Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алулар өткізген кезде бағаны қолдан қымбаттату деректері анықталды. Яғни, кейбір мекемелер азық-түлікті бірнеше есе қымбат бағаға сатып алмақшы болған. Тіпті, лот бағасын алты есе шарықтатып жіберген жайттар кездеседі. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі хабарлады. Бас бостандығынан айырылған адамдарды жұмысқа орналастырумен айналысатын «Еңбек-Қызылжар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның филиалы минтай балығының бір келісін 12 мың теңгеден сатып алмақшы болғаны анықталды. Баға алты есе қымбаттатылған. Уәлиханов аудандық ауруханасы көмірдің келісін 10 мың теңгеден сатып алуға оқталған. Айта кету керек, өңірде көмірдің бір тоннасының (!) бағасы орташа есеппен алғанда 15 мың теңге маңайында. Тиісті органдардың араласуынан соң ғана аурухана мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгеріс енгізген.
«Минтай балығының бағасын түсірдік. Соның нәтижесінде 150 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Сондай-ақ Тайынша аудандық блім бөліміне жоспарының алты пунктін қайта қарау туралы ұсыныс жасалды. Нәтижесінде, жиһаз, қазандық және оқу кабинеттерінің сатып алу бағасын арзандатудың арқасында 115 миллион теңге бюджет қаржысы үнемдеудің сәті түсті», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов.Оның айтуынша, жалпы бір ғана қаңтар айының ішінде 14 мемлекеттік органға 19 ұсыныс хат жазылып, 170 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделіпті. Былтыр сатып алу бағасын көтерудің 96 дерегі тіркелген екен. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданып, 49 мемлекеттік орган бағаны төмендетуге мәжбүр болған. Сөйтіп, екі миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысының негізсіз жұмсалуының алды алынған. Сергей Перов мемлекеттік сатып алу жүйесі – антикор талдаушылары күнделікті мониторинг жүргізетін бағыт екенін атап айтты. Ондағы басты мақсат – жоспарлау кезеңінде-ақ тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу.
«Осы бағыттағы алдын алу жұмыстары бюджет қаражатын неғұрлым үнемді және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Біздің талдаушылар «бірыңғай сатып алу терезесі» жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары тапсырыс берушілерді анықтайды. Нәтижелер тәуекел тобындағы бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілеріне жіберіледі. Біз негізінен сатып алу жоспарының тармақтарын барабар бағаға қарай қайта қарауға шақырамыз», – деді Сергей Перов.ҚҰМҒА СІҢГЕН ҚАРЖЫ Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Петропавл қалалық әкімдігі соңғы үш жыл ішінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағанын анықтады. Бұл қаржы о баста жолдарға қиыршық тас төсеу үшін бөлінген екен. Бірақ қалалық әкімдіктегілер нақты орындалған жұмыстарды айқындау әдіснамасының жоқтығын және сараптама жүргізудің қиындығын білгендіктен, қала көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасамаған әрі сметалық есептеулердің бағасын қасақана шарықтатып жіберген.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау аясында облыс басшылығымен бірлесіп, Петропавл қаласының барлық грейдер көшелерін жоспарлы асфальттау туралы ұсынымдар әзірленді. «Осы ұсынымды орындау кезінде жымқыру схемалары жойылады. Осылайша, қаражаттың жұмсалуын сапалы бақылауға және қаланың барлық жолдарының жағдайын арттыруға қол жеткізіледі», – деді Сергей Перов.Бүгінде осы ұсынымды іске асыру үшін облыс орталығының 17 көшесін асфальттауға бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінді. Сергей Перов бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды екенін атап өтті. Талдау жұмыстары арқылы барлығы 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 83 ұсыныс берілді. 25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЮДЖЕТ ШЫҒЫНЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ Сонымен қатар прокурорлар да мемлекет қаржысының талан-таражға түспеуін қадағалауда. Мәселен, жуырда прокурорлардың араласуымен бюджет шығындарының жолы кесіліп, мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «Есіл-Петровка» ЖШС-ның Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінен 25 185 000 теңге өндіріп алу туралы талап-арызы қанағаттандырылған болатын. Бұл – борышкердің мүлкін ашық саудада сатудан түскен қаржы. Талап-арызға 2019 жылғы сот шешімі негіз болған. Онда мемлекеттік сот орындаушының әрекетінің заңсыздығына байланысты «Столыпинское» және «Есіл Петровка» ЖШС арасындағы келісімшарт заңсыз деп танылған. Атап айтқанда, сот орындаушының тыйым салынған мүлікті бағалау жөніндегі маманды тағайындау туралы қаулысы себеп болыпты. Алайда облыстық прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық өтініш енгізген болатын. Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы бұған дейінгі сот шешімінің күшін жойып, іс бойынша талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарды. Осылайша, прокурорлардың араласуымен 25 миллион теңгеден астам бюджет шығынының алды алынды. Яғни, Әділет департаменті бұл соманы төлемейтін болды.
Шектен шығу мысалдары жарияланғаннан кейін кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілікке тартылғанын талап етіп отырған адамдар бар. Мәселен, солардың бірі петропавлдық Арман Нұржауыпов: «Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Құр ұсыным беріп, бағаны өзгерту жеткіліксіз. Мұнымен ұрлық тыйылмайды. Басқалар мұндай қадамға бармауы үшін шенеуніктерді аямай қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олардың көбі әлі өз орынтақтарында отыр. Басқа елдерден неге үлгі алмасқа? Бұл қашан аяқталады? Заңбұзушылықтарды анықтағаннан не пайда?» – дейді. Оның пікірін қолдаушылардың қарасы қалың. Олар анықталған қылмыстарды жариялап қана қоймай, кінәлілерді жазалау керек деген пікірде.Шынында да, қадағалаушы және тексеруші органдар араласпаса, кейбір мекеме басшыларының түйені түгімен жұтатын түрі бар сыңайлы. Бұл заңбұзушылықтар дер кезінде анықталмаған жағдайда, қаншама қаржы бәзбіреулердің қалтасында қалар ма еді, қайтер еді?
Солтүстік Қазақстан облысы