Атыраулық кішкентай бишілер Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен «Art Silk Way-2023» халықаралық хореографиялық конкурста бас жүлдені иеленіп келді. Кішкентай бишілерді әлемдік сахнаға Атыраудағы «Дархан» өнер мектебі дайындап апарған.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің «менмін» деген 100-ге жуық бишілер командасы қатысқан конкурста «Әжемнің тәттілері» сюжеттік биімен өнер көрсеткен "Дархан" би-ансамблі тобы топ жарды.
«Балғын өнерпаздарымның бұл шетелге екінші мәрте шығуы. Бұған дейін мектебіміздің оқушылары Түркияның Стамбул, Анталия қалаларында өнер көрсеткен еді. Балаларымның әрқайсының көзінде от бар. Алға қарай да қазақ өнерін әлемге танытып, дәріптей бергіміз келеді» ,– дейді «Дархан» өнер мектебінің жетекшісі Арайлым Молдашева.
Еске сала кетсек, «Дархан» өнер мектебі 2012 жылы ашылды. Қазір орталықта 500-ден астам шәкірт тәрбиеленіп жатыр.
Баян Жанұзақова