Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында сексеннің сеңгіріне шықса да бұла күші бойынан таймаған Қалдан Шәмшиев есімді ақсақал тұрады. Қара күш иесі әлі күнге дейін аттан түспей, көкпар тартудан алдына жан салмай келеді. Жастайынан жылқы мініп, жан баққан қария бойындағы алып күші әкеден балаға дарыған қасиет деп санайды. Қалдан ақсақал дария жағасында балалық дәуренін өткізген. Әкесі де қара күш иесі болыпты. Ертеректе дүйім жұрттың алдында түлік төресі – түйені иығына өңгеріп, көпті таңғалдырған сәтін көзкөргендер аңыз қылып айтып жүреді. Отбасында төрт қыздың ішінде тұтқаұстар жалғыз тұяғы болған Қалдан да бойында ерекше алып күштің бүгіп жатқанын бала күнінен аңғарады. Бозбала шағында-ақ ересек адамның қолынан келе бермейтін бұла күшімен көптің көзіне түсіп жүреді. Небәрі 21 жасында екі ортан жілікті жалаң қолымен ұрып сындырғанын замандастары әлі күнге біледі.
«Жастайымнан дария бойын жағалап, қой, жылқы бақтым. Әрбір күнім жылқы үстінде өтті. Жылқышының басынан неше түрлі қызықты жайттар өтіп тұрады. Сол кездері ішім пысқан уақытта түйелерді көтеріп, ойнаушы едім. Сондай күндердің бірінде ауыл сыртынан бір топ қасқырды көріп, соны қудық. Жанымдағы серіктеріме «қасқырды тірілей ұстаймын» деп айтып қалғанмын. Содан топ қасқырдың ізіне түстік. Бір сексеуілдің түбіне тірелген сәтінде, намысқа тырысып, жыртқышқа қарсы ұмтылып, біреуіне жармастым. Жастық кездің буы болар, бойымда «қасқыр тістейді» деген титтей де қорқыныш болған жоқ. Әп-сәтте азулы аңды жалаң қолмен тырп еткізбей ұстадым. Бұған жанымдағылар таң-тамаша күйде болды. Осыдан кейін бойымда ерекше алып күштің тулап жатқанын байқадым», – дейді өткен күндерін еске алған қария.Жігіт болған кезінде қырда қой бағып, сайын салада еркін көсілген Қалдан ақсақалдың әкесі өз заманында балуан кісі болған екен. Әкесінің көзін көрмесе де, бала кезінен ел аузынан естіген есті әңгімелеріне қанық болды. Бойында бұлқынған бұла күш сол әкесінен қанмен дарыған қасиет екенін айтады.
«1976 жылдар шамасында К-700 тракторын жүргіздім. Сол кездері ауыл арасынан жабайы қабанмен ұшырасып қалдым. Әлгі қабан кері шегінбейді, тек адамға қарсы шабады. Содан аттан түсіп, қабанның екі көзінің ортасынан ұрып, құлаттым. Кейіннен жанымдағы жігіттер мұны ерекше ірі қабан тұқымы екенін айтты. Осындай жағдайлардан кейін бойымдағы ерекше күшті аңғара бастадым. Ешқандай спорт түріне қатысып, шыныққаным жоқ. Ат үстінде, жылқы соңында ғана жүрдім. Алып денелі де емеспін. Ал бойымдағы алып күш ата-бабамнан қонған қасиет деп білемін, – дейді қария.Қарт көкпаршы кемпірімен он бала тәрбиелеп өсірген. Үш баласы тағдырдың жазуымен бақилық болады. Бүгінде жеті баласы бір-бір шаңырақ иесі атанып, ел қатарлы тұрмыс кешуде. Қалдан ақсақалдың дала жұмыстарына деген құмарлығы әлі де басылған емес. Денсаулығы тың, жүрісі ширақ қария дария бойын жағалап, балық аулауды сүйікті ісіне айналдырған. Ауыл ішінде палуандармен қол күрестіріп, белдесіп, алдына жан салмай, көпті таңғалдырумен келеді. Талай додада оза шапқан алып күшке ие қарияның мақтау қағаздары мен марапаттары да жетіп артылады. Сексеннің үстіне шықса да, әлі күнге аттан түспеген Қалдан ақсақал ауылда той-томалақта жас шабандоздарды көкпардың қыр-сырына баулып жүр. Бұған қоса, үйінің ауласын гүлзарға айналдырып, бау-бақшасын жайқалтып отыр.
Қызылорда облысы