Бүгінде Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жағдай күрделеніп отыр. Қазір 50-ден астам тұрғын үй су астында қалды. ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 240-тан астам адам эвакуацияланды, оның 20-дан астамы уақытша эвакуациялау пункттеріне орналастырылды, қалғандары туыстарына кетті. 700-ден астам мал қауіпсіз жерлерге айдалды.
«Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында су тасқыны қаупі бар елді мекендерге, өзендер мен көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізу жалғасуда. Жалпы, су тасқынына дайындық және оған қарсы күрес кезеңінде 15 мыңнан астам қапқа инертті материалдар салынып төселді, шамамен 300 мың текше метр су сорылды, 300 мыңнан астам текше метр қар шығарылды, 5 мыңнан астам ойық бұрғыланды, 65 мың шаршы метр мұз кесілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
«Орал қаласы, Шыңғырлау, Бөрлі және Бәйтерек аудандары әкімдерінің шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланды. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді, оған «ҚазАвтоЖол» және «ҚазСуШар» өкілдері де кірді. Облыстық және республикалық штаб базасында жедел желі телефоны ашылды (бір тәулікте ақпараттық сипаттағы 109 қоңырау түсті)», – дейді төтеншеліктер.