Ит жүгіртіп, құс салу – бабадан балаға жеткен ұлттық құндылықтардың бірі. Есте жоқ ескі заманнан бері қазақ халқы саятшылық құрып, аңға шығуды салт санаған. Қыран құстан бөлек, құмай тазы жүгірту де қазақ қанымен біте қайнасқан өнер. Десе де, бүгінде тазының бабын біліп, баптайтындар некен-саяқ. Міне, сондай азаматтардың бірі – ағайынды Бағдат пен Мақсат Абатовтар. Мақсат Тараз станциясында маневрлық диспетчер болса, інісі Бағдат – Жамбыл вагон жөндеу депосында ауысым шебері. Ағайындылар жиырма жылдың бедерінде болат жолда еңбек етіп ғана қоймай, ұлттық өнерімізді дәріптеп, тазы баптап, шырғаға жүгіртуде.
– Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауылының тумасымыз. Бала кезден қазақы тазы баптап, көкпар шаптық. Қазір қара шаңырақта отырған кенже ініміз Фархат жүйрік атпен бірге төрт тазы баптауда. Бағдат екеуіміз болсақ, сол тазыларды жарысқа апарып жүрміз. Әкеміз – қарапайым шопан. Әкем Ауданбек колхоз жұмысынан бөлек, тазы жүгіртіп, саятшылық құратын. Үйде төрт тазы ұстады. Тоқсаныншы жылдардың басында әкем мені Жуалы ауданындағы бір тойға апарды. Сол қуанышта саятшылар шырғаға тазы жүгіртіп жатыр екен. Кенет аяғымды бір нәрсе түрткендей болды. Қарасам, тазының күшігі аяғымды жалап тұр. Ана күшікке қызығушылығым туып, соңында үйге алып келдім. Бастапқыда әкем: «Үйде онсызда төрт тазы бар, не қыласың оның бәрін?» – деп ренжігенімен, кейін күшіктің таңдайы мен табанына қарап, «Еее, мынауың текті тазы күшігі екен», – деп оң бағасын берді. Сол «Ұшар» тазының бойы 80 сантиметрге дейін өсіп, сұлу да, ақылды ит болды. Алдына тамақ қойсаң, бірден бас салмай бұйрығымды күтетін.Жалпы, қазақы тазы жарғаққұлақ және шашаққұлақ болып екіге бөлінеді. «Ұшар» жарғаққұлақ болатын. Алғашында «Ұшар» жүгірмеді, аңға да түспеді. Тазының негізі алты айлығында тісі түседі. Міне, содан кейін шырғаға, аңға салуға болады. «Ұшарды» мен алғаш жүгірткенде бойы биік болғанымен күшік болған екен. Кейін тісі түскен соң шырғаңды да, аңыңды да қағып түсіретін болды. Алғаш үй қоянына салып баулып, сосын жабайы аңдарға жүгірте бастадым.
Бірде күздің суығында қорадағы малға түз тағысы түсті. «Ұшар» қасқырға түсіп бапталмаса да, көкжалмен арпалысқа түсіп, оны қораның қақпасынан лақтырып жіберді. Осыдан кейін ел ішінде аңызға бергісіз әңгіме тарап, «Ұшарға» құлынды бие беріп, сұрағандар да болды. Бірақ біз келіспедік. Бір тістегеннен түз тағысын қағып түсірген текті тазыны қалай бересің? Алайда көз тиді ме, «Ұшар» содан кейін ауырды. Ауылдағы ветеринардан дәрі алып бергеніммен, күшік кезінен өсірген текті тазымнан айырылып қалдым, – деп Мақсат ішкі күрсінісін жеткізді.
– Әкем «тазы итінде алты жасар баланың ақылы болады» деп отыратын. Сол рас екен. Мен «Таймасты» баптар кезде онымен кәдімгідей сөйлестім. Шоколадты майдалап турап, соны беру арқылы бұйрықтарды орындауға баулыдым. Қазір шырғаға да, аңға да салып жүрмін. Өте ақылды ит. Бүгінгі күнге дейін шибөрі, түлкі, қоян алды. Тазы егер аттың алдына түсіп жүрсе – ақылдылығы, ал егер аттың артында жүрсе, одан үміт күтпей-ақ қоюға болады, – дейді Мақсат тазы баптаудағы тәжірибесімен бөлісіп.Қазір ағайынды Абатовтар жарыс күтпей-ақ, өздері тазыларын шырғаға салып, ит жүгірту өнерін мықтап қолға алуда. Мақсат жарыстардың өтуін тікелей мойнына алса, құжаттарын Бағдат рәсімдеуде. Алдағы уақытта қоғамдық бірлестік құрып, бұл бастамаларын патенттеп алмақ. Сосын тәлімбақ ашу да жоспарларында бар.
– Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы төбеттер мен тазыларды қолдау мен бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы бастама бізге үлкен демеу болып тұр. Бұрын будандасқан шетелдік иттерге қызығып жүрсек, енді қазақы тазының тұқымын көбейтуге жол ашылды. Бүгіннің өзінде ресейлік мамандар қазақы тазыға қызығушылық танытуда. Алайда бізге қазір қазақы тазының қанын тазарту керек. Мемлекеттік қолдау – міне, осы жерде керек. Сосын құжат алуда да кедергілер бар. Президент Жарлығы осы жұмыстардың барлығын оңтайлы шешеді деп сенеміз, – дейді Мақсат.Қазір бір ғана Өрнек ауылында 60-70 тазы бар екен. Шырғаға салу жарыстары болса, 28 тазы тұрақты түрде қатысады. Облыс бойынша тазылардың басын қосатын болсақ, бұл үлкен бірлестік болғалы тұр. Сондықтан ағайынды Абатовтардың бастамасына жергілікті билік өкілдері қолдау білдіріп, тазы жүгірткен саятшылар бір арнаға тоғысады деп сенеміз. Сол кезде қаны таза қазақы тазы арқылы елімізді төрткүл әлемге танытамыз.
Жамбыл облысы