Қауіпті вирус әлем байларының қалтасын қаға бастады. Апта басында әлемнің ең бай деген 500 адамы қаржы нарығының нашарлауынан жиынтығы 139 млрд АҚШ доллардан айырылды. Bloomberg агенттігі жазғандай, S&P 500 мен Dow Jones-тің акция портфельдерінің индексі тәулігіне 3 пайыздан төмендеген, бұл соңғы екі жылдағы құлдыраудың ең жоғары көрсеткіші ретінде тіркеліп отыр. Миллиардтарынан айырылғандар тізімін сәнді заттар өндірумен аты шыққан LVMH компаниясының басқарма төрағасы Бернар Арно мен Amazon.com Inc негізін қалаушы Джефф Безос бастап тұр. Әрқайсысы бір күнде 4,8 млрд доллардан айырылған. Одан кейінгі орында 4 млрд долларын жоғалтқан Zara компаниясының бас атқарушы директоры Амансио Ортега тұр. Әлем байларының алғашқы ондығынан орын алғандар кем дегенде 2,3 млрд доллардан айырылды. Коронавирус шыққан Қытай әлемдегі сәнді заттар нарығының 40 пайызын тұтынады. Соны пайдаланған париждік LVMH компаниясы былтыр ғана Азиядағы (Жапонияны қоспағанда) үлесін 30 пайызға ұлғайтқан еді. Ал қазіргі күні Қытайдың сәнқұмар халқының эксклюзив заттарды ойлауға мұршасы келер емес.
Бұл індет Қытайдың өз экономикасына да соққы болып тие бастады. Оның алғышарттары біліне бастады да. Мысалы, Хайнань провинциясының билігі қарызға батып қалған конгломерат компания – HNA Group-ты тығырықтан шығарудың амалын іздестіруге кірісті. Себебі Қытайдағы бірнеше авиакомпанияның қожайыны саналатын HNA коронавирустың салдарынан әуе тасымалын қамтамасыз ете алмай отыр, егер бұл жағдай жалғаса берсе, компания қаржылық міндетін орындай алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан компанияны шұғыл құтқару жоспары жасалды, соған сәйкес HNA-ның әуе тасымалы саласындағы активтерінің негізгі бөлігі Қытайдың ірі әуекомпаниялары – Air China Ltd., China Southern Airlines Co және China Eastern Airlines Corp-қа сатылмақ.Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) коронавирус биыл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жолаушылардың әуе қатынасына деген сұранысын 13 пайызға төмендетуі мүмкін екенін есептеп шығыпты. Осыдан бірер ай бұрын әуе көлігімен жолаушы тасымалдау көрсеткіші 4,8 пайызға өсетінін болжаған халықаралық қауымдастық енді басқаша болжам жасап отыр. Өйткені қауіпті вирус барлық болжам мен жоспарға өзгеріс енгізе бастады. Мәселен, сарапшылар биыл аймақтағы жолаушылар тасымалы 2019 жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға төмендейді дейді. Бұл Азия-Тынық мұхиты авиакомпаниялары 27,8 миллиард доллар жоғалтады дегенді білдіреді, ал оның негізгі бөлігі Қытай тасымалдаушыларына тиесілі (12,8 миллиард доллар) болмақ. IATA басқа аймақтардағы авиакомпаниялар індет салдарынан 1,5 миллиард доллар кірістен айырылатынын да болжап үлгеріпті. Егер IATA-ның әлемдегі 290 авиакомпанияның басын қосқан ірі ұйым екенін, оның үлесінде бүкіләлемдік әуе сапарларының 82 пайызы барын ескерсек, бірнеше елдің әуе тасымалдаушылары биыл қомақты табыстан қағылатынын болжауға болады.
Халықаралық ұйымдар Қытай мен әлем экономикасына жасаған бүгінге дейінгі болжамдарына түзету енгізіп жатыр. Мысалы, Халықаралық валюта қоры Қытайдың жалпы ішкі өнімі биыл 6 пайызға өседі деп болжаған-ды. Ал күні кеше бұл болжамын 0,4 пайызға төмендетуге мәжбүр болды. ХВҚ коронавирус эпидемиясы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсуін 0,1 пайызға дейін төмендетеді деп санайды. Қордың басқарушы директоры Кристалина Георгиева мұны Эр-Риядта өткен үлкен жиырмалықтың қаржы министрлері мен орталық банктер басшыларының жиынында айтты. «Коронавирус жаһандық төтенше оқиғаға айналды, Қытай экономикасына соққы болып тиді. Қытай билігі дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, эпидемияның экономикаға теріс әсерін азайту үшін жұмыс істеп жатыр», – деді.Оның пікірінше, қауіпті вирустың қашан аяқ тартары белгісіз, дәл осы белгісіздік нақты болжам жасауға кедергі келтіріп отыр. «Вирустың қаншалықты тез таралатыны және Қытай мен әлем экономикасына әсер етуші өзге елдердің қалыпты жағдайға оралуына байланысты көптеген сценарий орындалуы мүмкін», – деді ол. ХВҚ-ның бастапқы сценарийі бойынша жылдың екінші тоқсанында Қытай экономикасы қалпына келеді. «Осы сценарий бойынша Қытайдың ЖІӨ өсімі 2020 жылы 5,6%-ды құрайды. Бұл қаңтардағы болжамнан 0,4 пайызға төмен. Бірақ біз, сонымен қатар вирустың таралуы ұзақ және әлемдік ауқымда жалғасатын ауыр сценарийді де қарастырып жатырмыз, ал мұндай жағдайда экономикалық өсу ұзаққа созылады», – дейді ол. Мұндай ауыр сценарийдің салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Еурокомиссия COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын баяулату мақсатында 232 млн еуро көлемінде қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Еуроодақ қаржының бір бөлігін жақын арада, қалғанын алдағы айларда бөлмек. Дағдарысқа қарсы басқарушы еурокомиссар Янев Ленарчич бұл қаржының бір бөлігі – 114 млн еуро Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бюджетіне бағытталатынын жеткізді. Сонымен бірге бұл қаржыдан денсаулық сақтау жүйесі өте әлсіз елдерге де көмек ақша аударылады. Ал 100 млн еуро инфекция таралуының алдын алу және қарсы іс-қимыл шараларын зерттеуге жұмсалмақ. Еурокомиссар коронавирустың таралуы Еуроодақ елдерінің экономикасына кері әсер ететінін мойындап отыр. Сондықтан дағдарысқа қарсы іс-шаралар дәлелденген ғылыми мәліметтер мен аурудың таралуына қатысты тәуекелдерді бағалауға негізделіп қабылдануы керек дейді. Айдана БЕГІМ