Қоғамдық көліктің уақытылы жүру мәселесі шешілмей тұрған Ақмолада енді жүргізушілердің тапшылығы байқала бастады. Автобус жүргізушісінің жоғынан Көкшетау қаласына іргелес елді мекеннің тұрғындары аялдамада қаңтарылып тұратын болған. Онда да автобустың келу-келмеуі екіталай. Келген күннің өзінде оған сыйып міну де кез келген жанға «бұйыра» қоймайды. Қаланың шеткері тұсында орналасқан элеватор ауданында былтыр Қылшақты өзенінен өтетін көпірдің құрылысы жүргізілгенде жол жабылып, қоғамдық көлік қатынасы үзіліп алған. Көпір қайта іске қосылғанымен де бұл аудан тұрғындары автобусты әлі де болса сағаттап күтуге мәжбүр.
– Элеватор шағын ауданына жалғыз №13 автобус қана жүреді. Сағаттап күтеміз. Уақыт тығыз болғанда таксиге мінуге тура келеді. Емханаға күн сайын таксимен бару қалтаны қағады. Біздің ауданда 2 күннің бірінде емханаға баратын зейнеткерлер бар. Шынын айтқанда, олардың зейнетақысының жартысы таксиге кетіп жатыр. Кішкентай баласын да емханаға алып баратындардың жағдайы осы, – дейді қала тұрғыны Ильмира Искакова.Өңірде автобус жүргізушілерінің тапшылығы сезіле бастағанына біраз уақыт болған. Мәселен, Көкшетау қаласындағы автобус парктеріне 80 жүргізуші жетіспейді. Қаладағы үш автобус паркінің қай-қайсысы да осы күйді кешіп отыр. Ресми дерекке сүйенсек, 2015 жылы Көкшетау қаласында бір уақытта 130 автобус жолға шықса, биыл жыл басында жолаушыларға тек 90 автобус қана қызмет көрсететін болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетау автобус паркі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 74 жаңа автобус сатып алды. Сол кезде алынған 10 автобус дәл қазір жүргізушілердің жоқтығынан тұрақта қаңтарылып тұр. Автобус паркі басшысы кадр автобус жүргізуге құқық беретін D санатын беруге тым жоғары талаптың қойылуы себеп болғанын алға тартады.
– 2015 жылдан бері қолданылатын қоғамдық көліктерге жүргізушілер әзірлеу ережесіне сәйкес D санатын алу үшін жүргізушілер кемінде 25 жаста болуы тиіс. Мұнымен қоса оның 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы талап етіледі. Ал D1 қосымша санатымен кемінде үш жыл шағын автобуста жүруі тиіс. Салдарынан автобус жүргізушілері қартая бастапты. Қазір автобус парктері жүргізушілерінің 45-і 63 жастан асқан. 105 жүргізушінің жасы 50-63 жас аралығында. 30 жастан 40 жасқа дейінгілердің саны бар болғаны 22 адам. Ал 30 жасқа дейін ешкім жоқ, – дейді «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-ның президенті Әсия Шәрімова.Автобус жүргізушілерінің өзі болса жастардың бұл салаға қызығушылық танытпауын жалақының төмендігі және жұмыстың тым ауыр болуымен байланыстырады.
– 1995 жылдан бері автобус жүргізіп келемін. Қалааралық, қала ішіндегі маршруттық автобустарды жүргізгенмін. Көкшетауда «СейНур» автобус паркінде қызмет еткенмін. Шынында да, автобус жүргізушілері жетіспейді. Жалақысы тым төмен. Жүргізушілердің басым бөлігінің жасы зейнет жасына жетіп қалғандықтан аз ғана жалақыны қанағат етіп жұмыс істеуге мәжбүр. Мен қазір Щучинск қаласындағы автобус паркіне ауыстым. Жүргізушілерге әлеуметтік пакет қарастырылмағандықтан жастар да келмейді. Сондықтан да кадр тапшылығы бар. Қазір жұмыс істеп жүрген жүргізушілердің көпшілігі бір-екі жылдан соң-ақ зейнетке шығады, – дейді автобус жүргізушісі Арыстан Өміралин.Тасымалдаушылар түйінді мәселені шешу үшін қалаішілік және қалааралық бағыттар үшін автобус жүргізушілерге қойылатын талаптарды мейлінше жеңілдетуді ұсынды. Ал облыстық кәсіпкерлік палатасы жағдайды тиісті заңға өзгерістер енгізу арқылы өзгертуге болады деп есептейді.
– Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 17 сәуіріндегі «Жол қозғалысы туралы» №194-V заңына өзгерістер енгізу қажет. Қалаішілік бағыттарда 23 жастан бастап D санатты жүргізушілік куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылғаны жөн. Сонымен қатар D1 қосымша санатының болуы керек деген талапты да алып тастау тиіс. Қалалық автобус бағыттарында кемінде үш жыл өтіл қызмет еткеннен кейін қалааралық бағыттарда жұмыс істеуге рұқсат ету қажет, – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.Жүргізуші тапшылығынан қоғамдық көлік қатынасы саласындағы мәселелерді одан әрі ушықтыра түскендей. Автобусты сарыла күткен жұрттың жүйкесі сыр бере бастағандай. Бірақ жауаптылар да, автобус парктері де мәселенің жуық арада шешіле қоймайтынын ашық мәлімдеді. Егер бар мәселе қолданыстағы заңға байланысты болса бірер күнде қызметіне кірісетін Мәжіліс депутаттары алғашқы отырыстан осы мәселеге назар аударса құба-құп.
Ақмола облысы