Атырау қаласы қазір расымен де қоқыс алаңына айналғандай. Ауаға жіберілетін лас қалдықтарды айтпағанның өзінде, Атырау облысы аумағында 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Ол қоқыстардан мұнайлы өңірдің қай уақытта түпкілікті тазаратыны белгісіз. Бүгінде облыс аумағында 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Және онда 2 миллион 650 мың тонна қоқыс жиналған. Оның тұрғындардың денсаулығына тигізіп жатқан залал-зардабы өз алдына бөлек тақырып. Әрине, қоқыстың тау-төбе болып жиналып қалуы кейбір тұрғындардың қарапайым қоқыс тастау мәдениетін меңгермегенін көрсетсе керек. Айналаға кәмпиттің қағазы мен судан босаған пластик құтыны лақтырып кететіндер қоқысты бейберекет тастауға болмайтынын әлі күнге дейін үйрене алмай жүрміз.
«Тіпті, нанның өзін басқа лас қалдықтармен қосып, лақтыра салу әдетке айналған. Қалада нан қалдықтарына арналған контейнерлерде де бар. Бірақ тұрғындар үшін нанды түрлі тұрмыстық қалдықтармен бірге қоқыс жәшігіне лақтыра салу оңай болып тұр», – дейді атыраулық Гүлмира Тасымова.Жаз шықса, қолқаны қабатын иістен зәрезап болған тұрғындар қаланы қоқыстан тазалау мәселесі түпкілікті шешілгенін қалайды. Әйтсе де, жауаптылар бір-біріне сілтеп, тұрғындардың қалауын орындауға асықпайды. Әзілхан Байбатыров – қаланы қоқыстан тазарту жауапкершілігін басқаға ысырмай, өз қолына алған атыраулық азаматтың бірі. Алғашқы қадамын пластик құтыларын жинауға арналған 300 жәшікті қала ішіне орнатудан бастаған әлеуметтік кәсіпкер сол кездің өзінде айына 10 тонна пластик пен 15 тонна қағаз қалдығын жинаған. Кәсіпкер жылдық қуаты 150 мың тонна қоқыс өңдеуге жететін қалдық сұрыптау кешенін салды. Испаниялық Imabe Iberica компаниясымен бірлесе салынған кешен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бірақ іс мұнымен бітпей тұр. «Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау саласы мемлекет тарапынан субсидияланбайынша, Қазақстанды қоқыстан тазарту мүмкін емес. Жалпы құны 3 миллиард теңгеге тұрғызылған кешенді күтіп ұстау үшін жылына 660 миллион теңге керек. Егер күтіп-баптау жұмыстары уақытылы жүргізілетін болса, кешен әлі жиырма жыл қоқыс өңдеуге қауқарлы. Бірақ Атырауда тұрмыстық қалдықты шығару үшін бекітілген тариф өте төмен. Оны көтеруге халық қарсы. Шын мәнінде, қоқыс үшін тұрғындар төлейтін қаражат операциялық шығындарды өтеуге ғана жетеді.
Шын мәнінде, қалдықтарды өртейтін жақсы зауыттың құны кемінде 300 млн – 1 млрд доллар аралығында тұрады. Және ондай зауыттар қалдықтардың көп бөлігін өртеу арқылы, жылу мен электр энергиясын өндіреді. Осындай кешенді жүйе тұрмыстық қалдықтарды жинау мен энергия қолданғаны үшін төленетін тарифтердің жоғары болуының арқасында жұмыс істейді. Қазақстандағы жағдай керісінше болғандықтан, біз ондай өркениетті елдердің тәжірибесін қолдана алмаймыз. Сондықтан шетелдік инвесторлар Қазақстандағы тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу саласына инвестиция салғысы келмейді», – дейді GreenCityClinic компаниясының директоры Әзілхан Байбатыров.Сала маманының сөзінің жаны бар. Өркениетті елдерде расымен кәдімгі қоқысты өңдеп пайда табатындар көп. Мысалы, Швейцарияда қоқыс полигондарын салуға 2000 жылдан бері тыйым салынған екен. Өйткені бұл елдегі әр отбасы тұрмыстық қалдықтарды өздері сұрыптап, тиісті мекемелерге өткізеді. Сол үшін арнайы төлемақы да алады. Және қоқысты сұрыптау мәдениетіне бүлдіршіндерді балабақшадан бастап үйретеді екен. Қоқыс сұрыптауда әлемге үлгі мемлекеттің бірі – Франция. Париж маңындағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян келтірмей отыр. Қоқысты қайта өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек, тіпті, газетке арналған қағазға да шығарады екен.
«Жапонияда қоқыстар арнайы контейнерлерге сұрыпталып жиналады. Іріктеліп салынған қалдықтар қайта өңделіп, құрылыс материалы немесе шикізат ретінде кәдеге асырылады. Тіпті, өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғымен тығыздап, құрылысқа пайдаланады. Осындай өркениетті елдердің озық тәжірибелері бізге де керек», – дейді микробиолог ғалым Жанар Нұртөлеу.Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, Атырауды қоқыстан тазартуға салынып жатқан екі өңдеу зауытының көмегі болады.
«Промэкология» ЖШС мен «Гринсити» ЖШС кешендерінің қуаттылығы жылына 75 және 150 мың тоннаны құрайды. Бірінші кешен бойынша инвестиция көлемі 1 миллиард теңгені, екіншісі бойынша 1,5 миллиард теңгені құрады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін екі кешеннің құрылысы биыл аяқталады», – дейді Нұрлан Жантоқов.Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбеймесе, азаймағаны белгілі. Сол қоқыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Сондықтан қоқыс сұрыптау мәдениетін өзімізден бастамасақ, әуелі өзіміздің кейіннен келер ұрпақтың денсаулығына қатер көп.
Атырау облысы