Таразда бүтін бір отбасы ажал аузынан аман қалды. Газға уланған шаңырақ мүшелерін мектеп мұғалімі мен учаскелік полицей құтқарып қалған. Сабаққа келмеген оқушыны іздеп барған ұстаз бен тәртіп сақшысы бірер минутқа кешіксе, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Алайда абырой болғанда отбасының көрер жарығы бар екен. Жалпы, оқиға наурыз айының 6-сы күні болған. №22 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаева 8 жасар оқушының сабаққа келмеу себебін білмек мақсатында Тараз қаласы ПБ 2-ші полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лей-тенанты Әлішер Ермековпен бірге баланың үйіне сағат 22.00-дер шамасында келеді. Тәртіп сақшысы үйдің қақпасын қанша қақса да, ешкім жауап бермейді. Ал көршілері кешеден бері отбасы мүшелерін көрмегенін айтады. Бөлмелердің жарығы жанып тұрғаннан кейін учаскелік полицей көршісінің рұқсатымен тұрғын үйдің ауласына кіреді. Терезеден еденде ес-түссіз жатқан баланы көрген Әлішер бірден құтқаруға кіріседі.
– Терезеден баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдім. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды. Отбасы мүшелері көміртегі тотығымен уланып қалғанын түсіндім. Бірден газды жа-уып, барлық терезені аштым. Барлық бөлмені аралап, бес адамды далаға шығардым, – дейді полиция лейте-нанты Әлішер Ермеков.Тәртіп сақшысы бірер минутта 58 жастағы отағасын, 47 жастағы әйелін, 10 және 12 жастағы қыздарын және ең кіші 8 жасар баланы далаға өзі көтеріп шығарған. Полицей зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі қажетті көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жұмысына да жәрдемдескен. Қазір отбасы мүшелері аурухана-дан қажетті емді алуда. Дәрігерлердің айтуынша, егер оларға көмек сәл кешiккенде ешкімді құтқару мүмкін болмайтын еді. Ажал аузынан аман қалған отбасының отағасы Бақытжан Байтасов өзі мен жанұясын ажалдан құтқарып қалған тәртіп сақшысы мен мұғалімге алғысын білдіруде.
– Сол күні жел қатты тұрған болатын. Жанып тұрған от бірнеше мәрте өшіп қалып жатты. Содан түнде ұйқымнан оянғанда оттың өшіп қалғанын көріп, оны қайта тұтатып жатқан болатынмын. Бәлкім, осы кезде газ бөлмеге тарай бастаған болар. Дер кезінде көмекке келіп, отбасымды құтқарып қалған учаскелік полицей мен мектеп мұғаліміне айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ қажетті ем-дом көрсеткен дәрігерлерге де дән ризалығымды білдіремін, – дейді отағасы.Тәртіп сақшысы мен мұғалімнің ерлігі қандай құрметке де лайық. Бүтін бір отбасының мүшелерін ажалдан аман алып қалу – көпке үлгі іс. Бейбіт күннің батырларының ерлігін алғаш естігенде жамбылдық жұртшылық «Неге оларға лайықты құрмет көрсетілмейді? Жайшылықта полицейлерді де, мұғалімдерді де кінәлауға дайын тұрамыз. Неге олардың осындай ерліктерін дәріптеп, марапатқа ұсынбаймыз?» деп шулай кетті. Артынша, жағымды хабар жетіп, тәртіп сақшысының ерлігі министрлік марапатына ұсынылғаны айтылды. Ал кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ерлігімен ел ықыласына бөленген азаматтарды жеке қабылдап, құрмет көрсетті.
– Өз өмірін қатерге тігіп, көмек қолын созуға ұмтылатын жандар қашанда мақтауға лайық. Түрлі оқыс оқиғаларда төнген қауіпке қарамастан, өзгенің өмірін құтқарып қалған азаматтарға айтар алғыс, көрсетілетін құрмет шексіз. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келмейді. Сіздер бейбіт күннің батырысыздар. Бұл сіз-дердің өз жұмыстарыңызға жауапкершілікпен қарап, әр баланың тағды-рына алаңдайтын жанашырлығыңызды білдіреді. Осы арқылы сіздер тек мектептің ғана емес, тұтас ұстаз дейтін ұлы мамандықтың абыройын көтеріп, беделін биіктеттіңіздер. Бұл – сіздердің өз мамандықтарыңызды сүйетіндіктеріңіздің, құрметтейтіндіктеріңіздің айғағы. Осы ерліктеріңіз өскелең ұрпаққа үлкен үлгі, мол тағылым. Баршаңызға осы батылдықтарыңыз бен қырағылықтарыңыз үшін алғыс білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деген шаһар басшысы бейбіт күннің батырларына арнайы дайындалған сый-сыяпаттар ұсынды.Бес бірдей отбасы мүшелерінің өміріне араша түскен жанның бірі Эльмира Еселбаеваның айтуынша, барлығы қас-қағым сәтте болған екен.
– Мектебімізде 2-сыныпта оқитын Бекжан Бақытжанұлы сабаққа келмегеннен кейін үйіне бірнеше мәрте қоңырау шалдық. Сынып жетекшісі барып есігін қағып күндіз аша алмай кетті. Содан түс ауа анасының жұмысқа шықпағанын білдік. Сәлден кейін әкесінің де қызмет орнында болмағаны туралы хабар жетті. №10 орта мектепте білім алатын отбасының 2 баласы да сабаққа бармаған екен. Содан мән-жайды анықтау үшін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Есенаманова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Исмаилов, полиция инспекторы Әлішер Ермеков және мен төртеуіміз үйіне бардық. Көршілерінен отбасы мүшелерін кешеден беру көрмегендерін естігеннен кейін ауласына еніп, терезеден қимылсыз жатқан адамдарды көріп, бірден құтқаруға кірістік. Шынымды айтсам, не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Терезені сындырып, отбасы мүшелерін аман алып шығуды ғана ойладық, – дейді Эльмира.Байқап тұрсақ, тәртіп сақшысымен бірге мектеп әкімшілігі де отбасы мүшелерінің амандығы үшін күрескен екен. Эльмира кеше Тараз қаласы әкімдігінің құрметінен бөлек, Ішкі істер министрлігінің «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін» медалімен марапатталды. Ал полиция лейтенанты Әлішер Ермеков министр қолынан марапат алу үшін Астанаға аттанып кетті. Әрине, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігу – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Егер тәртіп сақшысы мен ұстаздар үй терезесін сындырып жатқанда бір ұшқын шығып, жарылыс болғанда оның арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан полицей мен мұғалімнің ерлігі – сөзсіз көзсіз қаһармандық. Сондай-ақ тұрғындар осындай оқыс оқиғалардан сабақ алып, үйіндегі оттегі құрылғыларына сақ болса екен дейміз. Себебі барлық жағдайдың соңы дәл осындай жақсы аяқталмауы бек мүмкін. Бет қатталып жатқанда:
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков 6 наурыз күні газдан уланған бүтін бір отбасын ажалдан құтқарып қалған №22 орта мектеп мұғалімдерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Жамбыл облысы