Солтүстік Қазақстан облысында тексеру комиссиясының мүшесі жеті жылға сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, ол қызметтік бабын пайдаланып, пара алған. Тергеу барысында ревизор Талғат Кенжебаев Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығын тексеру барысында бірқатар былықтың бетін ашқан. Бірақ аудиторлық есепте оны көрсетпеу үшін лауазымды тұлғалардан 2,5 миллион теңге пара алған. Осылайша, ревизор айыпты адамдарды тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартудан қорғап қалуға кепілдік берген. Жазадан қорыққан орталық басшылары ревизордың сұратқан қаржысын орталықтың ғимаратында-ақ қолына ұстата салыпты. Тексеру комиссиясы бұдан бөлек облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында және оған бағынышты ұйымдарда да тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылықты анықтаған. Атап айтқанда, мемлекеттік аудит барысында басқармада және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жекелеген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мәселесі бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде шартты жеңілдіктерді дұрыс қолданбау, бухгалтерлік есептің негізгі қаржысы бойынша мәліметтердің дұрыс көрсетілмеуі және басқа да бірқатар заңбұзушылықтың беті ашылған. Алайда аудиторлар тобын басқарған Талғат Кенжебаев облыс әкімінің атына мемлекеттік мекеме басшысы Алмаз Қошмановты тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жасаудың орнына істі пара алып жаппақшы болған. Жазадан жалтаруды мақсат еткен басқарма басшысы оған сұрағанын берген.
«Алмаз Қошмановпен кездесу барысында Кенжебаев оған қатысты шараның алдын алу үшін АИ-95 маркалы 300 литр бензиннің талонын сұрап, заңсыз талап қойған. Қошманов өзінің жеке қаражатын жұмсағысы келмей, өзіне сеніп тапсырылған басқармадан 400 литр бензиннің талонын тегін алып берген, ал 100 литрін жеке басының қажеттілігіне пайдаланған», – деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.Бұл орайда Алмаз Қошманов өз қарамағындағы қызметкерлер мен бағынышты медициналық-әлеуметтік мекемелерді дұрыс бақыламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын.
«Олардың жасалған қылмыс туралы ерікті түрде хабарлағаны және қылмысты ашу мен тергеу барысына жәрдемдескені, сондай-ақ тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Кенжебаевтың тарапынан пара бопсалау фактісі бұл қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатуға негіз болды», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы да дәл осы үкіммен айыпты деп танылды. Басқарма басшысы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны және пара бергені үшін кінәлі. Сол үшін оған берген парасынан 30 есе артық, яғни 1 миллион 978 мың 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ол да өмір бойы мемлекеттік қызмет саласында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Осы мән-жайлар облыстық тексеру комиссиясының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының имиджіне теріс әсер етеді және қоғам алдында мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіреді. Қалыптасқан жағдай осы қызмет саласында сыбайлас жемқорлық көріністерін, сондай-ақ заңбұзушылықтарды жою және оларды болдырмау жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді», – деді Айдос Жүнісов.Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабының талаптарына сәйкес жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді, оның нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шара қабылдауды, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби деңгейін тұрақты негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы зерделеу бойынша сабақтар ұйымдастыру арқылы ұдайы жетілдіру туралы ұсыныс жасады.
Солтүстік Қазақстан облысы