Тұрғындарды жұмыспен қамтумен айналысатын жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеріс жүргізген Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы бірқатар заңсыздықтың бетін ашты. Бірақ жұмыспен қамту орталықтары мұнымен келіспей отыр. Елімізде жұмыспен қамту орталықтары 2011 жылы құрылған болатын. Бүгінде олардың саны 200-ден асты. Бұл орталықтар азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастырады. Сондай-ақ жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасында дәнекер болады. Жұмыспен қамту орталықтарының барлық қызметі тегін. Олар мемлекет қаржысы есебінен жұмыс берушінің талаптарына сай қызметкерлерді кәсіби іріктейді, өзара сұхбаттасуын ұйымдастырады, тіпті жұмыс берушінің тапсырысы бойынша әлеуетті жұмыскерлерге қысқамерзімді оқыту курстарын да ұйымдастырады. Бұдан басқа, жұмыспен қамту орталықтарына уақытша жұмыс орындарын құру үшін мемлекет тарапынан субсидиялар да бөлінеді. Солтүстік Қазақстан облысында осы қаржыға қатысты былық-шылықтың беті ашылды. Атап айтқанда, қысқамерзімді оқыту курстарын ұйымдастыруға келгенде орталық қызметкерлері жолдан тайған. Мәселен, курста оқуды бастап, орта жолда тастап кеткендерге қыруар қаржы жұмсалған. Керісінше, онсыз да жұмыс істеп жүрген адамдар оқытылған. Мәселен, Айыртау ауданындағы серіктестіктердің бірінің жұмысшысы үш ай бойы аспаз мамандығы бойынша оқыған. Бұдан басқа, тағы 9 адам мұндай курстарға мұқтаж болмағаны анықталды. Айта кету керек, оқыған 9 адамның алтауы жұмысқа орналастырылмаған. Тағы бір өрескел заңбұзушылық: тракторшы мамандығы бойынша оқыған ер адам құжат бойынша бір серіктестікке жұмысқа орналастырылды делінгенмен, Жамбыл аудандық сотының үкімімен ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығы шектелген болып шықты. «Яғни, оқыту ресми түрде ғана ұйымдастырылады, адамдарды жұмысқа орналастырып, түпкі мақсатқа жету көзделмейді. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін жұмыспен қамту орталықтары өтінім берген жұмыс берушілермен бірлесіп жалған құжаттар жасайды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының статистикалық деректеріне сәйкес, 2021 жылы жұмыссыз ретінде 3 029 адам тіркелді, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 14 140 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді. Сол сияқты 2022 жылы жұмыссыз ретінде тіркелген 4 167 азаматтың 12 223-і жұмысқа орналастырылған. Жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шараларға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі соңғы бірнеше жылда 4,8 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр. Жұмыспен қамту орталықтарының қызметін тексеру нәтижелері бұл статистиканың ойдан шығарылғанын көрсетті», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Жасұлан Смағұлов. Сондай-ақ кейбір адамдардың жұмысқа орналасқаны расталмады. Шын мәнісінде, олар жұмыс орындарында болмай шыққан. Анықтай келсе, кейбіреулері тіпті жұмыс істемеген немесе 1-2 күн ғана жұмысқа келіпті. Кейбір кәсіпорындарда бұрыннан жұмыс істеп жатқан адамның құжаттары жұмыспен қамту орталығы арқылы енді ғана орналасқандай етіп көрсетілген. Әсіресе, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыруда заңбұзушылық көп. Мәселен, Ғабит Мүсірепов ауданында жеке кәсіпкерлікте соңғы екі жыл бойы жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген адам қайтадан жұмысқа қабылданған. Яғни, жұмыс беруші оның еңбекақысына төленетін субсидияға қызығып, оны әлеуметтік жұмыс орнына қайта қабылдаған. Мұндай жағдай Есіл ауданында да кезікті. Кей жұмыс берушілердің зейнетақы төлемдерін төлемегені де анықталды. Бағдарлама талаптарына сәйкес келмейтін жұмыс берушілер де кезігеді. Сонымен қатар қанша адам қол жеткізе алмай жүргенімен, бизнес-бастамаларды қолдауға бөлінген мақсатты гранттар игерілмегені белгілі болды. Бұған қоса, жұмыспен қамту бағдарламаларына жосықсыз қатысушыларға қатысты наразылық жұмыстарын жүргізудің орнына жұмыспен қамту орталықтары әрекетсіздік танытқаны тіркелді. «Тексеру нәтижелері бойынша жұмыспен қамту орталықтарының басшыларын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту және мемлекеттік бюджетке 38 миллион теңге қаржыны өтеу туралы мәселе қойылып, заңбұзушылықтарды жою туралы қадағалау актілері енгізілді» деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. Ережеге өзгеріс енгізу қажет Бірақ Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы мұнымен келіспек емес. Олардың айтуынша, қолдарында қандай да бір әрекет ету тетігі жоқ. Әрі былтырдан бастап жұмыстың бәрі онлайн жүйеге ауыстырылған. Яғни, жұмыс іздеушілер мен курста оқитындар орталыққа келіп, уақыт жоғалтпайды. Құжаттарының, есептерінің барлығын сайтқа онлайн жүктейді. Жұмыс берушінің бұйрығы болса, орталық жұмыссызға сол мекемеге жолдама ұсынады. Ал шын мәнісінде жұмыс істеп жүр ме, жоқ па, оны тек зейнетақы төлемдерінің түсімі арқылы бақылауға болады. Орталыққа негізінен мониторинг жүргізу міндеті жүктелген. Ал оның аясында қандай шаралар қарастырылғаны еш жерде жазылмаған. Мониторинг онлайн да болуы мүмкін. Біз бұл жұмысты орталық 3 ай бойы атқарамыз. Зейнетақы жарналары түсіп жатыр ма, жоқ па, бақылауда ұстаймыз. Ал жұмысқа орналастырылған адамның үйіне, не жұмыс орнына барып тексеруге құқығы жоқ. Ол үшін учаскелік полиция инспекторын, не басқа да лауазым иелерінің қатысуы керек. Ал оған негіздеме болуы тиіс. Орталық қызметкерлері барса, тексерген адамдарымыз бізді сотқа беруі де мүмкін. Қысқасы, жұмыспен қамту орталықтарының міндеті көп, бірақ қолында билігі жоқ. Оның үстіне, жұмыспен қамту орталығына жүгінетін адамдар негізінен халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарынан. Олардың психологиясы да белгілі бір қиындық туғызады. Басым бөлігі ресми түрде және таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге бойы үйренбеген. Көбіне белгілі бір жұмыс атқарып, сол үшін ақы алуға үйренген. Сондықтан кейбіреулері орталық арқылы орналасқан жұмысқа 1-2 күн, тіпті кейде 1-2 сағатқа ғана келіп, кетіп қалатын көрінеді. Одан соң мұнысына әртүрлі сылтау іздейтіндері бар. Орталықтағылар былтыр осындай 40 шақты адамнан мемлекетке келтірілген шығын қайтарылғанын айтты. Биыл да орталық оларды сотқа беру арқылы шығынның орнын жабуға ниетті. Жалпы, бүгінде жұмыспен қамту орталықтары «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы» ережеге тиісті өзгерістер енгізілгенін қалайды. Қатаң жазаға тоқтам бола ма? Бұл жайт белгілі болғалы солтүстікқазақстандықтар арасында осы тақырып қызу талқылану үстінде. Олардың көпшілігі, әсіресе тәртіптік жауапкершілік қана қарастырылғанына наразы. «38 миллион теңге қаржыны қымқырғаны үшін құр тәртіптік жауапкершілікке ғана тартылып қойғаны дұрыс емес деп санаймын. Жегендерін желкесінен шығару керек. Бұл үшін неліктен түрмеге тоғытпасқа?! Дүние-мүлкін тәркілесе де артықтық етпейді. Бұлардың жемсаулары қашан толады? Қашан тәртіп орнайды? Еңбекақысын алып отыр ғой, бұған қоса оларға халықтың қаржысын жеу керек», – дейді петропавлдық Айман Өстемірова. Облыс тұрғыны Мағжан Бөлекбаев жұмысқа орналастырылғанда» мен «оқытылғандардың» шығындарын тексеру туралы ұсыныс жасап отыр. «Сонда тәртіптік емес, қылмыстық жазаға тартуға болатын фактілер де анықталып қалар. Сондай-ақ жалған құжаттар мен әлеуметтік төлемдер алып отырғандарды да бір тексеру керек. Қаншама сорақылықтың беті ашылып жатқанымен, кінәлі адамдар жоқ», – дейді ол. Екатерина Земенкова атты тұрғын тіпті кінәлілердің және прокурордың актісін орындайтын адамдардың аты-жөнін талап етіп жатыр. «Бүгінде біреудің велосипедін ұрлаған адам түрмеде шіруі мүмкін. Ал вагондап ұрлап, түйені түгімен жұтқандар үсті-басын қағады да, ары қарай ұрлық-қарлық жасай береді. Кішігірім ұрлық жасағаннан гөрі вагондап ұрлаған қауіпсіз бе деп қаласың кейде. Сыбайластардың аты-жөнін атауға не кедергі? Әлде тым атақты адамдар болғандықтан, жасырып отыр ма? Басқа қызметке ауысып кеткен де шығар. Қарапайым адамдар болса, баяғыда темір тордың арғы жағына тоғытылар еді», – дейді ол. Солтүстікқазақстандық Татьяна Верховская соңғы кезде өңірде сыбайлас жемқорлық деректерінің беті көптеп ашылып жатқанына таңданысын жасырмады. Оның ойынша, тексерілетін сала әлі де жетерлік. «Менің таңғалатыным – 30 жыл бойы ешкімнің ештеңеде шаруасы болмағандай. Сыбайлас жемқорлық схемалары ешкім үшін де құпия емес. Солардың арқасында бюджет қаржысы оңды-солы шашылып жатса да, оған ешкім назар аударған жоқ. Мұның бәрін халық бұрыннан білсе де, үндемей келді. Енді кенеттен прокуратура мен антикор білек сыбанып іске кіріскені, әрине қуантады. Тек бұл жұмыс нәтижелі болғай деп тілейік. Меніңше, осы органдардың өздерін тексерушілер керек!», – дейді ол. Кейбіреулердің айтуынша, жұмыспен қамту саласында бұрыннан қалыптасқан схема бар көрінеді. Мәселен, өз таныстарын жалған жұмысқа кіргізіп немесе «оқытып», қаржыны иемденуі мүмкін. Сондықтан мұндай жаңалыққа таңғалудан қалғандар да бар. Олар мемлекеттік органдардың барлығы дерлік жемқор деген пікірде. Бірақ шенеуніктердің барлығын жемқор деп санауға болмайтынын айтып, кінәсіз адамдарды қараламауға шақырушылар да кездеседі.
Солтүстік Қазақстан облысы