Президент Қ.Тоқаев АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығының бірі деп жариялады. Жалпы, мыңжылдықтар тоғысында азаттығын қалпына келтірген Қазақ елі үшін Американың орны бөлек. Республиканың 90-жылдардағы тоқырау тозағынан құтылып, даму жолына түсуіне ықпал еткен тұңғыш ірі шетелдік инвестор да америкалық болды. Елдегі «жаһандық супергигант» үш мұнай кен орнын игеретін технология КСРО-дан табылмады. Бес шақырым тереңдіктегі қара алтынды үлкен қысым күшімен шығаруды бір жүйеден басқаратын арнайы қондырғысын АҚШ берді. АҚШ соңынан өзге шетелдік инвесторлар Қазақ еліне ағылды. Алып державамен арамыз жақсы
Бүгінде Америка Құрама Штаттары – еліміздің жетекші экономикалық одақтасы. Ал Қазақстанға ең көп инвестиция құйған елдер арасында ол былтыр екінші орынға шықты. Осы орайда сарапшылар АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға ресми сапары екі елдің ықпалдастығын арттыруға серпін беруі тиіс деп бағалап отыр. Мәртебелі мейманды қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанына екпін түсірді. Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды көптеген салада «тамаша әрі сенімді ұзақмерзімді өзара серіктестік қатынастар орнады» деп жоғары бағалады.АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына кепілдік беріп отыр. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында, Блинкеннің сапарына арналған материалда айтылған. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы қолдауы үшін Америкаға алғыс айтты.
– Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан ары дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Президент.Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі екені тілге тиек етілді. Э.Блинкеннің бағалауынша, берік орнаған қазақ-америкалық қатынасы одан ары да күшейе береді.
– 30 жылдан астам уақытта қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Осы бағыттан айнымаймыз, – деген Энтони Блинкен өзара ынтымақтастықты нығайтуға төл үлесін қосатынын нықтады. Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының осы маңызды сапары аясында Орталық Азияның 5 елінің және Құрама Штаттардың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілерінің С5+1 форматындағы саммиті өтті. Мемлекет басшысының байламынша, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы осы кездесудің Астанада өтуі республикамыздың осы елдердің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған күш-жігерін паш етеді. Жиынға Э.Блинкеннен бөлек, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов пен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қатысты. Олар экономикалық және энергетикалық ынтымақтастық, климаттың өзгеруі, сондай-ақ контртеррористік шараларды қоса алғанда көптеген мәселелерді талқылады. Өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасуды ары қарай жалғастыруға келісті.
– Бұл бүкіл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз Қазақстанмен және ОА елдерімен ынтымақтастықты ең жоғары деңгейде дамытуды жақтаймыз, соған берікпіз, – деді Мемлекеттік хатшы.Елордадағы «С5+1» форматындағы кездесуде 6 елдің дипломаттары Орталық Азиядағы және әлемдегі ахуалды талқылады. Гүлденген, тұрақты және бейбіт Орталық Азияны құруды ортақ басымдық ретінде белгіледі. АҚШ-тың өңір елдерінің саяси және экономикалық реформаларына қолдау көрсететінін айтты. Соның арқасында осы елдердің өркендеуіне, оларда заң үстемдігінің орнауына, адам құқықтарының сақталуына, өзара тату, достық қатынастардың тереңдеуіне жағдай жасалады. Қорыта айтқанда, АҚШ пен орталықазиялық елдердің сыртқы істер министрлерінің саммитінде «конструктивті пікір алмасу» жүзеге асты. Елдер әр мәселедегі ұстаным бойынша келісті. Саммит аясында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты форматта да жүздесіп, жеке әңгімелескен.
«C5+1 елдері ортақ міндет қабылдады, сондай-ақ ортақ мақсат, мұраттарды айқындады», – деп қорытты Мемлекеттік хатшы Э.Блинкен.Қазақстанның тұтастығын қолдайды Бірқатар сарапшы бұл сапар тосын болғанын, сондықтан Американың жоғары лауазымды өкілінің Қазақстанға нендей мақсатпен келе жатқаны алдын ала белгісіз болғанын айтып қалды. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев мемлекеттердің бұл сапарға мұқият дайындалғанын қаперге салды.
«Энтони Блинкен Мемлекеттік хатшы лауазымында Қазақстанға, бүкіл Орталық Азияға тұңғыш сапарын жасады. Бұл қатардағы сапар емес. Бірақ бұл күтпеген сапар да емес. Өйткені ол сапар біраз бұрын, 2022 жылдың қыркүйегінде, БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясы кезінде жоспарланды. Сонда Блинкен мырза ОА елдерінің сыртқы істер министрлерімен 2023 жылдың ақпанында Астанада жүздесуге уағдаласқан болатын. Содан бері күн тәртібіне шығарылатын мәселелер пысықталды. Ал C5+1 форматының құрылғанына жеті жылдан асты. Оның аясында сауда, инвестиция, көлік, коммуникация, су, энергетика, қауіпсіздік салаларындағы өзара ынтымақтастық табысты жүзеге асырылып жатыр. Тараптарды бірінші кезекте осы мәселелер қызықтырады», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.Оның пайымдауынша, осы салалардағы тығыз қарым-қатынастар халықтарымыздың әл-ауқатын көтеруге, стратегиялық серіктестікті нығайтуға, алыс-беріс пен барыс-келіс қарқынын арттыруға септеседі.
«Біз үшін маңызды бір мәлімдеме жасалды. Сапар аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Құрама Штаттардың Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің азаттығы мен территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Қазіргі геосаяси ахуал ушыққан алмағайып заманда мұның мән-маңызы зор. Ол елімізде жұмыс істеп жатқан, сондай-ақ алда келуді жоспарлаған инвесторларға да сенім береді. Бұдан бөлек, Орталық Азия мен АҚШ-тың ортақ күн тәртібіне сауда, экономикалық қатынастарды кеңейту және тереңдету, энергетикалық дағдарысты болдырмау, экологияны жақсарту, қауіпсіздікті күшейту мәселелері шығып отыр. Американың осы салалардағы өңірлік ынтымақтастықты, кооперацияны қолдауы да аса маңызды», – деді Санат Көшкімбаев.Ол саммитте жаһандық мәселелер де талқыланғанын жеткізді, аймақ республикалары, Америка бұдан сырт қала алмайды. Әсіресе, Украинадағы соғыс, Ауғанстандағы күрделі жағдай, халықаралық есірткі саудасына тосқауыл қою, экстремизммен, терроризммен күрес мәселелері өзекті. Аймақ елдері Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының өздеріне таралмауын, зиянын тигізбеуін қалайды. Оның да амал-әдістері жөнінде өзара ақылдасып отырған абзал. Санкцияның салқынынан сақтауға көмектеседі Қазақстан Ресеймен бір одақта болғандықтан, әрі сауда, экономикалық байланыстарымыздың ауқымының үлкен болуына байланысты солтүстік көршіге салынған қатаң санкциялардың ызғарын, теріс салдарларын жанама болса да, сезіп отыр. Ресми Астана осыған қатысты алаңдаушылығын жеткізді. Э.Блинкен бұл мәселені білетінін, Қазақстан мен Орталық Азияға тікелей бағытталған санкцияларының жоқтығын, ал жанама әсерлерді бірлесе еңсеруге болатынын мәлім етті. Бірінші кезекте санкциялардан Қазақстанның жанама шығындарын өтейтін тетік қажеттігін баса айтты. Бұл тұрғыдан Ақорда мен Ақ үй ортақ тоқтамға келіп отыр. Сондықтан сарапшылар Америка сыртқы саясат жетекшісінің сапарын өнімді, жемісті деп бағалады.
«АҚШ Қазақстан Президентінің саяси реформаларын толығымен қолдайды. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Қазақстанға алғашқы ресми сапары табысты өтті. Тараптар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың, экономикалық және инвестициялық салаларындағы қатынастардың барлық кешенін одан ары жандандыруға үміт білдірді. Энергетикалық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер, көлік маршруттарын әртараптандыру, санкциялық шектеулер жағдайында өзара сауда саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде тараптардың мүдделерін ескеру туралы өзара түсіністікке қол жеткізілді», – деп мәлімдеді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.Әлеуметтанушы Исатай Минуаровтың айтуынша, тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Уоррен Кристоферден (1993-1997) және Рекс Тиллерсоннан (2017-2018) басқа АҚШ мемлекеттік хатшыларының бәрі Қазақстанға ресми сапар жасапты. Мұның сыртында қазақстандық және америкалық дипломаттар екі елде немесе түрлі құрылтайлар аясында үнемі кездеседі, байланыстар үзілген емес. Саяси шолушы Асхат Қасенғали АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарының үш қорытындысын атады.
«Блинкен Орталық Азия елдерінің ішінде жалғыз Қазақстанның басшылығы ғана В.Зеленскиймен тікелей байланыс ұстап отырғанын жоғары бағалайтынын айтты. Бұл да маңызды. Екіншіден, Қазақстанға ешқандай санкция салынбайды, себебі де жоқ. Ол тіпті талқыланбайды. Бұл да жақсы. Кең тыныстауға мүмкіндік. Үшіншіден, ең маңыздысы – инвестиция. Биылдан бастап инвестицияны көбейтеміз деді. Инвестиция дегеніміз ақша, халыққа жұмыс, технология трансфері деген сөз. Қысқасы, қазіргі геосаяси ахуалда Батыс державалары Қазақстанмен жақсы байланыста болуды көздеп отыр. Барлығымен достық қатынасты сақтап қалу керек», – деді саясаттанушы.Энтони Блинкен Қазақстаннан соң Өзбекстанға және Үндістанға аттанды. Бұлардың бәрі Ресейдің одақтастары. Сондықтан халықаралық сарапшылар түрлі топшылау жасап жатыр. Еуразия кеңістігінде қақтығыстар күшейген кезде, Ресейдің Украинаға шапқыншылығына бір жыл толғанда, төрткүл дүниені билеп тұрған АҚШ Орталық Азияға бас дипломатын жіберді. Бұл біздің өңіріміздің стратегиялық маңызының артқанын көрсетсе керек.