ, сыртқы күштердің ықпалы болып сезілсе бақылау қазіргі заманда аса қиындық тудырмайды. Оны қадағалап отырған органдар бар. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы іске қатысты әділ шешім шығады деген үміттеміз. Себебі соттың шешімі біздің қордың үш мыңнан аса шәкіртіміздің ертеңі үшін маңызды», – дейді қор өкілдері.Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қазір «балалар пансионаты үйінің атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерінің кәмелетке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі және басқа да қылмыстарды жасады» деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр. Әзірге белгілісі, пансионаттарда тұратын кәмелетке толмағандар жүйелі түрде діни жоралғылар мен ұжымдық дұғаларға қатыстырылады. Бұған көнбеген балаларға тамақ, су бермеу арқылы жазалаған, кей жағдайда физикалық күш қолданылғаны туралы да мәлімет тарады. Тіпті күдік тудырған пансионаттарда жүргізілген тінту кезінде шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдары табылған. Талай шәкіртке иман байлығын сыйлады деген қорға қатысты қоғамның күдігі бекер емес. Өйткені Алматыда пансионатта жүріп жәбір көрген жасөспірімдер де шындығын айтып, шырылдап жатыр. Мәселен, Алматыдағы пансионатта тұрған жасөспірімнің бірі «Имамдарды жолатпай, жұма намаз жабық түрде оқылды» дегенді айтқан. Оның айтуынша, қайырымдылық қорына қарайтын жатақханада тіпті шетел азаматтары діни тақырыпта емтихан тапсыртқан. Бұған дейін БАҚ-та құзырлы органдардың дәл осындай балалар пансионатына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны айтылған еді. Әркімнің өз шындығы бар. Қалай десек те қайырымдылық қорына қатысты қылмыстық іс әділ шешілгені керек. Себебі қазақтың ертеңі ұлттық ұйытқысы бола алатын білімді, тәрбиелі ұрпақ. Сондықтан қор атын жамылып, жастарды жат ағымның жетегіне жетектетіп жібермеу үшін үй ішінен үй тіккісі келетіндердің жолын жабу маңызды.