1958 жылы «Новый мир» журналына Морис Симашконың «Жусан» повесі жарық көреді. Бұл повесть оқырманды елең еткізбей қоймады. «Жусанның» бас кейіпкері Бейбарыс сұлтан әлем тарихындағы танымал тұлғалардың бірі болған. Француз әдебиет зерттеушісі А.Боскенің пайымдауынша, Симашконың әңгімелерінде «Орталық Азия шөл далаларының ұлылығы, рухы, мәңгілік туралы пайымдауы» бөлек болды. Оны Лавренев пен Твардоский да айрықша атап өтті. Жас прозаиктің таланты сыншыларды бейжай қалдырмағаны осыдан-ақ көрініп тұр. «Жусан» повесінің даралығы мұнымен ғана ерекшеленген жоқ. Киногер қауым да бұл шығармаға ден қойып қарағаны рас еді. Әдебиетте жаңашыл, тың дүние дүбірі естіліп ғана қойған жоқ, көркемдікті көре білген көз оны кино туындыға айналдыруды да мақсат тұтты. Симашконың жолымен бұл тақырыпқа кейінірек Ермек Тұрсынов та оралған. Ол бұған жол сілтеген «Жусан» екенін жасырмайды. «Әдебиет тарихында Морис Давидович Симашконың есімі бөлек. Өте мықты жазушы болды. Мен онымен өте жақсы дос болдым. Оның «Жусан» деген атақты повесі бар. Сол повестің желісі бойынша «Сұлтан Бейбарыс» фильмі түсірілді. Біздің тарихымызды экранға шығарған алғашқы фильмдердің бірі. Мені Бейбарысқа алып келген де Морис Давидович еді. Студенттік жылдардан бастап, мәмлүктердің өмірін зерттеуге кірісіп кеттім» деп жазады Тұрсынов. Мансұров «Бейбарысқа» қалай келді? Повесть 1958 жылы жарық көрді. «Жусан» повесі желісінде фильм түсіру идеясы 1965 жылдан басталған. Алайда кино сценарий 1980 жылы бір-ақ жазылды. Сценарийді жазған – режиссер Болат Мансұров. Мансұровтың тегі – татар. Түркіменстанда дүниеге келген. 1963 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік кино институтын бітіргеннен кейін «Түркіменфильм», «Қазақфильм» киностудияларында жұмыс істеген. Морис Симашконың «Жусан» повесін оқығаннан кейін «Бейбарысты» түсіру туралы ойлана бастайды. Сөйтіп, повесть желісімен кино сценарий жазып шығады. Туынды қалың көрерменге 1989 жылы жол тартты. Кей деректерге сүйенсек, фильмді Мансұров екі нұсқада түсіруді жоспарлаған. Бірін Сириямен, екіншісін Египетпен бірлесіп түсіруді ойлай бастаған. Біреуі – кеңес еліне арнап түсірілсе, екіншісін араб әлеміне бағыттағысы келген. Араб нұсқасына сол елдің актерлерін ойнатуды да ойлаған екен. Бірақ фильм соңында бір ғана нұсқада түсірілді. Фильм совет-египет бірлестігімен бірге дайындалды. Бейбарыстың рөліне үш актер таңдап алынды: балалық шағы, орта жасы және ел ағасы болған тұсы. Негізгі рөл белгілі актер Нұрмұхан Жантөринге бұйырған. Фильмнің директоры болған Олжабай Мұсабековтің айтуынша, «Бейбарыс – Мысырды 17 жыл басқарған қазақ. Тарихи тұлға болған соң, оны ойнауға Нұрмұхан аға бірден келісті». Фильмде Леонид Куравлев, Нұрмұхан Жантөрин, Николай Еременко, Львов Прыгун, Борис Щербаков ойнаған. Бейбарыстың жастық шағын ойнау актер, спортшы Фархад Аманқұловқа бұйырыпты. Ушу саньда спорты өмірлік серігіне айналған жанның үлкен экранға келу тарихы да қызық. 1986 жылы жаттықтырушысы Михаил Рубцов оны жетектеп, «Қазақфильмге» алып келеді. Тура сол уақытта «Бейбарыс сұлтан» фильміне кастинг өтіп жатқан кез. Кастингке қатысуға келген актерлер қатары да қалың. Бірақ режиссер шымыр денелі, спортқа қатысы бар, болмысы, келбеті де кейіпкерге келетін адамды іздеп жатса керек. Ал спортшының түр-тұлғасы бұл рөлге дөп келді. «Нұрмұхан Жантөрин, Дәулет Бейсенов үшеумізді бір қатарға тұрғызып қойды. Дәулет Бейсенов те спортшы. Қарасақ, үшеуміздің де келбетіміз бір-бірімізге қатты ұқсайды. Бәрі аң-таң. Ол кезде менің жасым 23-те, әскерден енді ғана келген кезім. Спорттағы қатал тәртіпке үйренгендіктен кино түсіру алаңындағы ерекшеліктерді көргенде таңданғаным рас. Себебі кино – мүлдем бөлек әлем. Ал спорт – мүлдем бөлек құбылыс. Екеуінің айырмасы жер мен көктей», – дейді Фархад Аманқұлов. Бейбарыстың жастық шағын ойнау спортшыға аса қиындық тудырмаған секілді. Оның образы көп сөйлей бермейтін, сондықтан тек режиссердің айтқанын бұлжытпай орындап ғана жүрген. Әрі өзінің қандай тұлғаның рөлін ойнайтынын жақсы білген. «Көке» – жадындағы өшпес жаңғырық Фильмнің кульминациясы осы сөз бе деп ойлаймын. Бала күнінде шапқыншылықтың құрбаны болып, құлдыққа айдалып кеткен, жастайынан үлкен өмір сынақтарынан өткен Бейбарыстың ең үлкен қаруы әділдік болғаны рас. Бала Сұлтанның жүрегіне салынған ең үлкен жара – ата-анасынан ерте жетім қалғаны. Қорғансыз балаға ешкім пана болмады. Қолдан-қолға, көштен-көшке ілесіп, ерте кезден құлдық қамытын киді. Кісен қолына тағылғанымен, басын төмен иген жоқ. «Менің қолым тиген дүниенің бәрі қасиетке айналады» дейтіні де сондықтан. Ол әлсіздерге қорған бола білді, жүрегіндегі ең ауыр жараны солай емдеп жазды. «Сұлтан Бейбарыстың шындыққа тура қарайтын ұстанымдары қатаң болды. «Сұлтан жүрексіз өмір сүре алады, бірақ ақылсыз өмір сүре алмайды» деген қағидасы көп шындықтың бетін ашады. Сұлтанның әйел затына деген қарым-қатынасының астарында мынандай ақиқат бар. Әр ер азаматтың ессіз істерінің артында бос сауық-сайранға деген әуестік, ашкөздік орын алса, оның түпкі себептерін жанындағы жұбайынан іздеп көру керек. Фильмнің финалы ақиқаттың басын ашады. Мысырдағы пирамиданың ішіндегі құпияны көзімен көретін сәті бар. Бұл адамзатқа үлкен үндеу тастайды. Жерде өзін Құдай сезінетіндер жаратылыстың өз Жаратушысы бар екенін ұмытпауды еске салады. Адам мәңгі емес. Топыраққа айналатын табиғатымызды толық түсінуге сабақ береді. Билік – ақылға иелік ету ғана екенін фильм авторлары Бейбарыстың өмірі арқылы түсіндіріп бере алды. Қандай жағдайда да қан төгілмесе, жаһандану саясатында адамзат бір-бірімен жауласпауды үйренсе, бұл өркениеттіліктің жоғары мәдени деңгейі. Бесік, туған жер, топырақ, ананың зарлы әуені – фильмде Сұлтан Бейбарыстың билікке келудегі басты мотиві ретінде бейнелі түрде ішке өткерген шынайы күйін ашады. Жусанның исіне деген сағынышы, жырақта жүріп қадірін бәрінен артық түсінген, әділдік жолымен ғана жүрген билеушінің шыққан тегіне деген өмірлік із салады. Бүгінгі қоғам осыдан сабақ алса, бұл – фильмнің мақсатының ақталғаны» деп жазады кинотанушы Гүлзат Көбек. «Көке» дейтін бірауыз сөз – жадындағы өшпес жаңғырықты қайта жаңғыртты. Фильмде Бейбарысты елең еткізген де осы сөз еді. «Көке» деген сөздің құдіреті сұлтанның да жүрегін тербеп өтті. Оның көңіл күмбезінде «көке» деген сөз үнемі күмбірлеп тұрғаны анық еді. Оны Нұрмұхан Жантөриннің жеткізуі бөлек еді. «Кез келген әртіс Бейбарысты дәл Жантөриндей ойнай алмайды», – дейді Халық әртісі Есмұхан Обаев. Артық мақтау емес, нағыз лайықты баға – осы. Режиссер Болат Мансұровтың өзі «Жантөринмен түсіру алаңында жұмыс істеу маған жеңіл болды. Мен тек тапсырма беріп, оператордың мизансценаларды қалай түсіру керек екенін айттым. Рөлді Жантөриннің өзі алып шықты» деген екен. Шебердің аты – шебер. «Ол өзінің актерлік шеберлігінің арқасында тарихи тұлғаның озық үлгісін көрсетті». Кино сыншылар осылай баға береді. Бейбарыстың бейнесін бір ғана ұлттың өкілі дәрежесінен әлдеқайда биікке алып кетті. Жусан иісі жанына байыз таптырмайды. Билік те бар, байлық та бар. Ендеше, жаны неге тыныштық таппайды? Ол – туған жерге деген сағыныш еді. Жантөрин оны терең психолизм, ішкі монолог арқылы жеткізді. Тверь қаласында өткен «Созвездие – 90» бүкілодақтық кинофестивалінде актерге «Актерлік мамандықтың дамуына үлес қосқаны үшін» дипломы беріледі. Сол сыйлықты алып тұрып, актер залға қарап: «Бұл мен үшін көп қой» деп жымиған екен. Бұл оның риясыз бейнесі еді. «Бейбарыс сұлтан» Жантөринді даңқ шыңына шығарды. Бейбарысты да қазаққа қайта танытқан Жантөрин еді. Сол жылдары Симашконың «Жусаны» мен Мансұровтың «Бейбарыс сұлтаны» құбылыс болғаны рас. Ол құбылысты асқақтатып, биікке көтерген Нұрмұхан Жантөрин екенін ешкім жоққа шығара қоймас. P.S. Ежелгі Мысыр елін 17 жыл билеген Бейбарыс сұлтан туралы араб тарихшылары ол басқарған кезеңді – «алтын жылдар» деп атайды. Ал тарихшы Вильгельм Тайпольский: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезармен терезесі тең тұратын қаһарман» деп бағалайды. Бейбарыс әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтсақ та жеткілікті. Шын мәнінде, теңдесі жоқ тарихи тұлға. Биыл Бейбарыс сұлтанның туғанына – 800 жыл. Сенат бастамасымен еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойлық шаралар жоспарын Үкіметке ұсынған. Жақында Алтай Көлгіновтің басшылығымен арнайы отырыс өтті. Мерейтойдың шара-жоспары бекітілді. Біраз шара өткізіледі екен. Бірақ мерейтой аясында Мансұровтың «Бейбарысындай» фильм түсіріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз...