Бүгін Ресей Федерациясының Кемерево қаласында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары басталды, — деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Әуелі «Кузбасс» мұз сарайындағы Ұлттық құрамалар шеруінде еліміздің Туын шорт-трекші Санжар Бекежан ұстап шықты. Алдағы күндері Қазақстан осы халықаралық жарыста 6 спорт түрінен сынға түсетін 64 атлеттің жолына үмітпен қарайды.
«Туды ұстап шыққаныма қуанып тұрмын. Бұл мен үшін мотивация. Енді жарыс кезінде жүлде алуға, қасымдағы жора-жолдастарыма үлгі болуға тырысамын. Бірінші халықаралық жарыс болғандықтан, қобалжып жүрміз. Алайда дайындығымыз жақсы»,– деді.Шеруден соң «Азия балалары» ойындарының Туын алғаш рет танымал спортшылар ортаға алып шықты. Олардың бәрі кезінде осы ойындарға қатысып, кәсіби карьерасын бастаған танымал атлеттер. Ту ұстаушы 6 адамның қатарына елімізден бокстан әлем және Азия чемпионы, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов шақырту алды.
«Мен де үлкен спорттағы алғашқы қадамымды 2004 жылы Якутск қаласындағы жазғы «Азия балалары» ойындарында жасағанмын. Арада 19 жыл өтіпті. Қазір трибунада отырған жас спортшылардың қандай күйде отырғанын жақсы түсінемін. Бұл олар үшін тәжірибе жинайтын, шыңдайтын жақсы алаң болады. Менен басқа Ту ұстаған 5 спортшы да ресейлік екен. Осылай елеп шақырғандары үшін рақмет. Ұлттық құрамамыз сәтті өнер көрсетеді деген сенімдемін», – деді Мерей Ақшалов рәсімнен кейінгі сұхбатында.Осыдан кейін ойындар тарихынан сыр шертетін түрлі қойылымдар мен концерт болды. Бұл қатарда мәнерлеп сырғанаудан 2 дүркін Олимпиада чемпионы Евгений Плющенко, жас спортшы Александр Плющенко мен олимпия ойындарының жүлдегері Александра Трусованың арнайы шоуын атап өтуге болады.