Қазақ әдебиетінің эстетикасы жаңа туындымен толықты. Жас ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова оқырманға ерекше шығарма ұсынды. Ерекшелігі сол, бұл әдебиет көп ақынның қара өлеңінің тармақтарымен көмкеріліп қана қоймай, қара сөз бен сурет үйлесім тауып, QR-код сынды технологиямен түрлене түскен. Оның көмегімен өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиопоэзия тыңдай аласыз. Қазақ әдебиетінің эстетикасы делінген кітап жайын білмек үшін оны құрастырушылардың бірі, ақын Рысгүл Досжановамен тілдестік. Tarmaqtar кітап болып жарияланбас бұрын, әлеуметтік желіде парақша етіп ашылған. Бүгінде 35 мыңнан астам жазылушысы бар парақша 830 жазба жариялап үлгерген. Онда жоба авторы қазақ әдебиетінің жауһарларынан үзінді – тармақтар ұсынып жүрді. Онысын заманға сай минимализм стилінде безендіріп, проза мен поэзияның өзіндік эстетикасын қалыптастырды.
«Tarmaqtar 1,5 жыл бұрын әлеуметтік желіде жай ғана парақша болып басталған. Кез келген адам әртүрлі сезімді бастан кешеді: қуанады, мұңаяды, бақыттан басы айналып, қайғы-мұңнан күйзеліп жатады. Осындай сәтте жанын ұғар, сезімін түсінер қара сөзге зәру боламыз. Tarmaqtar – адам жанының хаосын реттеуге титімдей болса да септесер жоба болса деген арман болды. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын, оқырманнан келетін көптеген хатқа сүйеніп, өзімізді «жан тыныштығы министрлігі» деп атаймыз. Көптің ықыласына бөленген жобамызды парақша күйінде қалдыруға қимадым, уақыт өте кітап құрастыруға бел будық. Tarmaqtar туындысының жарық көргеніне бір айдан енді асты, осы аз уақыт ішінде қолдан-қолға тарап, тез сатылып жатыр. Тіпті, өзге қалаларға жеткізілген кітаптар бір-ақ күнде таратылып, қуанып жатқан жайымыз бар. Бұл – біздің аудиториямен дұрыс жұмыс істей алғанымыздың нәтижесі деп ойлаймын», – дейді Рысгүл.Жас ақын қазіргі оқырман кітап оқымайды деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, бүгінгі әдебиетке жаңашылдық жетіспейді. Tarmaqtar кітабы заманауи стильде безендіріліп қана қоймай, QR-кодпен басылды. Оқырман бұл туындының дизайны мен иллюстрациясынан рухани, эстетикалық ләззат алып қана қоймай, QR-кодтың көмегімен көңілін селт еткізген қара өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиосын тыңдай алады.
«Бүгінгі жастар проза оқымайды, поэзия тыңдамайды деп кінәлап жатамыз. Қолынан кітабын тастамайтын жастар баршылық. Тек оларды қызықтыра алуымыз керек. Автор не баспагер қандай да бір әдебиет жарық көрмес бұрын оның насихатымен айналысуы тиіс. Мәселен, өз басым 1,5 жыл аудитория қалыптастыруға тегін жұмыс істедім. Олардың қызығушылығын бағамдап, әр уақытта дұрыс кері байланыс орнатуға тырыстық. Өлең шумағын оқып, ұнатып қалған оқырман әлеуметтік желіде поэзияның толық нұсқасын бөлісіңізші деп жатады. Кітап құрастыру кезінде осыны ескердік. Сәйкесінше, кітаптың таралымы да жақсы нәтиже көрсетті», – дейді Рысгүл.Жас ақын бүгінгі әдебиетке жаңашылдықтан бөлек, маркетинг керек деп есептейді. Тіптен, кітаптың безендірілуіне дейін жаңа маркетинг технологияларын пайдаланатын уақыт келді.
«Поэзия – сөзбен салынған сурет, ол өлең шумақтары ғана емес, әдемі әлем. Сол әсемдікке әсер сыйлау үшін бүгінгі оқырманның сұранысына құлақ түрсек игі. Мәселен, махаббат туралы өлеңге қос аққудың, туған жер жайлы шумақтарға таулы өлкенің суретін беру өткеннің мұрағатында қалды. Қазір әдебиетті аса талғаммен әрлемесек, әдебиетсүйер қауымды таңғалдыра алуымыз екі талай. Сондықтан авторға да, баспагерде де ізденіс қажет», – дейді ол.Одан соң әдебиетке жаны ашитын қауым бұл саланы насихат қылу ісін өзінен бастағаны абзал. Бүгінде креативті өнер, әдебиет жасауға, өзгеше бағыттағы ерекше мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік зор. 2021 жылы Рысгүл Tarmaqtar жобасымен TEDx Astana сахнасына шақырту алды, онда да қалың көпшілікке әдебиетті жаңа бағытта насихаттау керегін және бұған ақын-жазушы, автор, баспагерден бастап қарапайым әдебиетті сүйетін оқырманға дейін атсалысуының маңызы туралы айтты. «Менің де бұрын танылғым келген тым ерте, Сөрелерден табылғым келген тым ерте. Танысып қалған құрбыжан ғана болмаса, Танып та әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке», –
деп жырлайды ақын Ерлан Жүніс. Бүгінде ақын-жазушылардың қалың оқырманға танылуы бұрынғыдан бөлек. Еліміздегі Жазушылар одағы, түрлі басылымдар осы күнге дейін әдебиеттегі қаламгерлерді таныстырып келді. Әйтсе де, бұл насихат бізге жетті ме, жеткілікті ме? Біз – смартфон заманында туып-өскен ұрпақпыз, кез келген білімді, ілімді, рухани азықты сол ақылды құрылғылардан іздейміз. Әдебиетті әлеуметтік желіге икемдеп, ондағы оқырманмен қауыштыру үшін креативті жобалар жасауды неге өзгеден күтеміз? Осы ой Tarmaqtar жобасын жасауыма түрткі болды. О баста көкейде түрлі күмән мен күдік болды, десек те ерекше ынтамен жасалған жоба оқырманның ықыласына бөленді», – дейді Рысгүл.Жас ақынның айтуынша, Tarmaqtar тек әдебиетсүйер қауымға арналмаған. Мәселен, бұл парақшаның қазақ тілін меңгеріп жүрген жазылушылары да бар.
«Қырғыз елінен, Өзбекстан, Моңғолиядан бізге хаттар көптеп келіп жатады, кітабымызға да шетелден сұраныс жетерлік. Жалпы, Tarmaqtar – жан дүниесі сусап жүрген адамның барлығына ортақ жоба, бұл жерден оқырман жан тыныштығын, өз атмосферасын, эстетикасын таба алады», – дейді автор.Tarmaqtar жобасының асқақ арманы орындалды – Tarmaqtar туындысы жарық көрді.
«Енді бұдан үлкен арман керек. Сонда ғана біз жаңа белесті бағындырамыз. Қазақстанның бүкіл өңірін аралап шықсақ деген ниетіміз бар. Соның жүзеге асуына жұмыс істейміз», – дейді автор. Рысгүл – жас ақын. Жеке шығармашылықпен айналысып, авторлық туындысын шығармас бұрын, қазақ әдебиетінің жыр жауһарларын жиып, кітап қып жариялауды арман қылған. Өзінің ақындығы туралы сұрағанымызда, автор: «Мен аз жазатын ақынмын. Өзімді танылған ақын деп те санамаймын. Бірақ іздеп, оқып тұратын оқырманымның барын сеземін. Қиялға берілген де, мүшәйра үшін де жазатын ақын емеспін. Авторлық кітабымды шығару әзірге жоспарда жоқ. Әлі де іздену, еңбектену керек. Поэзияны насихаттау форматын модернизациялау аса маңызды. Өз оқырманың қалыптасып, жарық көрген кітабыңды іздеп оқымаса, оның рахаты болмайды деп ойламаймын», – деп жауап берді.