Кеше Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Сөз басын осыдан бір жыл бұрын дәл осы ғимаратта халыққа Жолдау жасағанын еске алумен бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев содан бергі уақытта атқарылған ауқымды жұмыстарға жоғары баға берді. Ең бастысы, «Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді» деп атап өтті. Ел дамуының негізгі басымдықтарына тоқталған ол Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойларын ортаға салды. Сегіз бөліктен тұратын бұл міндеттер: іскерлік белсенділік, өндірістік әлеует, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, адам капиталы және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды. Президент негізгі жүк «AMANAT» партиясына артылатынын атап өтті. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек Кешегі өткен сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматтар бірмандатты округтен өзін-өзі ұсынған болатын. Осылайша, қазақстандықтар маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екендіктерін көрсетті. Бұл елімізде жаңа азаматтық-саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Президент сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтып, бұл науқанның, шын мәнінде, бұрынғыдан өзгеше болғанын атап өтті. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында ашық өткеніне, үгіт-насихат кезеңі және дауыс беру барысы ақпарат құралдарынан жан-жақты көрсетілгеніне тоқталды. Расында да, бұл жолғы электораттық науқанда партияларға да, үміткерлерге де бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Оның үстіне, Президент ешбір партияның мүшесі емес. Ал облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сондай-ақ Президент тағы да атап өткендей, бұл науқанда сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталастар өтті. Мұның барлығы Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсететін демократиялық қалыпты үрдіс екенін атап өткен Мемлекет басшысы сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылғанын, ондағы салмақты ұсыныстар міндетті түрде зерделенетінін жеткізді.
«Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент бұл жолғы сайлауда жастардың да, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да Мәжіліске өтуіне жағдай жасалғанын атап өтті. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрған болатын. Осы топтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Ендеше, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр деуге болады. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет. Сондай-ақ әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар жандардың саяси науқанға араласқаны қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы! Бұл оның қатысушыларына үлкен жауапкершілік жүгін жүктейтіні сөзсіз. Кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Сондықтан да қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл сайлау – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік алаңы болды. Президент жеңгені бар, жеңілгені бар, барша үміткерді Қазақстан мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Өйткені электораттық модельге негізделген мемлекеттік басқару институты елімізде терең тамыр жаятын болады.
«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Негізгі жүк «AMANAT»-қа артылады Иә, расында да алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет екенін, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек екенін Президенттің өзі айтып отыр. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалып, экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы түйткілдер жиналып қалды. Олар – халықтың тұрмыс сапасының әлі күнге дейін жақсы еместігі, құқықтық әділетсіздіктің белең алуы, бай мен кедейдің арасының алшақтай түскені. Ендеше алдағы бес жылда жаңа жасақталған Үкімет пен қайта жаңарған Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Осы ретте Мемлекет басшысының еліміздің бас партиясына ерекше сенім артатынын жасырмай айтқаны аманаттықтардың онсыз да жоғары мерейін үстей түсіп, құлшынысына шабыт қосып, көңілін бір серпілтіп тастады.
«Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен «AMANAT» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан «AMANAT» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін. Біздің басты міндетіміздің бірі – жекеменшікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет. Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін», – деді Президент.Жаңа Мәжіліс алдында сегіз негізгі міндет тұр Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздің негізгі басымдықтары – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру екенін баса айтты. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түспекпіз. Мұнда жаңарған Парламенттің рөлі зор болмақ. Ал ондағы басымдық Мәжіліске берілгелі отырғаны анық. Осы ретте Президент бірінші кезекте жүзеге асырылуы қажетті сегіз міндетті ерекше атап өтті. «Бірінші. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе. Ал заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Десе де, осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе жемқорлық белең алады. Сондықтан лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек. Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуы тиіс. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Ал орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек.
Екінші. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді, ал олай қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттырып, оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру қажет. Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Ал бәсекеге қабілетті экономика дегеніміз – әртараптандырылған экономика. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алып, өндірісте пайдалануы қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек», – деді Президент.Мемлекет басшысы ұсынып отырған үшінші міндет – инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау. Биылғы қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Президент бұл тұрғыда Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынып отыр. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіліп, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделуде. Сондай-ақ бұл блокта Президент тұрғын үй сяасатын да қозғап, нарықтағы ахуалға тығыз байланысты бұл саланы қайта қарап, мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажеттігін ашып айтқан Президент «агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ» деп сынға алды. Бұл саладағы саясат бірізді емес және мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды, өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Бұл ретте ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Әсіресе, кәсіпкерлік саласын ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар міндет – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек, жаңа тариф саясатына көшу қажет. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. «Бесінші. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Ол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамытып, білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту керек. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау жүйесін, оның инфрақұрылымын жақсарту да қажет. Мұндағы барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлген дұрыс. Мәдениет саласындағы саясатты да жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.
Алтыншы. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Бүгінде жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Президенттің жетіншіден назар аудартып отырғаны – адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыра беру. Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді. Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы да Мемлекет басшысының назарында. Ол бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Сегізіншіден, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды екенін айтып отыр. Бұл қадам қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет. Президент әсіресе мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталды. Соңғы жылдары әлемде болып жатқан теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер салдарынан біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни, бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек. Президенттің айтуынша, реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айтқан болатын. Яки, мұндағы саяси жауапкершілік те сол партияға жүктелмек. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Ендеше Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға кірісуі тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтау ұсынылып отыр. Сондай-ақ өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады. Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Парламенттің де өз жұмысы барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Ендеше осы күнгі Мемлекет басшысының сөзін өзінің осынау бір сөздерімен аяқтағым келеді: «Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты».