Бүгінгі қоғам қашан да тарихқа ерекше қызығушылықпен қарайды. Себебі адамзаттың қашан пайда болғаны, ұлттардың қалыптасуы мен мәдениетінің дамуы кім-кімге де қызық. Міне, осы құбылысты антропология ғылымы зерттейді. Біз Швейцарияның Цюрих университетінде әлеуметтік антропология мамандығы бойынша докторантурада оқып жатқан Индира Алибаевамен әңгімелестік.
– Антропология мамандығын көп адам таңдай бермейді. Дегенмен сіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды? – Себебі бұл мамандықты елімізде барлық оқу орындарында оқытпайды. Білуімше, тек Назарбаев университетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бар. Антропология мамандық ретінде бізге таныс болмағанымен, өзімізге бұрыннан таныс этнография және этнология салаларына ұқсайды. Бірақ айырмашылықтары да бар. Менің антропологияға келуім тым ұзаққа созылды. Мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын төрт жыл оқыдым. Қолыма диплом алған соң «енді қайда барамын» деген сұрақ пайда болды. Сөйтіп жүргенде философия және саясаттану факультетінде мәдениеттану деген мамандық бар екенін білдім. Мәдениеттану басқа елдердің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді деген оймен сол мамандыққа магистратураға түстім. Магистратурада оқып жүргенде бізге швейцариялық Питер Финке деген антрополог-профессор лекция оқуға келді. Ол өзінің зерттеуі үшін Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Ховд аймағында бір жыл киіз үйде тұрғанын айтты. Зерттеуімен таныстырды. Суреттерін көрсетті. Осы лекция барысында әлеуметтік антропология деген арнайы мамандықтың барын білдім. Ал жазда бір топ студенттер болып, ҚазҰУ-дың магистранттарға арналған академиялық мобильді бағдарламасымен Швейцарияның Цюрих университетіне екі апталық білім алмасуға бардық. Бұл 2012 жылдың жазы еді. Жазғы мектепте Цюрих Университетінің оқытушылары бізге әлеуметтік антропологияның зерттеу әдістерін үйретті. Соның бірі – бақылау әдісі. Тәжірибе ретінде біріміз кітапханада, біріміз музейде, біріміз көшеде адамдардың іс-әрекетін бақыладық. Күнделік жүргіздік. Кейін оқытушылармен бірге оны талқыладық. Анализ жасадық. Мені қызықтыратын тақырып этностық идентификацияның өзгеру процестері. Осылайша, осы қызығушылығым мені Цюрих университетіне әлеуметтік антропология мамандығы бойынша докторантураға түсуіме себеп болды. Швейцарияның неміс, француз, итальян және ретороман тілінде сөйлейтін төрт бөлігі бар. Мен неміс тілді Цюрих кантонында тұрамын. – Магистрлік диссертацияңызды «Медиа мәдениет» тақырыбында қорғапсыз. Қазіргі медиа адамдардан алыстап кеткен жоқ па? – Жоғарыда айтқанымдай, Швейцарияға алғаш рет барған сапарымызда медиа мәдениет тақырыбында магистрлік диссертациямды жазып жүрген едім. Тақырыбым медиаға байланысты болғаннан кейін вокзал маңында газет-журнал, кітап сататын дүкенге бардым. Кім қандай газет-журналдың алдына көбірек келеді, не сатып алады, жынысына, жасына байланысты кімге не қызық, соны жарты күн бақыладым. Автомобиль немесе экономика тақырыбындағы басылымдардың алдында ер адамдардың көбірек тұрақтайтынын, ал денсаулық немесе сұлулық туралы газет-журналдардың алдында әйел адамдардың көбірек бөгелетінін байқадым. Қысқа ғана уақытта бақылаған дүниеден шешім шығару қиын. Бақылау ол зерттеудің бастапқы қадамы. Бірақ маған бақылаған, сол уақытта болған шынайы өмірді қағаз бетіне жазып түсіру және презентация жасаған қызық болды. Қазір медиа адамдардан алыстаған жоқ. Бүгінде интернеттің арқасында ақпарат алу көздері көп. Ақпараттың көптігі адамдардан сыни ойлау, фактчекинг сияқты қабілеттерді талап етеді. Жалпы, бір ақпаратқа сенуден бұрын әр түрлі ақпарат көздерінде ол туралы не жазылғанын оқып, дереккөздің қайдан екенін тексеру керек. – Қазір Цюрих университетінің әлеуметтік антропология мамандығы бойынша PhD дәрежесін алуға дайындалып жүр екенсіз. Сонда әлеуметтік антропология нені зерттейді? Докторлық жұмысыңыз не туралы? – Антропология – адамды зерттейтін ғылым. Физикалық антропология адамның сүйегін, бет-әлпетін зерттесе, әлеуметтік (мәдени) антропология адамның қоғамдағы іс-әрекетін зерттейді. Сондықтан антропологтар ең алдымен қоғамды түсінуге және қоғамдағы әр адамның әрекетін түсіндіруге тырысады. Әлеуметтік антропология әр түрлі топтарға жататын адамдардың дауысын сыртқа таныстыруға тырысады. Олардың проблемасын, қайшылықтарын және әрекетінің түпкі мотивациясын түсіндіреді. Мысалы, не үшін адамдар бірнеше жүздеген адамды жинап алып той жасайды не үшін бір-бірін топтарға бөледі, неге пара беруге, неге таныс біліске жүгінеді, тағы сол сияқты адамның әрбір қалыпты әрекетіне қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Мұндай көп қайталанатын істер нормаға айналғанда «мәдениет» деп аталып кетеді. Антропологтар адамдардың әрекетіне, мәдениетіне жақсы немесе жаман деп баға бермейді. Антропологтың мақсаты сол мәдениетті немесе қоғамды таныстыру, қоғамда осындай топтар бар және сол адамдардың осылай әрекет етуінің мынадай себептері бар деп түсіндіреді. Қазір жазып жатқан докторлық диссертациям Қазақстанда тұратын жергілікті өзбек халқының этностық тұрғыдан өзін-өзі түсінуі, тануы туралы. Диссертациямды әлі қорғамағандықтан нәтижелерімен көп ақпаратты бөлісе алмаймын. Зерттеуім үшін өзбек халқы көп шоғырланған ауылдың бірінде бір жыл тұрдым. Сонымен қатар ол ауылда Өзбекстаннан көшіп келген қазақтар да тұрды. Бір ауылдың шеңберінде өзбек отбасымен және көшіп келген қазақ отбасымен бірге тұрып, өмір сүрдім. Осындай ерекше жағдайда өзбек пен қазаққа тән нәрсені жергіліктілер қалай анықтайтынын зерттедім. Негізі, антропологияның ерекшелігі өзің жазып жатқан мәдениет немесе халық болсын, соның өміріне күнделікті қатысып көруің керек. Антропологтардың ерекшелігі халықтың ішінде өмір сүреді. Сөйтіп көзіңмен көріп, жеке өзіңнің бақылауыңмен жазасың. Антропологтардың зертханасы – бір ауыл, бір адамдардың тобы. – Ұлттарды зерттеймін деп айтып қалдыңыз. Сонда ұлттардың құндылықтары қоғам талабына сай өзгеріске ұшырай ма? – Бізде көпшілік адамдар ұлт (nation емес, ethnicity мағынасында) деген тұрақты, өзгеріске ұшырамайтын, адамның «қанында» сақталып тұратын, ген арқылы анықталатын концепт ретінде қарастырады. Алайда, адамдардың күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін байқап қарасаң, ұлт деген кез келген нәрсеге икемді, өзгеріске жиі ұшырайтын және контекстке тәуелді ұғым екенін байқауға болады. Адамдардың күнделікті өмірінде олардың ұлттық идентификациясының қандай рөл ойнайтынын зерттеп келемін. Жеке адамның өзінің ұлттық бірегейлілігін ерекше көрсетуі немесе мүлдем өзін этникалық тұрғыдан көрсеткісі келмеуі, не болмаса басым бір ұлтқа сіңісіп кеткен адам ретінде көрсетуге талпынуының арғы жағында осы әрекетке ықпал етіп отырған қызықты контексті көруге болады. Соның бірі – елдегі саяси контекст, яғни, бір елді ең алдымен онда тұратын азаматтардың емес, бір этникалық топтың елі ретінде қарастыру тенденциясы. Зерттеуімді осы бағытта жалғастырамын. Бұрын жұмысымды тек ғылыми ортада талқылап жүретінмін. Қазіргі кезде антропологиялық білімді, зерттеудің нәтижесін қолданбалы бағытта, яғни саяси шешімдерді шығару кезінде ұсыныс түрінде жариялауға көшіп жатырмын. Бұл мен үшін жаңа бағыт. Академиялық ортада ғана талқылап жүрген зерттеуіңді қалың көпшілікке таныстыру оңай емес. Көбіне, академиялық тілді қалың көпшілікке түсінікті тілге айналдыру қиын. Бірақ зерттеуіңді тар ортадан, көпшілікке таныстыру маңызды деп санаймын. Осылай, ғылымнан қоғамға пайда тиюі мүмкін. Техникалық ғылымдардан ерекшелігіміз — әлеуметтік ғылымдар қоғамдағы әртүрлі тенденциялар туралы альтернатив ой мен дискуссия туғызады. – Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым Оразақ Смағұл: «Өзімнен кейін қазақтың сүйегін зерттейтін антрополог шықпады» деп күйінеді. Болашақта сіздің әлеуметтік антропологиядан физикалық антропологияға ауысуыңыз мүмкін бе? – Антропологияның салалары көп. Әрқайсының өз зерттеу бағыты бар. Менікі – әлеуметтік антропология. Біз сүйектермен және генетикамен айналыспаймыз. Сондықтан физикалық антропологияға ауысамын деп айта алмаймын. – Жалпы, елімізде антропологтарға сұраныс бар ма? – Негізі, антропологтардың қажет жері көп. Бірақ біздің елде не үшін керегін әлі де жіті түсіне бермейтін сияқты. Антропологтар көп жерде жұмыс істей алады. Бірінші, ғылым саласында қалып, зерттеу еңбектерін жазуға болады. Орта Азия туралы Еуропа, Американың кей ойлары үстіртін. Олардың арасында «қазақстандықтардың барлығы орысша сөйлейді немесе атпен шауып, киіз үйде тұрады екен» деген сияқты оймен өмір сүретін адамдар бар. Антрополог ретінде өзің зерттейтін аймақтың, елдің қазіргі өмірі туралы еңбектерді қалдыруға болады. Елімізде әлі де әлеуметтік антропологиялық зерттеулер жүргізілуі керек. Мысалы, қазір «ұлттық кіндік, бірегейлік, өзімізді қазақ дейміз бе, қазақстандық дейміз бе?» деген тақырып көп талқыланады. Осы мәселені әлеуметтанушылар мен антропологтар зерттеуі керек. Мысалы, Қазақстанның Оңтүстігінде кәрістің поп стиліндегі әндерді тыңдап, солай жүріп-тұратын жастар да бар, сонымен қатар орамалын тағып, ұзын киіп жүрген, өзін әлеуметтік өмірден шектейтін және шектемейтін жастар бар, 500 адам шақырып, той жасайтын халық та өмір сүреді. Ноутбуктерін алып, кофейняларда жұмыс істейтін, өзін-өзі дамытып жүрген, мотивациялық кітаптар оқитын адамдар бар деп қазіргі өмірдің бейнесін жазуға болады. Бұл зерттеу кітабы болашақта, 100 жылдан кейін тарих болып қалады. 100 жылдан кейін Шымкентте дәл осындай өмір болған екен деп адамдар оқып отырады. Екіншіден, университеттерде антропологиядан сабақ беруге болады. Қазір ҚазҰУ-да мәдени антропология мамандығы ашылып жатыр екен. Үшіншіден, әртүрлі компаниялардың ұсыныстарымен зерттеу жүргізуге болады. Мысалы CityLab Turkistan атты архитекторлық компания Түркістанда ашылатын жаңа саябақтың тұжырымын жасап, мені жобаға зерттеуші антрополог ретінде шақырды. Бұрын қалай еді? Әкімшілік архитекторларға тапсырыс беретін, олар жобаның сызбасын сызып, тапсырыс берушіге презентация жасап көрсетеді. Кем-кетігін толықтырады. Тапсырады. Сөйтіп саябақтың құрылысы жүреді. Халықпен байланысы жоқ. Ал мені шақырған компания Түркістанның климаттық, мәдени және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, бірінші жобаны халықпен талқылап, олардың пікірін тыңдап, саябақтың жобасын жасайық деді. Алдымен, саябаққа адамдардың қай уақыттарда келетінін және онда не істейтінін, кімдермен келетінін, саябақтағы іс-әрекеттерін бір ай бойы бақыладым. Саябаққа келушілермен сөйлестім. Жергілікті түркістандықтар үшін жер киелі. Сондықтан халық мавзолейдің жанында ойын-сауықтың болғанын қаламайды. Мен халықтың пікірін компанияға жеткіздім. Нәтижесінде, келушілердің бейнесі мен олардың саябаққа келгендегі негізгі іс-әрекеттерінің қорытындысын жасадым. – Әңгімеңізге рақмет!