Алғыс айту күні Қарағанды облысында құтқарушыларға, дәрігерлерге, еріктілерге, кеншілерге, сондай-ақ коммуналдық қызмет жұмыскерлеріне құрмет көрсетілді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. – Бірінші кезекте біздің ардагерлерімізге өскелең ұрпаққа берген баға жетпес тәжірибесі үшін, кеншілерге, металлургтерге, құтқарушыларға, дәрігерлерге батылдығы мен ерен еңбегі үшін, жастарға – ыстық жүректері үшін, еріктілерге – мейірімділігі үшін алғыс айтқым келеді, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов. – Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелеріне: біздің қоғамда бейбітшілік, тыныштық пен тәртіп орнауы үшін көп күш жұмсағаны үшін алғыс айтамын. Олар үнсіз, PR-сыз үлкен істер атқарады. Менің ойымша, бұл нағыз патриотизм. Осы ерекше күні 28 адам алғыс хат пен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісін алды. Марапатталғандардың бірі – профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Евгений Королев. Ол мамандығы бойынша 17 жыл жұмыс істеп келеді. Жақында әріптестерімен бірге жол апатынан зардап шеккен 15 жасар қызды аман алып қалды. – Жұмыс істеген жылдары мен өз таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Біздің ауруханаға күн сайын ондаған пациент келеді. Олардың сауығуы – біздің ұжымның, біздің команданың ортақ жетістігі, – деп атап өтті Евгений Королев. – Жақында санавиация желісі бойынша бізге жол-көлік оқиғасына тап болған қыз бала келіп түсті. Оның жарақаттары көп болды, соның ішінде ми, кеуде жарақаты. Бұл жағдайдың ерекшелігі – оның бір өкпесі жұмыс істемеді. Тексеруден соң оның өкпесіне тіс тұрып қалғаны белгілі болды. Эндоскопистер тобымен оны тыныс алу жолдарынан алып тастадық. Апаттар медицинасы орталығының жедел әрекет ету бригадасының дәрігері Алмагүл Алдабекова да алғыс хат алды. Ол қазақстандық құтқарушылар делегациясының құрамында екі апта Түркияда болып, фельдшермен бірге жер сілкінісі кезінде зардап шеккен 90 адамға және олардың туыстарына алғашқы медициналық көмек көрсетті. – Мен бала кезімнен дәрігер болатынымды білдім. Адамдарға көмектескенді ұнатамын. Мамандығым бойынша қызмет етіп келе жатқаныма 15 жыл толды, – дейді Алмагүл Алдабекова. – Соңғы бес жылда Апаттар медицинасы орталығында жұмыс істеймін. Біздің жұмысымызда салқын қанды болу және тез әрекет ету маңызды. Мен Түркияға барған кезде мені қолдаған туыстарыма осы күні алғыс айтқым келеді. Олар жұмысым маған қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Сондай-ақ, «Джорджия-2007» грузин қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Григорий Долидзе, Абай ауданының «Русалица» славян этномәдени орталығының басшысы Любовь Стрельцова, «Саран» шахтасының бригадирі Асқар Жұмамұратов, сондай-ақ «Энергоцентр» және «Қарағанды Су» ЖШС ұжымдары алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды. Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтер алғашқылардың бірі болып мұздатылған көршілерге көмектесу үшін қол ұштарын созған болатын.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ