Бони мен Клайд, Бейонсе мен Джейзи сияқты тек сурет әлемінде қол ұстасып келе жатқан жұптар бар. Солардың бірі – қазақстандық суретші-дизайнерлер Бақыт Шүкетаев пен оның жұбайы Әйгерім Кәрібаева. Олар елімізде алғаш рет арт-шоурум ашып, қазақ мәдениетінің әлемге таралуына атсалысып жүр. Бүгінде суретшілердің қолынан шыққан туындылар әрбір шаңырақта ілулі тұр. Себебі суретшілердің қозғайтын тақырыбы да, стилі де ерекше. Біз суретші-дизайнер Бақыт Шүкетаевпен тілдестік.
– Қазақстанда алғашқы арт-шоурумды ашудағы негізгі мақсатыңыз қандай?
– Темірбек Жүргенов атындағы колледж бен өнер академиясында білім алдым. Өмір бойы сурет салып келе жатырмын. Негізгі мамандығым – суретші-дизайнер. Ұзақ жыл бойы дизайнер ретінде әртүрлі жобада жұмыс істедім. Бір кезеңдерде жеке жобаларымды жүзеге асыру үшін фрилансқа да ауыстым. Дизайнер ретіндегі тәжірибем маған сурет өнерінің құндылықтарын кеңірек түсінуге мүмкіндік берді. Осылайша, салған суреттерімді Instagram-ға жариялай бастадым. Алғашқы туындыларымды сатып алушылар бірден табыла кетті. Жұбайым да суретші болғандықтан, бұл іспен белсенді түрде айналысты. Сол кезде адамдар біздің жұмыстарымыздың түп нұсқасын тамашалайтын арнайы орын ашу керек екенін ойлай бастадық. Арт-шоурум ең бірінші халыққа ыңғайлы болу үшін ашылды. Біздің шоурум 2 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі қолданушылары арасында танымал. Қазақстандықтардан бөлек шетелдік қонақтар да жиі келеді. Шетелге бара жатқандар мен үйіне қонаққа келгендер міндетті түрде ұлттық кәдесый іздейді. Ал біздің туындыларымызда ұлтымыздың барлық ерекшелігі бейнеленген. Сондықтан да шығар, кәдесый іздеген адам арт-шоурумға келеді. Осы арқылы туристер арасында шоурум танымал бола түсті. Себебі елімізде дәл біздікіндей басқа арт-шоурум жоқ. Осылайша, адамдарға мәдениетімізді насихаттап, шығармашылығымызды дамытып жүрміз.
– Арт-шоурумға халықтың қызығушылығы қай деңгейде?
– Халықтың арт-шоурумға қызығушылығы жоғары. Шетелдік қонақтар мен делегациялар картиналарды келіп тамашалап жүр. Олар осылайша қазақ халқының мәдениетімен танысуда. Өз елдеріне бізден түрлі кәдесый алып кетеді. Сондай-ақ адамдар біздің картиналарды интерьер мен үйлерді безендіру үшін де сатып алады.
– Суретші болу бала күнгі арманыңыз ба?
– Өнерлі отбасында өстім. «Архитектор ағам сияқты боламын» деп кішкентайымнан сурет салатынмын. Осы дарынымды байқаған анам мені өнер мектебіне апарды. Содан кейін Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының көркемсурет колледжіне бардым. Менің шығармашылық жолым сол жерден басталды. Кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түстім. Магистратураны да сол білім ордасында оқыдым. Графикалық дизайн мамандығын игеріп, көптеген дағдыны үйрендім.
– Суреттеріңіздің басым бөлігі ұлттық нақышта екен. Замануи элементтерді де пайдаланыпсыз. Мұны сіздің ерекше стиліңіз деп айта аламыз ба?
– Иә, өз туындыларымда мәдени мұра тақырыбын зерттеймін. Байқасаңыз, туындыларымның тақырыбы балалық шақ, мейірім мен жақсылық, естеліктер жайлы. Сондықтан да картиналарым адамдар арасында үлкен резонанс тудырды. Әр адам суреттен өзін көреді. Себебі біздің өскен ортамыз, қоғамымыз бір. Суретші ретінде сурет салумен шектелмей, адам өмірінің маңызды сәттеріндегі салт-дәстүрлерді де зерттеймін. Осылайша, халқымыздың салт-санасын визуалды тілде жеткіземін. Менің туындыларымда заманауи ноталар да, қазіргі заманғы сюжеттер де бар. Күн сайын көретін, өмір сүріп жатқан қоғамымызды бейнелеймін. Картиналарымда салт-дәстүр, балалық шақ пен қазіргі қоғам қатар кездеседі.
– Көрмелерге қаншалықты жиі қатысасыз? Көрерменнің ықыласына бөленген 3 суретіңізді атаңызшы?
– Әлі үлкен жеке көрме өткізген жоқпын. Бірақ болашақта жеке көрме ұйымдастыру ойымда бар. Менің ойымша, бұл кез келген суретші үшін маңызды. Дегенмен көрерменнің арасында қызығушылық туғызып, танымалдыққа ие болып жүрген жұмыстарым бар. Бір қызығы, мұндай картиналардың барлығы ою-өрнекпен байланысты. «Ою-өрнектер», «Үйлесімділік», «Көктемгі Қарлығаш», «Сезім», «Апатай», «Шашу» деп аталады.
– Суреттеріңізді түрлі кесе, сөмкелер мен жастықтардың да сыртына басып шығарып, саудалап жүрсіз. Бұл нарық заманының сұранысы ма?
– Авторлық туындыларымды кейбір заттардың сыртына басып шығарып жүрмін. Бұған көпжылдық дизайнер ретіндегі тәжірибемнің пайдасы тиді. Яғни, дизайнды тауардың сыртына басып шығаруды жақсы білемін. Сондықтан да өз суреттерімнің тек үйлердің қабырғаларында тұрғанын қаламадым. Адамдарға менің суреттерім барынша қолжетімді болса және күнделікті өмірде киіп жүрсе деп ойладым. Себебі картиналарда біздің халқымыздың мәдени коды бейнеленген. Осылайша, мәдениетімізді танымал етуге ниеттендім. Сурет деген тек галереялардан көретін, үйге іліп қоятын өнер болмауы керек. Сурет біздің өмірімізде әрқашан бірге жүруі керек. Мен суретке осындай көзқараспен қарап, өнерді өз шекарасынан шығардым. Суреттерге жаңа форма бердім. Олар әртүрлі тауардың сыртына басылып шығып жатыр. Дегенмен маған сол тауардың сапалы, әдемі болғаны да маңызды. Мысалы, біз шығаратын шоперлердің әрқайсысы қымбат картиналардан кем емес.
– Жалпы, елімізде суретшілерді қаншалықты бағалайды? Еңбектеріңіз ақталып жүр ме?
– Менің ойымша, бұл – шығармашылық адамдарының заманы. Өнер адамдарының өздерінің интеллектуалды еңбектерімен жоғары табыс табуы керек. Себебі қазір заман өзгерді. «Ең кедей мамандық суретші» деген стереотип өзгерген. Дара ойлайтын, шығармашылық адамдары ғана қоғамды өзгерте алады. Мұндай адамдарға ресурс та, жұмыс та көп. Тек соны көре білу керек. Ең бастысы, интеллектуал адамдар өз құндылығы мен маңызын түсінуі қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!