Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көлік жұмысы халықтың көңілінен шықпай отыр. Облысішілік және қалаішілік автобустардың атына және жолдардың сапасына қатысты айтылатын сын көп. Бірақ одан шығарылып жатқан қорытынды шамалы. Өңірдегі жолаушы тасымалдау мәселесін қарастырмас бұрын облыстық қоғамдық кеңес мүшелері алдын ала мониторинг жүргізген көрінеді. Соның барысында облыс орталығынан небары 25 шақырым қашықтықта орналасқан Подгорное ауылының тұрғындарынан автобус қатынамайтыны туралы шағым келіп түскен. «Тұрғындардың бізге жазған шағымына қарағанда, үш айдан бері автобус жоқ. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі қалада оқиды немесе жұмыс істейді. Олар күнде таксимен қатынауға мәжбүр. Жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, жауап жоқ. Қанша күтуге болады? Бүгінгі күні тұрғындар неліктен мұндай жағдайда өмір сүруі керек?» – деді кеңес отырысында заңгер, қоғамдық кеңес тұрақты комиссиясының төрағасы Павел Афанасьев. Сондай-ақ оларға Есіл ауданындағы Покровка ауылында орналасқан колледж студенттерінен де өтініш келіп түскен екен. Ауылдар арасында автобус қатынамайтындықтан, қыз-жігіттерге үй мен колледж арасында жүріп-тұру әжептәуір қиындық туғызып отыр. Мектеп оқушылары үшін оқу орнына дейін автобус қарастырылған, ал студенттерге ол да жоқ. Сондықтан олардың өз қаржысына такси жалдау немесе жолшыбай кетіп бара жатқан көлікке мінгесуден басқа амалы жоқ. Бұл – қалтаға салмақ. «Ендеше Есіл ауданында әлеуметтік маңызы бар қоғамдық тасымал бағыттарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жеткіліксіз деген қорытынды жасауға болады», – деп қорытындылады қоғамдық кеңес мүшесі. Оның айтуынша, Петропавл қаласында қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылармен де кері байланыс орнатылған. Сондықтан медальдің екі жағы болатыны сияқты, бұл ретте олар жолаушылардың да, жүргізушілердің де мұң-зарынан құлағдар. Жолаушылар жүргізушілердің дөрекілігіне, автобустардың дұрыс жүрмейтініне, ескілігіне, кезекші көліктердің жоқтығына, аялдамалар жаңбыр мен желден қалқан бола алмайтынына, электронды таблолар жұмыс істемейтініне наразылық білдірсе, жүргізушілер жұмыс жағдайының ауырлығына шағымданады. Олардың айтуынша, күні бойы түскен қолма-қол ақша аз болса, еңбекақысы азайтылатын көрінеді. Бәсекелестерімен жарысуға нұсқау беретін басшылар да бар екен. «Таңғы 5-тен тұрып, күні бойы ыстық тамақсыз кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істеу оңай емес. Жолаушылардың да әртүрлісі кезігеді. Көлік сынып қалса, өз қаржымызға жөндейміз. Техникалық байқау – өз есебімізден. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлерге субсидия төленеді ғой», – дейтін көрінеді жүргізушілер. СУБСИДИЯҒА САРАПТАМА КЕРЕК Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпкерлерге облыстық және қалалық бюджеттен субсидия төлеген кезде, әр бағытқа қатысты жағдайды жеке-жеке талдап, сараптама жүргізу қажет деген пікірде. Олар әлеуметтік маңызы бар барлық бағыттарға түгендеу жүргізіп, олардың тізімін қайта қарауды ұсынды. «Сондай-ақ субсидия алуға талаптарды күшейту керек. Тасымалдаушылар ұсынған құжаттар мен мәліметтерді егжей-тегжейлі тексеру қажет. Ол үшін бұл жұмысқа облыстық ревизиялық комиссияны тарту да артықтық етпейді», – деді Павел Афанасьев. Жергілікті атқарушы билік органдары мен тариф жөніндегі комиссияның тасымалдаушылар ұсынатын құжаттарды, мәліметтер мен ақпаратты қайта тексеру және сыни талдауға хақы жоқ. Жұмыстағы басты қиындық – осы. Әрі тариф жөніндегі комиссияның құрамына тасымалдаушылардың өздері немесе олардың өкілдері енгізілген. Бұл мүдделер қақтығысына және тасымалдаушылар үшін қажетті шешімдер қабылдауға әкеліп соғады. Конкурс өткізу барысында біреулердің мүддесі қорғалатынын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те анықтаған болатын. Атап айтқанда, қалалық бағыттағы сегіз лоттың екеуі белгілі бір ірі тасымалдаушылар үшін жасалғаны белгілі болды. Жалпы, олардың сараптамасы көрсеткеніндей, үш негізгі тасымалдаушы ғана бар. Қалғандарының үлесі 3 пайызды ғана құрайды. Әрі бағыттарды алдын ала бөліп алып, конкурс қағаз жүзінде ғана өткізілгені әшкере болды. Кейбір конкурстарға бір кәсіпкердің аффилирленген екі компаниясы ғана қатысқан. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, Петропавл қалалық әкімдігі жекелеген бағыттардың иелеріне субсидия төлеуден бас тартуы тиіс. Бұл әсіресе өзін-өзі ақтауын жасыруға мүмкіндіктері бар бағыттарға қатысты. Осы мақсатта барлық қалалық және саяжай маршруттарын 100 пайыз субсидиялауды тоқтатып, оларды әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатарынан шығарған жөн. Бұған қоса, өзін-өзі ақтайтын, жолаушылар ағыны көп, халық арасында танымал, қаланың бүкіл аумағынан жүріп өтетін бағыттарды да «әлеуметтік маңызы бар» деген мәртебеден айырған абзал. Әрі иелері жалған құжат пен ақпарат ұсынатын бағыттарды да субсидиядан қағу ұсынылды. Жуырда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне зерттеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те осындай ұсыныс жасаған болатын. Субсидия төлеу ретке келтірілген соң жолаушыларға қызмет көрсету сапасы да жақсара түседі деген үміт бар. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінде субсидиялау қажеттілігін есептеу тетігі және алдағы 3 жылға жоспарланған жолаушылар ағыны бойынша деректер жоқтығы сынға алынды. Ал бұл заң бойынша талап етіледі. ТАРИФТІ КӨТЕРУМЕН ІС ТЫНА МА? Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен кәсіпкерлер қордаланған мәселелерді шешу үшін жолақыны қымбаттату керек деп отыр. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, тасымалдаушылардың өтініші бойынша биыл бұл мәселе комиссия отырысында қарастырылған көрінеді. «Жол ақысын қымбаттату қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі тариф 2017 жылы қабылданған, одан бері 6 жыл өтті. Қолданыстағы тарифке енгізілген шығындар қазір оған сай емес, өзгерістерді қажет етеді. Бүгінгі таңда тасымалдаушылар есеп айырысулар, коммерциялық ұсыныстар сияқты құжаттама дайындауда. Растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін тарифті қымбаттату рәсімі іске қосылады», – деді Әділбек Әубәкіров. Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет 2017 жылдан бері тасымалдаушылардың шығыны 2-3 есе артқанын алға тартты. «Дизель отыны 130 теңгеден 260 теңгеге дейін қымбаттады. Жанармай бағасы 135 теңгеден 189 теңгеге дейін жетті. ПАЗ автобусының автошинасы 28 мың теңге еді, енді 108 мың теңге тұрады. Жүргізушілердің еңбекақысы бұрын 120 мың теңге болса, қазір 240 мың теңге. Автобустар да қымбаттады: мәселен, ГАЗель микроавтобусы 2017 жылы 5 миллион теңге тұрса, қазір 14 миллион теңгеге дейін шарықтап кетті. ПАЗ автобустарының бағасы 9,5 миллион теңгеден 22 миллион теңгеге бір-ақ шықты. Сондықтан бір шақырымның тарифін 2 теңгеге қымбаттату тасымал сапасын жақсартып, үнемделген субсидия қаржысын облыстың шалғай аудандарына жаңа әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашуға жұмсауға мүмкіндік берер еді. Сөйтіп, елді мекендерді автобус бағыттарымен қамту көрсеткіші артады», – деді басқарма басшысы Мақсат Баяхмет. Бірақ қоғамдық кеңес мүшелері бұған қарсылық білдірді. «Жолақыны қымбаттатпас бұрын бұл саланы ретке келтіріп, тәртіп орнату керек, ешқандай наразылық болмауы тиіс», – деді олар. Әрі, олардың ойынша, жолақы тарифін өзге өңірлермен салыстыру мүлдем дұрыс емес. Себебі әр өңірдің өзіндік экономикалық-әлеуметтік ерекшелігі бар, тұрғындардың күнкөріс деңгейі әртүрлі. Тасымалдаушылардың әрқайсысының өзіндік шығындары, кіріс мөлшері, көрсетілетін қызметтердің өзіндік құны және басқаларға ұқсамайтын өзіндік рентабельділігі бар. Сондықтан бәрін бір өлшемге салу – қате. Петропавл қаласында қоғамдық көлікте электронды жүйе арқылы есеп айырысу енгізілгелі, бұл салада біршама тәртіп орнады. Енді белсенділер қолма-қол ақша айналымын да ретке келтіру керек, олардың түсімін қатаң есепке алу қажет деген ұсыныс айтуда. Жалпы, сараланған тарифті қолдаушылардың қатары қалың. Тариф жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша маршруттың және жол жүру билетінің түріне, төлем тәсіліне, сондай-ақ тасымалдау қашықтығына немесе жүріп өткен аялдама санына байланысты сараланады. Қоғамдық кеңес мүшелері атап өткеніндей, Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавл қаласында мұндай саралау мүлдем жасалмайды немесе байқалмайтын және түсініксіз схемалар бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан тарифтерді саралауға көшу – әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды субсидиялау мен қоғамдық көлікті дамытудағы келесі қадам болмақ. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 100 адамнан астам тұрғыны бар 443 ауылдың 371-і ғана (83 пайызы) автобус қатынасымен қамтылған. Билік өкілдерінің айтуынша, жанар-жағармай материалдарының, қосалқы бөлшектер бағасының, автобустар құнының және тарифтің төмендігіне байланысты, басқа елді мекендерге тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру қиын.
Солтүстік Қазақстан облысы