Партия делегациясы «Өнерпаз» мәдениет орталығында Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті.
Жергілікті тұрғындар алдында сөз алған «Ауыл» ХДПП төрағасы Әли Әбдікәрімұлы ауыл шаруашылығы заңнамасы, өндіріс, шаруалардың азық-түлік базарларымен делдалсыз жұмыс істеуі, жер мәселесі, салық жеңілдіктері мен азық-түлік белдеуі сияқты мәселелерге тоқталды.
«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Анна Данченко туған ауылы мен отбасы туралы айтып, медицина тақырыбына да тоқталды. Сондай-ақ ауылдарда сапалы медициналық көмек пен мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Үміткер Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстанның жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы өз ойын бөлісіп, ауылдарға арнаған өлеңін оқыды.
Жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар мен фермерлер ауыл тіршілігін жақсарту бойынша сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Үміткерлер партияның сайлауалды бағдарламасында жоғарыда аталған тақырыптар көтерілгенін, ауылдардың барлық маңызды мәселесі қамтылғанына сендірді. Аудан тұрғындары делегаттарды қолдап, алдағы сайлауда партияға сәттілік тіледі.