Кейінгі кезде ит адамның досы ғана емес, адам өмірінің арашасы екеніне көз жетті. Түркиядағы зілзала кезінде қазақстандық құтқарушылардың Джейкоб Вертуоз, Чарли Кинг атты көмекшілерінің есімін жиі естідік. Соның ішінде Джек Газиантепте үйінді астынан үш адамды тапқан. Иесі – құтқарушы-кинолог Ерік Берікұлы. Оның іздестіру-құтқару саласындағы еңбек өтілі – 14 жыл. Қызығы, Джектің иесі иттің де жағдайды жанымен түсінетінін, барынша көмектесетінін айтып берді.
– Алдымен Түркиядағы құтқару жұмысына тоқталсаңыз. Бұған дейін жер сілкінісі болған жерге барып, құтқару жұмысын жүргізуде тәжірибеңіз болды ма?
– Иә, 12күн бойы Түркияның Газиантеп қаласында іздестіру-құтқару жұмысын жүргіздік. Өзім – құтқарушы-кинологпын. Бірінші күннен іске кірісіп кеттік. Жағдайды көргенде демалуды да, жолдан келгеніңді де ұмытып кетесің. Шынымды айтсам, үй қирандыларын көргенімде іштей тірі адам жоқ-ау деп топшыладым. Дегенмен бізге бөліп берген аумақты барлауға кірістім. 1-2 сағат көлемінде барлау жүргізіп, үйінді ішін кедергілерден тазарттық. Құтқарушыларға кедергі келтіретін заттарды жолдан алып, қауіп бар-жоғын анықтадық. Байқағаныңыздай, зілзала орнында алдымен кинолог жұмыс істейді. Содан кейін ғана құтқарушылар оқиға орнына кіреді. Осылайша, біртіндеп мәйіттерді шығару жұмысын бастадық. Қайсыбірін айтайын, денесі жартылай сыртқа шығып жатқан, үйінді астында қалған бірталай мәйітті шығарып, жақындарына тапсырдық. Айнала азан-қазан шу. Жылап-сықтаған адам. Барынша мән бермеуге тырыстық. Бізде психологиялық түрде дайындық болғандықтан, алдымыздан не кезігерін ойша бағамдап келгенбіз.
Тәжірибеме келсек, осыдан бірнеше жыл бұрын Қарғалыны су басқанда сонда барып, іздестіру жұмысын жүргіздік. Көкшетаудан ұшқан ұшақ құлағанда, Алматыдағы бір үй жарылғанда ТЖ қатарында болдым. Екі адамды қар көшкіні арасынан іздегенім бар. Мәселен, 2018 жылы Үлкен Алматы шыңында туристер тобынан бір қыз адасып қалады. Сонда Джек әлгі қызды тауып, бізге белгі берген еді. 2020 жылы Алматыдағы «Шымбұлақ» ауданында адасып қалған 1955 жылы туған азаматты құтқаруға көмектесті.
Жалпы, бұдан бұрын зілзала орнына тікелей барып, жұмыс істеп көрмегенмін. Тек оқу-жаттығу жиынында жер сілкінісі бойынша теориялық, практикалық білім аламыз. Мәселен, Қырғыз Республикасында ТМД елдері арасында зілзала тақырыбында оқу-жаттығу жиыны өткен. Сонда өзара тәжірибе бөліскеніміз бар.
– Сіздер қызмет еткен Газиантеп қаласындағы аумақ пен оның жағдайы туралы не айтасыз?
– Аталған қалада 7-8 қабатты үйлер құлаған. Мысалы, жартылай жер ішінде кіріп кеткен үйлер бар. Мысалы, төменгі қабаттағы 2-3 қабат жер астына кіріп кеткен, қалған қабаты тұр. Жартылай құлаған ғимараттар да кездесті. Джек үйінді арасынан үш адамды құтқарды. Негізі, бізге көпқабатты құлаған үйдің орнында іздестіру-құтқару жұмысын жүргізуге бұйырды. Аталған орын шыны-әйнектен, киім-кешек пен тұрмыстық заттардан көрінбейді. Қолаңса иіс шығып кеткен. Осыны көріп, асықпай іске кірістік. Аумақты 7-8 бөлікке бөліп, іздестіруге тапсырма бердім. Бөлінген бөліктерді Джекпен бірге мұқият араладық. Тура ортасына келгенде ол шарқ ұрып айнала бастады. Мінезін жақсы білген соң бірдеңе тапқанын сездім. Өйткені оңға қарай төрт метр, солға қарай үш метр айналып жүр. Бір нүктеге келіп иіскелеп, үш рет үрді. Оған сәл демалыс беріп, қасындағы бөлікті іздестіруге кеттік. Бірақ Джек қайта айналып жоғарыдағы орынға барып, мені тартқылай бастады. Сөйтіп, құтқарушыларға қазуға белгі бердім. Биіктігі үш метр, жанына қарай бес-алты метр тереңдікке қазды. Ішінен тірі үш адамды алып шықты. Зер салып қарауға уақытым болмады. Туыстары келіп, алғыс айтқанын білемін.
Жұмысыма келсек, қиранды ішін жалғыз өзім барлап шығамын. Жұмыс бастамас бұрын бәріне оқиға орнын босатуын сұраймын. Арқамда сөмкем, жанымда итім болады. Осылайша, үйінді орнының сызбасын жасаймын. Сыртымнан бір адам қарап отырып, нұсқаған жерді белгілейді. Қиранды ішіне ешкім кірмейді, қолыммен белгі беріп, сызып отыруын бақылаймын. Одан кейін құтқарушылар мен автотехника жұмысын бастайды. Олар бірден үйіндіні қаза салмайды. Жолда кездескен темірді, бетон қалдығын тазартады. Керек болса, кеседі. Сөйтіп, өздері жүре алатындай етіп қазып, үйіндінің астында қалмас үшін домкратпен бекітеді. Дауыс еститін құрылғы, апаттық-құтқару, пневматикалық құрылғы, болгарка, темір кесетін құрылғы, 22-27 тонна көтеретін домкраттар бар. Дауыс еститін құрылғының құлаққабы бар. Былай айтқанда, құтқарушының стетоскобы іспетті. Тықырлағанды, сықырлағанды естиді. Мысалы, кинолог бір жерді нұсқаса, алдымен дыбыс еститін құралмен тағы да көз жеткіземіз.
– Құтқарушы-кинолог ретінде қызмет еткеніңізге неше жыл болды?
– Негізі, құтқарушы-кинолог ретінде жұмыс істегеніме 14 жыл болды. Тарқатып айтсам, әскерде шекарада қызмет еттім. Сонда сарбаз-кинолог ретінде бір жыл жұмыс істедім. Арада үзіліс болып, кинологиядағы білімімді қайта шыңдап, түрлі курстан өттім. Сөйтіп, 2010 жылы төтенше жағдайлар қызметіне жұмысқа тұрдым. Итімді күшік кезінен кинологияға бейімдедім. Алғашқы аттестациядан ойдағыдай өтіп кеттік. Аттестацияға келсек, кинологтар жыл сайын кезекті тексеруден өтеді. Еліміздің түрлі қаласынан кинологтардан құралған комиссия келеді. Одан бөлек, түкпір-түкпірден кинологтар аттестациядан өтуге келеді. Іссапар мен жол шығынын қызмет орны түгелдей көтеріп алады. Мысалы, биыл Алматыда өтсе, келер жылы басқа қаланы таңдап аламыз. Мұны өз арамызда талқылап, дауыс береміз. Аттестация үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде иттің ебі мен иесін тыңдауы, мойынсынуы тексеріледі. Мысалы, құрылыс тақтасына шығарып, тепе-теңдік ұстай алатыны, әткеншек арқылы орындалатын жаттығуда ептілік танытып, иесін қаншалықты тыңдай алатыны сынға түседі. Жалпы, бұл кезеңде берілетін 50 ұпайдың 30-ын жинасаң, келесі кезеңге жолдама аласың. Екінші кезең табиғат аясында өтеді. Комиссия мүшелері ертемен орын таңдап, сол жерде сынақ әзірлейді. Әрқайсысына 100-150 метр жол беріледі, жолдың екі жиегі жыңғыл. Ит 20 минут ішінде комиссия жасырып қойған үш адамды іздеп, табуы керек. Егер үш адамның екеуін тапса, келесі кезеңге өтеді. Ал үшінші кезең – техногенді деңгей. Яғни, қиранды не қала шетіндегі иесіз ғимарат ішінде іздестіру жұмысы жүргізіледі. Мұнда да қиранды арасына адамдарды жасырып, 20 минут уақыт береді. Айта кетерлігі, үш адамды жасырса, төртіншісіне киім жасырады. Осы уақыт ішінде екі адамды тапсаң, өткенің. Қиранды айналасын толық қоршап, үйінді арасына тек итті кіргізетіні тағы бар. Егер аталған кезеңнен өте алмай қалса, ит іздестіру жұмысына қатыстырылмайды.
– Кез келген иттің құтқарушы бола алмайтынын білеміз. Осы орайда итіңізді қалай бейімдедіңіз?
– Итімнің есімі – Джейкоб Виртуоз. Негізі, Джек деп қойғанмын. Әріптесімнің танысының иті күшіктеп, «ішінен таңдап ал» деді. Сегіз күшіктің арасынан Джекті таңдап алдым. Сонда кішігірім зерттеу жүргізіп, екі-үш сағат жұмсағаным бар. Күшіктің ұмтылысына, қорқақ не батыл екеніне мән бересің. Мәселен, тамақ беремін, шөптің үстіне жеп, шашып, қалай иіскеп-іздейтінін бақылаймын. Психологиядағы төрт тип бойынша жіктеп, қараймын. Мысалы, 30 минут бақылаған соң үш күшікті қатардан шығарып тастадым. Артынша санын екеуге қысқарттым. Бес күшіктің арасында сынақ жүргізгенде екеуі суырылып алға шықты. Сонымен, екі күшікке ұзақ қарап отырып, таңдауым Джекке түсті. Сонда ол үш айлық күшік еді. Тұқымы – Бельгия овчаркасы. Бұл тұқымдағы кейбір иттер секірмейді. Бірақ Джекті күшік кезінен секіріп үйреттім. Тіпті, жерден танктің биіктігіне дейін секіретін дәрежеге жетті. Іледегі полигонда істен шыққан тікұшақ, пойыз арасымен, құрылыс тақтасы үстімен жүргізіп, әбден шыңдадым. Өзіммен бірге жүгіреді, жаттығуға қатысады. Ыстық, суыққа қарамай қасымда жүреді. Кемшілігі – бір рет психикасына кері әсер етсеңіз, қайта қалпына келтіру қиын. Мысалы, үрейленсе, есінде қалып қалады. Таудағы жаттығу барысында найзағайдан қорқатынын байқадым. Найзағай жарқ ете қалса, екі құлағын қысады. Дегенмен желден, тағы басқасынан қорқатын иттер болады. Бастысы, қорқынышын жеңуге көмектесіп, шыңдау керек. Кез келген итті бейімдеп, бағыт бере аласыз. Джектің алдында Веста есімді итім болды. Босерон тұқымы, Санкт-Петербордан арнайы ұшақпен алдыртқанмын. Аттестациядан бірде-бір рет мүлт кеткен емес. 9 жастан 10 жасқа қараған шағында жүрегіне күш түсіп, қартайып өлді. Қазір Джек жеті жаста, яғни ары кетсе, 2-3 жыл өмірі қалды. Сондықтан орнын басар күшік іздеп жүрмін.
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ