2021 жылы жүргізілген санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқының саны – 19 миллион 788 мың 254 адамды құрады. Оның ішінде қазақ ұлты 70 пайызға жеткен. Мұны Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Бұл – сүйінші жаңалық ретінде хабарлауға лайық ақпарат. Өйткені, халқымыз да, ұлтымызда өсіп-өркендеп келеді. Төмендегі тізімге көз салсаңыз, қызыға екшейтін дерек көп. Мәселен, халқы ең көп қала сол баяғыша Алматы екенін көруге болады. Ал облыстар арасында Түркістан көш бастап тұр. Оған шырайлы қала Шымкенттің тұрғындарын қоссаңыз – облыс халқы 3 миллион 6 жүзден асып жығылады. Ал оның 74 пайызы қазақтар. Ал халқы ең аз өңір – Ұлытау. Жаңадан құрылған облыстың тұрғындар саны аз болғанымен, қазағының қарасы қалың. Бұл жағынан тіпті өзі енші алып шыққан Қарағандыдан да асып түседі. Абай облысындағы жағдай да осы іспетті. Шығыс Қазақстаннан қарағанда қазағы көп. Ал демографиялық ахуалы күрделі боп қалып тұрған өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда небары 535 100 адам тұрады. Қазағы да ең аз (39%) өңір осы. Сондықтан да кеш болмай тұрғанда көш бағытын солтүстікке бұрған жөн. Өйткені елімізде демографиялық жағынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Мәселен, оңтүстікте халық көп, елді мекендерде, әсіресе, ауылдарда әлеуметтік мәселелер ушыға түсті. Балабақша, мектеп, емхана, аурухана жетпейді. Ал солтүстікте, керісінше, ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Осы ретте ел арасында «солтүстікке көшейік!» деп қозғау салып жүрген замандасымыз Бурахан Дақанов бұл мәселені шешудің бір жолы осы көшті жандандыра түсу екенін айтады. Осы мақсатта олар арнайы TAUEKEL атты ұйым ашып, қоныс аударушыларға барынша көмек көрсетпек ниетте екен.
«Біз қазағы көп өңірлерден солтүстікке көшем деушілерді Есіл және Қызылжар аудандарына келіп қоныстануға шақырамыз. Өйткені, мұнда дәл қазір алғашқы уақытта орнығып кеткенге қолайлы жағдай бар. Ал одан кейін шаруа орайымен өзге аудандарға ауыса беруге болады. Біздің ұйым бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты көмектер көрсетуге әзір. Одан кейінгі кезекте айтарым, мемлекеттік бағдармалама тек қана, «Дипломмен – ауылға!» деп аты айтып тұрғандай, мұғалім, дәрігер, зоотехник, инженер, агроном сынды мамандарға ғана арналған. Ал жергілікті кәсіпкерлерге диплом қажет етпейтін малшы, сауыншы, шөп шабушы, мал қырқушы, ауылшаруашылығы техникасын жүргізуші сияқты қарапайым жұмысшылар қажет. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламаны әлі де болса жетілдіре түсу керек. Өйткені, жергілікті жерден халық көшіп жатса, ол жерде мұғалім, дәрігер қалай қызмет етпек. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, өзге өңірлерден көпбалалы қарапайым шаруа адамдарын көшіруге тырысып жатырмыз. Осы мақсатта оңтүстік, батыс облыстарға барып түсіндіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – дейді TAUEKEL ұйымының жетекшісі Бурахан Нұржанұлы.Оның айтуынша, облыста тарап кеткен және тарағалы тұрған ауылдар өте көп. Сондықтан да дәл қазір солтүстікке көшті көлікті етуге үлгеріп қалу керек. Бұл оңтүстіктегі шоғырланған жұртты сетінетіп, теріскейге ел қондырып қана емес, шекара маңын бекіте түсуге де қолайлы ахуал тудырар еді. Бұл мақсаттағы жұмысты жандандыра түсу үшін TAUEKEL ұйымы Павлодарда филиалын ашқан. Енді екі аптадан кейін Қостанай облысында да бөлімшелерін ашпақ екен. «Бірақ, мемлекет тарапынан не ақша, не мүмкіндік, не қолымызға билік берілмей жатыр» дейді олар. Десе де ұлттық қауіпсіздік мәселесін бір ұйымның иығына артып қоюға болмайды. Оған бірінші кезекте мемлекеттің өзі мұрындық болуы керек. Осы реттен алғанда, демография ғылымы бірінші кезекте әлеуметтік түйткілдерді шешуде, одан соң ұлттық қауіпсіздік мәселесінде алтын қазық болмақ. Десе де демография ғылымының өзіне қолдау қажет. [caption id="attachment_246545" align="aligncenter" > © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Қазақ тарихы үшін қандастарымыздың елге оралуы да көкейтесті мәселенің бірі. Қазақстанға 1991 жылдан бері 1 миллион 103,5 мың қандасымыз оралған екен. 2021 жылы 15 637 қазақ қандас мәртебесін алды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркіменстан, Моңғолиядан келген. Қандастарымыздың атамекенге оралуы қазақ үшін аса маңызды екені сөзсіз. Олардың арасында ғылым, өнер, кәсіпкерлік т.б. салалардан көптеген қайраткерлер шықты және олар біздің ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Бүгінде қандастарымыз ұлттық рухтың жандануына зор үлес қосып жатыр. Яғни қандастарымыздың қазақ мәдениеті мен ұлттық рухына қосқан үлесі де зерттеу нысанына айналуы керек.
«Әлі де сыртта шамамен 4-5 миллион қазақ бар. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларға 2023 жылы 8 652 адамға өңірлік квота белгіленді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 566 адамға көп. Бірақ осы бөлініп жатқан квота тиімді пайдаланылып жатыр ма? Неге қоныс аударған қандастарға мемлекеттен қаржы бөлініп, жағдай жасалып, шекара аймақтарындағы ауылдарға шоғырландырылмайды. Ал шекаралы аймақтар, алдымен, еліміздің қауіпсіздігі үшін маңызды. Қазір шекара аймақтарындағы ауылдар қаңырап бос қалып, халық тұрмыс қамымен жаппай қалаларға орналасуда. Оның басты себептерінің бірі, әрине, жұмыссыздық. Айта кетер жайт, жұмыссыздар жөніндегі статистикаға толық сенуге болмайды. Қаншама адам тіркеусіз, жұмыссыз жүр. Ауылдық жерлерде шаруалардың қорасы, азын-аулақ қолда малы бар. Сонымен жан бағып жүр. Көпшілігі мемлекеттен зейнетақы алмайды, салық төлемейді. Сондықтан статистикаға сыни көзбен қарауымыз керек. Әлеуметтік жағдай дұрысталмай, демографиялық дүмпудің болмайтыны да белгілі», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Тимур Әпендиев.Сүйінші дегізген дерекке көз жүгірте отырып, елдегі демографиялық ахуал бірте-бірте күш ала бастағаны аңғарылады. Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны 2021 жылы шілде айында Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылында дүниеге келген еді. Ал 18 миллионыншы қазақстандық кішкене тұрғын 2017 жылдың шілдесінде Талдықорған қаласында жарық дүние есігін ашты. Ендеше, әуелгі миллион мен кейінгі миллионның арасында бар болғаны төрт жыл. Бұл динамика 20 миллионыншы Қазақстан азаматы жыл соңында, не келер жылдың басында өмірге кеп қалуы мүмкін-ау деген ойға жетелейді. Ендеше, көбей қазақ, көбей!