Қазір театрда көрермен көбейген. Әсіресе, елордалық театрларда спектакльдердің дені аншлагпен өтіп жатыр. Музыкалық жастар театры қойған «Гауһартас» спектакліне наурыз айына билет сатылып кеткен. Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклін қойды. Осы спектакльге де билет таппай сабылған көрерменнің көптігі бізді қуантты. Бұл дегеніңіз – қазақ театрына сұраныс артып келеді деген сөз. «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклінің жанры – мелодрама. Авторы – Сұлтанәлі Балғабаев. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Режиссердің бұған дейін де бірнеше қойылымын көрген едік. Бұл жолы пьесаға өзгеше дем беріпті. Сөзіміздің әлқисасын пьесаның тарихынан бастайық. Махаббаттың мәні неде?
«Қыз жиырмаға толғанда» ХХ ғасырдың 80 жылдары жазылған туынды. Балғабаевты драматург еткен де осы пьеса болатын. «Көркем проза жазып жүрген кезім еді. Маған ой салған – Төлен Әбдіктің «Біздер үшеу едік» деген пьесасы. Сол спектакльді көргеннен кейін «пьеса жазып көрсем, қайтеді» деп ойладым. Расын айтсам, пьеса жазып, драматург атану отыздан асқанша қаперіме кірмеген еді. Оған жол ашқан – атақты режиссер Райымбек Сейтметов. Сексенінші жылдардың басында бағымды сынап көрейін деп, «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесамды Мәдениет министрлігіне ұсындым. Бұл тұңғыш пьесамды Р. Сейтметов оқып көріп, бірден театр репертуарына қабылдапты. Ұзамай, өзімді де осы театрға әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алды. Сөйтіп, күтпеген жерден әдебиеттегі жаңа өмірім басталып, драматург болып кеттім. Театрға жұмысқа тұрғаннан кейін көп ұзамай «Қыз жиырмаға толғанда» пьесамды ол кезде жас режиссер Нұрқанат Жақыпбаев сахнаға шығарды. Ең қызығы, оны әдеттегідей емес, спектакль-диспут етіп қойды. Осындай жаңалықтардың арқасында бұл спектакль театрдың өзінде де, ауыл-ауданға гастрольдерге шыққанда да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кейін көп театрларда сахналанды. Жалпы, егер бұл пьесам жарыққа шықпағанда, не қойылымы сәтсіз болғанда, мен одан қайтып драматургияға жоламай кетуім әбден мүмкін еді. Сондықтан драматургиядағы тырнақалды дүниемнің Райымбек Сейтметов пен Нұрқанат Жақыпбаев сияқты дарынды азаматтардың назарына іліккеніне шын көңілден тәубе деймін», – дейді драматург.
«Пьеса туралы тіпті ұмытып кетіппін. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының басшылығы хабарласып, спектакльге шақырғанда таңғалдым. Бұл өткен ғасырда жазылған шығарма еді. Одан бері қырық жыл өтті. Бүгінгі уақыт талабына жауап бере қояр ма екен деген қаупім болды. Тіпті, өзім сырқаттанып жүрген соң, премьераға бармай-ақ қойсам қайтеді деген де ой болды. Әрі бұл пьесаны өзгертіп түзеу керек, кей тұстарын қайта жазу керек еді. «Ажырасу көбейіп кетті» деген уайыммен жазылған дүние болатын. Нұрқанат спектакльді тоқтатып қойып, арасында көрермендермен диспут жүргізетін. «Махаббат бар ма?» деген сауалға көрермендер өзі жауап беретін еді. Жоқ, премьераға келгеніме өкінген жоқпын. Жас режиссер Дәурен Серғазинді танымайды екенмін. Заманауи стильге жақындатып, өте жоғары деңгейде қойды. Осыдан 20-30 жыл бұрын ойнаған актрисалар хабарласып, пікірін айтып жатыр. Алғашқы рөлді ойнаған Кеңес Нұрланов та болды. Ол да риза секілді. Демек, бұл тақырып әлі де өзекті. Қазір ажырасатындардың саны тіптен көбейді. Бұл спектакль «Махаббаттың мәні неде?» деген сауалға жауап іздейді. Махаббат деген – ең бірінші сүйген жарың, балаларың, немерелерің дер едім», – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
«Бұл пьеса ХХ ғасырдың 80 жылдары жазылған. Біз оны бүгінгі уақытқа жақындата түстік. Бұрынғы пьесаны еске түсіру үшін қайта жаңғырттық. Қойылым жеңіл, махаббат туралы, адамдардың идеалы жайында сөз қозғайды», – дейді режиссер Дәурен Серғазин. Жібек рөлін театрдың жас актрисаларының бірі Бегімнұр Қалила ойнады. Бегімнұрдың айтуынша, «бұл тақырып әлі де өзекті». «Махаббат тақырыбы ешқашан құндылығын жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Бірақ қазір осыдан жарты ғасыр бұрынғы тазалық, одан ары заманғы махаббатқа деген өте қымбат көзқарас – өкінішке қарай, тым арзандап кетті. Біз спектакльде сол тазалықты, сол биіктікті, сол тебіреністі қайта еске алғымыз келеді, спектакль жүрегінде осыған орын қалған адамдарға арналады», – дейді актриса.Бегімнұр үшін Жібек рөлінің ерекшелігі – жандүниесінің тазалығында, шынайылығында, ешкімді жамандыққа қимайтындығында. Қойылымды бір айдың ішінде дайындап біткен. Уақыт тым қысқа болса да, актерлер өз образын жоғары деңгейде алып шықты. Спектакльде бар-жоғы алты адам ғана. Сол алты адамның іс-әрекеті, болмысы арқылы махаббаттың мәні неде екенін ұғындырады. Қоғамда отбасы құндылығы неге әлсіреп кетті? Адамдар неге кінәні өзге біреуден іздейтін болды? Жігіттің қателігі неде? Өмірде Жібек секілді шынайы, таза, жан баласын жамандыққа қимайтын жандар бар ма? Осы образ арқылы өмірден таза адамдарды іздеп кетесің. Жабырқау жүрегін жұбатқың келеді, сенім сыйлағың келеді, сендіргің келеді, өкпелетпеуге тырысасың... Спектакль осымен құнды.