Бурабай баурайындағы заман талабына сай жабдықталған Iqanat мектебінің ауласында ауыл балаларына сый ретінде жаңа кампустың іргетасына алғашқы бетон құйылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Республиканың түкпір-түкпірінен дарынды ауыл балаларына терең білім беруге бағытталған кешенде бүгінде IQanat республикалық олимпиадасының жеңімпаздары, 10-11-сыныптардың дарынды ауыл оқушылары білім алуда. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте ірі компаниялар мен кәсіпкерлер кампустардың, кітапханалардың, жатақханалар мен басқа да маңызды нысандардың құрылысын қаржыландырады. Бұл игі дәстүр Harvard, Stanford, Yale сияқты әлемдегі ең мықты альма-матерлер үлгісіне негізделіпті. Аталған жүйені Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов IQanat мектебінде жалғастырды.
Тимур Турлов – 2019 жылдан бері IQanat жобасының қамқоршысы. Ол Түркістан, Қызылорда, Павлодар және Жетісу облыстары ауыл балаларының білім алуына қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкер мектепте үнемі мотивациялық кездесулер өткізіп, олардың білім деңгейін арттыруға назар аударатынын айтады.
Freedom House деп айдар тағылған жаңа кампустың іргесін қалау шарасына облыс әкімінің орынбасары Малгаджар Таткеев, Тимур Тұрлов, Айдын Рахымбаев және басқа да IQanat жобасының қамқоршылары қатысты.
Жаңа кампус құрылысының арқасында IQanat мектебі өз сыйымдылығын қосымша тағы 120 орынға арттырып, 2023 жылдың күзінде Қазақстанның барлық ауылдарынан жаңа оқушыларды қабылдауға мүмкіндік алады. Кампус ауыл балаларын қызықтыратын және дамытатын орынға айналмақ. Білім ошағының құрамында жеке планетарий, 420 орындық амфитеатр, 7 000 кітап қоры бар кітапхана, STEM жабдықталған зертханасы болады. Мұның барлығы балалардың білім сапасына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ 400 бала қосымша білім алу үшін жыл бойы мектепке келе алады.
IQanat – 100-ден астам қазақстандық кәсіпкерлердің ауыл балаларына қолдау көрсету ниетімен біріккен білім беру жобасы. Осы бағдарламаның арқасында мыңдаған мектеп оқушылары мотивация мен қосымша білім ала алса, ал жүздеген ауыл балалары Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсуде.
Кампус құрылысының басталуына қатысқан жоба қамқоршыларының бірі Айдын Рахымбаевтың айтуынша, білім ошағының басты идеясы ол ұрпақтар сабақтастығына негізделген.
– IQanat ауылдағы білім беру мәселелерін шеше алатын барлық қазақстандық қамқор кәсіпкерлерді біріктіреді және болашақта осы миссияны жүзеге асыратын ауылдың жаңа белсенді де жігерлі жастарын тәрбиелейді. Ал бүгінде Тимур үлгі көрсетіп, қазақстандық балалардың игілігі үшін ізгі қамқорлық дәстүрін қалыптастырып, оларға жаңа мүмкіндіктер беруде, – дейді Айдын Рахымбаев.
Ал жобаны жүзеге асырудың басы қасында жүрген Тимур Турлов мектептің еліміздегі ең озық білім беретін әлі болашақтың іргесін қалайтын мықты азаматтарды түлеп ұшыра алатынына нық сеніммен қарайтынын жасырмады.
– Бүгінгі сапалы білім – ертеңгі табысты болашақтың кепілі. Осы орайда IQanat мектебі – Қазақстандағы ең озық мектептердің бірі. Мұнда ауыл балаларының білім, білік, дағдыларын меңгеруіне және дарындылығын дамытуға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, мектеп еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларға бірдей мүмкіндік береді. Бүгінгі күні ауыл оқушыларының 80%-дан астамы IQanat-та тегін білім алып, түлектер отандық және шетелдік ірі университеттердің грант иегерлері атанады. Freedom House-тың тағы бірнеше жүз ауыл балаларын қамтуды арттыруының арқасында біз елдің зияткерлік, іскер немесе саяси элитасына айналатын жас ақылды балаларды көбейте аламыз, – дейді Тимур Турлов.
IQanat мектебі ауылда өскен дала баласының да заман талабына сай білім алып, жан-жақты дамуына барынша қолдау көрсетпек.