Биылғы «Оскар» бұрынғыдан өзгерек. Атақты премияның 95-ші марапаттау рәсімі әсерлі өтті. Сыйлық алудан көшбасшы – Everything Everywhere All at Once экшні, ол 11 номинацияның жетеуін алды, соның ішінде үздігі
A24 студиясының жобалары 9 сыйлық алды, академиктер осы студия ұсынған Даррен Аронофскидің «Кит» драмасын да жоғары бағалады. Netflix-ке алты статуэтка бұйырды: төртеуі – Im Westen nichts Neues, соның ішінде «Үздік шетелдік фильм», бесіншісі – Guillermo del Toro's Pinocchio анимациясы, алтыншысы – The Elephant Whisperers қысқаметрлі деректі туындысы. Бір қызығы, актерлер категориясындағы 20 номинацияға 16 артист алғаш рет ұсынылды, нәтижесінде үздіктер қатарында Мишель Йео, Джейми Ли Кёртис және Ке Хюи Куан (Everything Everywhere All at Once фильмі), сондай-ақ Брендан Фрейзер («Кит»).
Биылғы «Оскардың» жаңалығы – Мишель Йео «Үздік актриса» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесін жеңіп алған алғашқы азиялық артист. Әлемдік басылымдар «Америка ақыры Мишель Йеоны мойындады» деген мәнде жарыса жазды. Олай дейтіні, актриса тоқсаныншы жылдары гонконг экшнінің жұлдызы Джеки Чанмен бірге фильмге түсіп, Джеймс Бонд туралы туындыда ойнаған. Әйтсе де, америкалық киногерлер Йеоның талантын тануға һәм мойындауға асықпады.
«Мишель осындан отыз жыл бұрын-ақ пойыз үстінде мотоцикл айдап, биік көпірден сақтандырусыз секірген, тіпті жоғары жылдамдықпен жүріп бара жатқан жүк көлігінде оп-оңай шпагатқа отыра алған. Том Круз өзінің экшндегі рөлінен ауқымды PR оқиға жасамай тұрып, едәуір уақыт бұрын Йео каскадерлік іс-қимылымен танымал болды».
Мисс һәм «Қарулы ару»
Мишель балерина болуды армандап, 15 жасында Малайзиядан Лондонға көшіп келеді және Корольдік би академиясына оқуға түседі. Оқу барысында Йео омыртқасын жарақаттап, би өнерімен қоштасуына тура келеді. Көңілі құлазып, күйзеліске түскен бойжеткеннің көңілін ауламақ болып анасы «Мисс Малайзия» байқауына өтініш қалдырады. Йео мисс атанып, осы уақыттан танымал бола бастайды. Гонконгтағы D&B Films компаниясының ұсынысымен Мишель атақты Джеки Чанмен бірге сағаттың жарнамасына түседі. Әлбетте, Джекидің жарнамасы әп-сәтте танымал болып, Йеоға бұдан кейін түрлі фильмдердің кішігірім рөліне ұсыныс түсе бастайды. Бір қызығы, о баста актриса камера алдындағы қорқынышын жеңе алмай, бұл саладан бас тарту туралы да ойлаған деседі. «Би академиясындағы ұстаздарыма Йео күндердің күнінде танымал актриса болады десе, олар еш сенбес еді, себебі мен көптің алдына шығуға қорқатынмын», – дейді ол бір сұхбатында.
Йеоның алғашқы кейіпкері – тағдырында талай қиындық көрген жас қыз, сценарий бойынша оған бұзақылар тап беріп, бойжеткен өз басын қиындықтан өзі алып шығады. Мишель ұрыс-төбелес, қарулы шайқастан еш қорқа қоймайды. Керісінше, каскадерлер шынығатын спорт залына барып, жаңа іс-қимылдар үйретуін сұрайды. «Малайзия ханшайымының» бірдеңе үйрене алатынына о баста аса сенім болмаған, десе де балерина мектебінде дағдыланған төзім мен қайсарлық оның экшн жанрының жұлдызы болуына жол ашады.
Йеоның алғашқы басты рөлін о баста ер адам сомдауы керек болған. «Иә, мадам» (1985 жыл) боевигінің сценарийі қарапайым – батыл полицейлер бұзақылармен төбелесіп, оларды тұтқындауы керек. Мұндай сценарий 80-жылдары аса танымал еді. Бастапқыда фильм продюсерлері басты рөлге екі ер азаматты іздейді, бірақ екі әйелді – Синтия Ротрок (жекпе-жектің түрлі түрін меңгерген қара белбеу иегері) пен 23 жастағы Мишельді бекітеді. Осылайша, Голливуд боевиктерінде бадди-муви жанры қарқынды дамып жатқанда, Гонконг әлемге girls with guns («қарулы қыздар») жанрын паш етеді.
Мишельдің мансабы көп ұзамай «уақытша» аяқталады, 1988 жылы актриса тұрмысқа шығып, ендігі өмірін отбасына арнауды ұйғарады. Бірақ төрт жылдан кейін Йео ажырасып, кино өнерімен қайта қауышады. Киносыншылар сол уақыттан бері «Йео мен оның кейіпкерлері жеке өміріне көңіл бөлмейді, оларға бостандық қымбат» деп жазады.
Төрт жылдық демалыстан кейін Йеоны танымал қылған фильм – Джеки Чан түсетін атақты туынды «Полицей оқиғасы 3» (1992 жыл). Осылайша, актрисаның екінші рет танылуына да Джекидің қатысы болып шығады. Киногерлердің естелігіне сүйенсек, фильмде Джеки мен Йео өзара «жарысатын» көрінеді: олар қиын каскадерлік трюктерді орындауға бір-бірінен асып түсуге тырысқан. Мишель жүріп бара жатқан пойызға мотоциклмен секіріп мінгеннен кейін Джекидің өзі оның батылдығын мойындаған екен. Квентин Тарантино «Полицей оқиғасы» фильмдерін кино тарихындағы адам сенгісіз трюктерді қамтиды деп бағалаған. Америкалық фильмдер CGI компьютерлік арнайы эффектілерді қолданып жатқанда, Гонконг экшндері адам санасына кіріп-шықпайтын өнерімен көрерменді тәнті етті. Йеоның өзі тоқсаныншы жылдардағы «ессіздігін» бүгінде таңданыспен еске алады.
Кино әлеміндегі революция
1996 жылы «Каскадер ару» атты фильмнің түсірілімінде Йео арқасын жарақаттап алады. Жүріп бара жатқан жүк көлігінің үстіне көпірден секірген актриса тіпті басын қозғалта алмай, ұзақ уақыт кино әлемінен шеттетіліп қалады. Соның салдарынан күйзелісте жүрген Йеоны Гонконгқа фильмнің көрсетіліміне келген Тарантино кездесуге шақырып, онда актрисаның керемет каскадерлік трютері туралы ерекше ынта-ықыласымен баяндап береді. Азиялық экшндердің фанаты болған америкалық режиссер сол уақытта өзінің үш сүйікті артисімен кездескісі келеді, олар – Джеки Чан, Джет Ли мен Мишель Йео. Актрисаның айтуынша, бұл кездесу оның күйзелістен шығуына зор ықпал еткен.
Содан соң бір жыл өтпестен 1997 жылы Йео «Ертең ешқашан өлмейді» атты жаңа бондиан фильміне шақырту алады. Мишель осы картинаның түсіріліміне Гонконгтағы ұжымын алып келеді, ондағысы фильмдегі барлық каскадерлік трюкті өзі орындағысы келеді. Бірақ американдықтар актрисаның бұл әрекетін тым қауіпті деп келіспейді. Десе де, «Ертең ешқашан өлмейді» продюсері Барбара Брокколи мен басты рөлін сомдаған Пирс Броснан Йеоны «әйел-Бонд» деп атайды.
Өкінішке қарай, кино әлеміндегі ең танымал франшизалардың бірі – бондианда ойнаса да, АҚШ киногерлері актрисаның талантын мойындай қойған жоқ. Йео – Гонконг боевиктерінің жұлдызы, экшн жанрының тірі аңызы болғанымен, Голливуд үшін тек «кезекті азиат ару» еді. Бір сұхбатында актриса: «АҚШ-та түрлі кастингке қатыстым. Кино әлемінде қара жаяу еместігімді қанша жерден дәлелдеп тұрсам да, түрлі себеппен бекітілмей қалатынмын. Бірде «Талантыңды мойындадық, бірақ басты рөлге афроамерикандық артиспен қатар сені (аз қауымның екі өкілін) бекіте алмаймыз» дегені бар. Бірақ мен ешуақытта үміт үзген емеспін», – дейді.
Йеоға ұсыныс жасаған алғашқы америкалық жоба – режиссер Энга Лидің Crouching Tiger, Hidden Dragon туындысы. Уся дәстүрлі жанрындағы картина АҚШ кинематографиясында революция жасады. 2001 жылы аталмыш туынды «Оскардың» 10 номинациясын жеңіп алды. Десе де, бұл революция фильмнен кейін де АҚШ Мишельдің талантын мойындай қоймады, ол жылы «Үздік актриса» атағын Йео емес, Джулия Робертс алды. Тіптен одан кейінгі 20 жыл ішінде Йео түрлі картиналарда өзінің бірегей актриса екенін көрсетіп, киносыншылардың оң бағасын алып келгенімен, Голливуд актрисаға тек «азиаттың» рөлін сомдауды ұсынудан аса алмады. Тіпті, Йеоға «Оскар» сыйлаған Everything Everywhere All at Once фильмінің режиссерлері о баста басты рөлді ер азамат ойнауы керек деп шешкен, ал Мишель оның әйелін сомдайтын екінші пландағы актриса ғана еді. Йеоның екі мәрте артист ретінде танылуына әдейілеп болмаса да ықпал еткен Джеки Чан екенін айтып өттік. Бұл жолы да Джеки Йеоның жұлдызын жағады. Everything Everywhere All at Once картинасының басты рөлін сомдауға шақыртылған Джеки Чан бұл ұсыныстан бас тартады. Содан соң фильм режиссерлері сценарийді қайта жазып, басты кейіпкерге Йеоны бекітеді. Биыл 61 жасқа толатын актрисаның өзі: «Бұл туынды менің кино әлемінде жан-жақты бола алатынымды көрсетті. Мұндай өнерімді әйтеуір біреу түсінді», – деп әзілдейді.