Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақылбай орман шаруашылығы аумағында ірі көлемде ағаштарды отап кеткен. Мамандар шығын көлемін 700 мың теңгеге бағалап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бұл туралы Бурабай аудандық полициясы бөліміне биыл 7 наурызда Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясынан хабарлаған. Ведомствоның мәліметінше, тып-типыл болып кесілген ағаштар көп. Сол себепті аумақтық инспекция жоғарыдағы комитетке, Президент Әкімшілігіне, Табиғатты қорғау прокуратурасына хаттар жолдаған.
– Шамамен 70 текше метрден астам аумағы 0,33 гектар орман алқабынан қайың ағаштарын отап кеткенін анықтадық. Дереу полицияға, жоғарыдағы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне, Табиғатты қорғау прокуратурасы мен Президент Әкімшілігіне хаттар жолдадық. Шығын көлемі 100 АЕК-тан асып кететіндіктен, іс бірден полицияның қарауына тапсырылды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, – дейді Ақмола облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.Полиция жүргізген жедел іздестіру барысында отын дайындаумен айналысатын Қатаркөл ауылының тұрғынын анықтады. «Күдіктіден заттай дерек ретінде 20 текше метр ағаш тәркіленді. Тергеу жүріп жатыр, – дейді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова. Қазір аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 340-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақмола облысы